Ақтық сын алдындағы аламан
Тобыл жағасында өткен дүбірлі дода Қостанай жұртына ерекше әсер сыйлады. Қазақстан чемпионатының жетінші кезеңінде жүйріктер ұзақ қашықтықта сынға түсіп, шабандоздар шеберлігін таразыға салды. Көмбеге ұмтылған тұлпарлардың екпінді шабысы жарыс алаңындағы тартысты одан әрі қыздыра түсті. Дода барысында жергілікті атбегілердің де еңбегі ақталды. Қостанайдың төрт жүйрігі мәреге алғашқы бестіктің қатарында жетіп, өңірдің ат спортына деген дәстүрлі даңқын тағы бір мәрте танытты.
Қостанай облысы үшін бұл жарыстың жөні де, мәні де бөлек. Өйткені бұл өлке – қазақы жылқы шаруашылығы мен ат спортының тамыры тереңге тартқан қарашаңырағы. Қостанай жылқы тұқымының қалыптасу тарихы да осы өңірмен біте қайнасып жатыр. Бүгінде облыста шамамен 191,7 мың жылқының болуы – төрт түліктің бір түрінің сандық көрсеткіші ғана емес, қостанайлықтардың жылқыға деген ықыласы мен жылқы шаруашылығының өңір өміріндегі салмағын аңғартатын айқын дерек.
Жетінші кезеңнің салмағын арттырған тағы бір жайт бар. Бұл – чемпионаттың маусымдық финалы алдындағы соңғы іріктеу кезеңі. Сондықтан Қостанайдағы әр шабыс – жай ғана жарыс емес, әрбір секунд – маусым тағдырын таразылайтын сәт. Шабандоздың әр қимылы, атбегінің әр есебі, жүйріктің әрбір басқан тұяғы ақтық додаға апарар жолдағы маңызды қадамға айналды.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаевтың айтуынша, жетінші кезеңнің Қостанайда өтуі – заңды құбылыс.
– Жетінші кезеңнің Қостанайда өтуі – мәні бөлек оқиға. Маусым бойы нәтиже үшін күрескен шабандоздар мен жүйріктер осы кезеңде тағы бір мәрте бақ сынайды. Ал келесі жарыс – финал. Демек, чемпионаттың қорытынды нәтижесіне әсер ететін соңғы мүмкіндік дәл осы кезеңде беріледі, – дейді ол.
Басқарма басшысы атап өткендей, аламанның мұраты – ұзақ қашықтықты бағындырумен ғана шектелмейді. Бұл – ат пен шабандоздың бір-бірін үнсіз түсініп, бір ырғақпен қимылдауын сынайтын үлкен мектеп. Дода үстінде жүйріктің жүйріктігімен қатар, шабандоздың сабыры мен есеп-қисабы да сыналады.
– Бәйгеде жеңіс тек жылдамдықпен анықталмайды. Ұзақ қашықтықта аттың дайындығы, шабандоздың жарыс қарқынын дұрыс сезінуі, күшті тиімді бөлуі және жарыс тактикасын сауатты таңдауы сыналады. Финал жақындаған сайын әрбір шешімнің маңызы арта түседі, – дейді Жәнібек Жұрқабаев.
Бұл сөзді Қостанай төріндегі аламанның өзі де айғақтады. 24 шақырымдық ұзақ бәйгеге жиырмаға жуық сәйгүлік қатысып, көмбеге қарай қанат қаққан жүйріктердің шын дайындығы таразыға түсті. Даланың төсін дүбірге бөлеген аламанда мәреге бірінші болып Алматы облысының намысын қорғаған Желқоңыр жетті. Тұлпарды тізгіндеген – Әмір Сералы. Ат иесі – Ерасыл Балтабек, бапкері – Мейрамбек Табылдиев.
Ал Желқоңырдан кейінгі көмбе жолын қостанайлық жүйріктер айшықтады. Екінші орынға Тахмина, үшінші орынға Зорсары, төртінші орынға Айторы, бесінші орынға Самғау жайғасты. Осылайша Қостанайдың төрт тұлпары алғашқы бестіктен табылды. Жергілікті атбегілер үшін бұл – жарыстың ең айтулы нәтижелерінің бірі. Туған жердің топырағында бапталған сәйгүліктердің көмбеге қатар жетуі – қостанайлық жылқы мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте көрсеткендей.
Осының алдындағы аламанда да Қостанайдың жүйріктері сынға түскен еді. Бұл жолы Нұрбол Әбдірахмановтың Бахрейні мәреге үшінші болып жетіп, жүлдеден көрінді. Жүйрікті жарысқа Ескендір Белдібаев баптаса, шабандозы – Бақдәулет Дүйсенбек. Ұзақ қашықтықта үшінші келудің өзі – ат пен атбегінің еңбегін танытатын нәтиже. Себебі аламанның әр айналымында жүйріктің тынысын, қарқынын, күшін қалт жібермей есептеу қажет. Бір айналымда орын ұтқан ат келесі кезеңде күшін дұрыс бөле алмаса, мәреге таяғанда басымдығынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан аламан нәтижесі тек тұлпардың шабысына ғана емес, атбегінің көреген есебі мен шабандоздың тактикалық шеберлігіне де тікелей байланысты.
Қостанайдағы бәйгеге ат қосқандардың қатарында бірнеше жылдан бері жылқы жаратып жүрген Думан Есімғали да бар. Оның айтуынша, сырт көзге аттың шабысы ғана көрінгенімен, сол бір дүбірлі сәттің ар жағында жылдарға созылатын тынымсыз еңбек жатыр. Әсіресе ұзақ қашықтыққа түсетін жүйріктің бабын келтіру – бір күннің немесе бір аптаның шаруасы емес. Алты айналымға созылған аламан аттың да, шабандоздың да дайындығын анық көрсетті.
– Ат жаратумен бірнеше жыл айналысып жүрмін. Аламанда алты айналым шабылды. Мұндай қашықтықта аттың дайындығы ғана емес, шабандоздың тактикасы да маңызды. Атты бірден қатты қумай, күшін дұрыс бөлу керек, – дейді атбегі.
Қостанайдағы жарыстың тағы бір ерекшелігі – қолтума және шетелдік аттардың бөлек сынға түсуі. Мұндай бәсекенің ат спорты үшін өзіндік орны бар. Өйткені отандық жылқының мүмкіндігін жеке таразылап, оның ұзақ қашықтықтағы әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Дала дүбірінде кімнің аты озғаны ғана емес, қай жылқының төзімі мен дайындығы мықты екені де айқындалады.
Дүбірлі доданың сәнін келтірген жарыстардың бірі – құнан бәйге. Қазақстанда туған құнандар арасындағы жарысқа 15 сәйгүлік қатысып, 11 шақырымдық қашықтықта Карамель жеңіске жетті. Екінші орын Байраққа бұйырса, үшінші болып Кербез келді. Ал шетелдік құнандар бәйгесінде Көбетай топ жарып, бірінші орынды иеленді. Оның шабандозы – Дамир Ілесбек, ат иесі әрі бапкері – Нұржігіт Табылдиев.
17 шақырымдық топ бәйгеде де тартыс тарқаған жоқ. Бұл додаға 30 тұлпар қатысып, жүйріктер көмбеге қарай жарыса шапты. Нәтижесінде Алматы облысының Желқанаты бірінші орынды иеленді. Екінші болып Қарлығаш торы келсе, Қарағанды облысының Қарабурасы үшінші орынды місе тұтты.
Қостанай кезеңінің жалпы жүлде қоры 34,9 миллион теңгені құрады. Бағдарлама бойынша бес жарыс ұйымдастырылып, ең ұзақ қашықтықтағы аламан 24 шақырымға белгіленді. Әр бәйге өз алдына бөлек тартыс болса, әр көмбе – маусымдық есептің бір тарауын түйіндегендей.
Енді барша назар – чемпионаттың ақтық додасында. Қостанай кезеңінде жүйріктер де, шабандоздар да маусымдағы соңғы мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тырысты. Бірі ұпай қорын толықтырды, бірі жүлде тұғырына көтерілді, енді бірі ақтық жарыс қарсаңындағы бабын бағамдады. Тобыл төріндегі дүбір басылғанымен, аламанның қызуы әлі тарқамақ емес.
Финалда бәрі қайта басталғандай болғанымен, Қостанайдағы нәтиже әр атбегі мен шабандоздың жадында қалары анық. Тұяқ дүбірі тынған, шаң басылған көмбе тыныштық құшағына енгенімен, маусымның ең басты сауалы әлі де жауапсыз тұр. Биылғы Қазақстан чемпионы кім болады? Бұл сауалдың жауабы енді ақтық додада анықталмақ. Ал оған дейін жүйріктердің бабын келтірген атбегілер мен тұлпар тізгіндеген шабандоздар үшін әр күн – жаңа дайындық, әр жаттығу – үлкен мақсатқа бастар қадам.
Сүлейман МҰРАТҰЛЫ,
суреттерді түсірген Максим ИВАНОВ




















Добавить комментарий