Абай салған ізбенен…

Абай салған ізбенен…

Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» деп Абайдың шығармалары ой өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамыта түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз. Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – деген болатын.

Қазіргі таңда балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылар, студенттер Абайды сүйіп оқиды. Жыл сайын өтетін «Абай оқулары» байқауына үздіктер іріктеліп, облыстық, республикалық додаларға жіберіледі. Жас ұрпақтың Абай өлеңдерін жатқа, нақышына келтіріп оқулары қуантады.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ барды ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», – деп ұлы Абайдың өзі өлеңдерінің мәні мен мақсатының тереңде екенін жазып кеткен болатын. Ол – халықтың сыншысы. Ақын кемшіліктерді әшкере етіп, елінің озық ойлы болғанын қалады. Шығармалары арқылы қазақ халқын жат қылықтан арылтпақшы болды. Кісі ақысын жеп, қыз баланы қалыңға сатқан әділетсіздікті көргісі келмей, «екі ұртының бірі қан, бірі май» болып, күштілердің әлсізге жасаған қиянатын, яғни, әлеуметтік теңсіздікті алға тартады. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл, не жазып кетсем жөнім сол, жек көрсеңдер өзің біл», – деп тыңдаушыға ашығын айтады.
Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Абайды көп оқуға ұстаздарымыз кеңес беретін. Тіпті, бір өлеңін бір емес, бірнеше қайталап оқуды талап ететін. Қазіргі таңда Абай шығармаларын қайта оқығанда оның айтпақ ойының мүлде басқа екенін түсінесің. Өзім жиі қайталап оқитын мына жолдарды жазып кетуді жөн көрдім.
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?
Тек қайратпен, ақылмен адам баласы дұрыс жол таба алмайды, жүрегіне әділет пен шапағат орнаған адам ғана саналы ғұмыр кешпек. Қазіргі таңда жастардың қатігез болмай, иманды болып өсулеріне Абайдың өлеңдерінің маңызы зор. Ақынның өлеңдерін оқыта отырып, ұрпақтардың бойына ұлттық сана, ұлттық рух дарытамыз.
«Адамзат бүгін адам,ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!» – деп осы қысқа ғұмырда адам өмірін мағыналы, саналы өткізу керектігін айтады. Осы алдамшы өмірде адам баласы өзінің не үшін өмірге келгенін ұмытып, дүниенің қызығына алданып күнәға батып жатады. Берген жанын Жаратушыға таза қалпында табыстау – басты парыз. Дана Абайдың да айтпақ ойы осы болмақ.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген данышпан сөздері келер ұрпақтың санасына сіңіп өссе, нұр үстіне нұр болғаны.
Абайдың табиғатқа арнап жазған шығармаларының бірі – «Қансонарда бүркітші шығады аңға».
«Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға», – деп қызыл түлкі мен қара бүркіттің адам үшін қызыл қанға батып жатқанын қас сұлудың шомылғанына ұқсатуы Абайдың шебер ақын, суретші екенін көрсетеді. Суретші қылқаламмен табиғатты суреттесе, ақын Абай тілмен бейнелеп, адамды тамсандырады.
Оның өлеңдері мен қара сөздері тақырыптас болып келеді. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «адам болам десеңіз» деп, адам болу тезисін ұсынады. Осы ойды ақын он тоғызыншы қара сөзінде айтады. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады… Сол естілерден есітіп-білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда адам десе болады», – деп өлең үзіндісіндегі ойын одан әрі кеңейте жазады.
Қазіргі таңда дін атын жамылған жат ағымдар толып кетті. Жас адамның дұрыс-бұрысын ажырата алмай қалатыны шындық. Сонда ақылды Абайдан іздесе болады.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп адамгершілікке, имандылыққа шақырып, бір жаратқан Алланы ұлықтау жөн екенін жазады. Ақын махаббат, ғылым, әділетті дін мен иманның шын негіздері деп атайды. Осы үштікті қатар ұстаған қоғам дамиды, адамзат алға басады. Адам баласын сүйген адам ешқашан қоғамға зияны тимейді, жетімді жылатпайды, елге ойран салмайды.
«Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым», – деп қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов айтқан екен. «Абай жолы» романын жазған ұлы жазушының осы бір пікірінен Абай әлемі – жұмбақ, зерттелмеген ғаламшар екеніне көзің жетеді. Қасиетті ұлы даланың кемеңгер ұлы ақыны, мыңмен жалғыз алысқан ойшыл, аудармашы, халық жанашыры Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік көлемде және халықаралық деңгейде аталып өтпек. Адамзаттың Абайы атанған дана да, дара тұлғаның әлем әдебиетіне жасаған сыйы ерекше. Сол ғажайып сыйдан құр қалмай, көңілге тоқып, бекіту парыз.
Әлия АЙСАҒАЛИЕВА,
Қостанай аудандық
тілдерді оқыту орталығының әдіскері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!