Айдар АЙТМҰХАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы: Тарихты білу – ұрпақ парызы

Айдар АЙТМҰХАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы: Тарихты білу – ұрпақ парызы

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы пайымдар мен нақты ұсыныстар тәуелсіз Қазақстан азаматтарын азат адамдар қауымдастығы дүниетанымымен қалыптастыру жолындағы ізденістерінің қисынды жалғасы болып табылады. Осы жолда тарихсыз қайдан шыққанымызды, қандай белестерден өткенімізді, тапқанымыз бен жоғалтқанымызды дұрыс ұғынудан қаламыз.

Білген жанға тарихтың тағылымы мен үйретері шексіз мол қазына. Солардың ішіндегі ең бағалысы – әркімнің және баршаның азаттығы мен еркіндігін қастерлеу. Тарихи ақиқат пен тарих ғылымдарының сөзі барынша сәйкес келуіне, арасынан қыл өтпейтін тұтастығына қол жеткенде рухани жаңғырудың тынысы ашылары сөзсіз. Сөз түзелмей оны тұтынушының санасы түзелмейді. Санасы түзелмеген жаннан саналы іс шықпайды.

Қазір көбісі өз тарихын біле бермейді ғой. Қазақстандықтар тарихты жақсы білу үшін көмектесер үлгі кеңестік киноиндустрия деп есептеймін. Ол кезде әр үлкен тарихи оқиғаға керемет кинолар түсірілетін. Иә, олар қарабайыр, дөрекілеу болатын. Бірақ, ең маңыздысы олар есте қалатындай еді. Киноиндустрияның техникалық мүмкіндігі кеңейген қазіргі заманда неге осы бір ескі әдісті пайдаланбасқа?! Қазақстан тарихында заманауи тілмен айтқанда айналдыратын бағалы сюжеттер көп. Бұл мәселеде көп нәрсе кино түсіретін мамандардың кәсіби шеберлігіне, мақсаттарына байланысты. Олардың бойында терең білім болуы қажет. Сондай-ақ, тарихшылар және мамандармен байланыс, өткен тарихымызға деген қызығушылықтары да керек. Иә, қазір Қазақ хандығы жайлы телесериал түсіріп жатыр. Алайда, шығарушыларға берілген уақытқа қарағанда, ғаламат үлкен нәрсенің шығуын әлі де күте тұруға тура келетін секілді.

Қысқасы, бұқаралық мәдениетті дамыту керек. Барлығының басы болатын нәрсе – кітап оқу. Біздің саламызда электронды кітаптар өте аз. Әйтеуір, өз басым еліміздің тарихы кең әрі түсінікті болып жазылған бірде-біреуін көрмедім. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы 2015 жылы «Жыл кітабы» болып танылғанын білемін. Содан соң, жұрт арасына кеңінен таралар деп ойлап едім. Бірақ, олай болмады. Бүгінде классикамен достасатындар аз. Бірақ, кітап оқу мәдениетін қайтару өте қиын нәрсе. Педагогтар мен ата-аналардың жоспарланған жұмысы қажет. Бала кітап оқып, интеллигент болуға өзі талпынуы керек.

Біздің еліміз соңғы жылдары өте жылдам дамуда. Бұл үрдіс бұрын Кеңес одағының құрамында болған барлық мемлекеттерге тән дер едім. Осылайша біз белгілі бір деңгейде өзімізге тән дәстүрімізден, мәдениетімізден алыстаудамыз. Көптеген жастар, орта буын өкілдері абыройлы білім алғанымен, зиялы адамға лайық рухани азыққа жұпыны. Ол азық отбасыда қалыптасады. Алайда қоғам толықтай нарықтық қатынасқа көшкендіктен, көптеген жанұяларда ұжымдық әрекетке қарағанда, жекеменшіктік психология белең алып барады. Рухани мұраның орнына нарықтық құндылықтар келуде. Бәрінен де маңыздысы мейірімділік, ар-ұяттылық, адамгершілік емес пе еді? ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының осылай аталу себебі, жақсы білім алғандарында ғана емес, қоршаған ортасын жақсарту үшін талпынғандықтан.

Рухани жаңғыру ұзақ уақытты талап етеді. Мемлекетті басқару формасын көп дегенде 2 айда түбегейлі өзгертуге болады. Төрт жыл оқыған бакалавр ағылшын тілін оңай меңгеріп шығады. Ал сананы жаңғырту жылдам біте салатын іс санатына жатпайды. Оған септесетін тарих ғылымы бір қадам болса да үдерістің алдында жүргені дұрыс. Тарихи сауаттылыққа қол жеткізу мен рухани жаңғыру – ажырамайтын байланыстағы құндылықтар.

Алмас БАЙДРАХМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!