Қазақстандық автоөнеркәсіптің жаңа деңгейге көтерілуі: Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы машина жасау кәсіпорындарында болды

Қазақстандық автоөнеркәсіптің жаңа деңгейге көтерілуі: Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы машина жасау кәсіпорындарында болды

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов машина жасау саласының бірқатар өндіріс орындарын аралады.

Үкімет басшысы жылына 70 мыңға дейін көлік шығаратын Kіа автомобиль зауытының құрылысымен танысты.

Кәсіпорынның бас директоры Ким Де Ки зауытта 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын атап өтті. Бастапқы кезеңде Sorento, Sportage және Cerato сияқты шағын торапты 3 модель өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Зауытты іске қосу 2025 жылға жоспарланған.

Әлихан Смайылов Үкіметтің экономиканы әртараптандыруға және өңдеу өнеркәсібінде локализациялауды тереңдетуге үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Біз кореялық әріптестерімізді және Қазақстанда осындай ірі инвестициялық жобаның іске асырылуын құптаймыз. Менің білуімше, бұл Еуразия құрлығындағы жалғыз зауыт. Біреуі АҚШ-та, екіншісі осында. Аталған зауыттың қуаттылығын ескерсек, бұл біздің республика үшін өте маңызды жоба», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінде отандық машина жасау саласы, оның ішінде автомобиль өнеркәсібі жақсы даму қарқынын көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес елімізде 148 мың автокөлік шығарылды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.

«Біз ішкі нарықты әртүрлі автокөлік түрлерімен толықтыру мақсатында ғана емес, сонымен қатар экспортқа шығару үшін де осы серпінді сақтауды жалғастыруымыз керек, бұл біздің одан әрі тұрақты дамуымыз тұрғысынан өте маңызды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-Министр жаңа Kіа зауытында шағын торапты құрастыру әдісімен 50 мыңға жуық автокөлік шығарылатынын айтты.

«Бұл отандық автомобиль өндірісін дамытудағы өте маңызды кезең. Біз бұл жобаның жедел жүзеге асуын толық қолдаймыз», — деді Үкімет басшысы.

Әрі қарай Премьер-Министр Allur зауытында Chevrolet Оnix автокөлігінің өндірістік жоспарымен танысты. Allur компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, зауыт толығымен ішкі нарыққа бағдарланған және қолжетімді бағамен автокөліктер шығаратын болады. Сериялық өндіріс көлемі 30 мың бірлік болғанда конвейер жылына 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі қазірдің өзінде өндіруші саламен теңесті. Сонымен бірге Үкімет қосылған құны жоғары салалардың пайдасына шикізаттан бас тартуды қамтамасыз ету үшін оның дамуы қарқынын жеделдету бойынша жұмысты жалғастырады.

«Жаңа өндіріс орындарын іске қосу автомобиль өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Ол қазірдің өзінде экономикамыздың стратегиялық маңызды саласына айналып отыр. Біз оның қарқынды дамуына және ел экономикасының орнықты болуына одан әрі ықпал ететін боламыз», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын, компоненттер мен қосалқы бөлшектер шығаратын «АгромашХолдинг KZ» локализация орталығында болды. Бүгінде кәсіпорын жылына 1 мың комбайн, 3 мың трактор, 300-ге жуық тұқым сепкіш және 200 жинаушы платформа шығара алады. Атап айтқанда, өткен жылы қазақстандық диқандардың егіс алқабына 1 200-ден астам трактор мен комбайн жеткізілді.

Әлихан Смайылов қазіргі таңда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы жоғары өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, өткен жыл қорытындысы бойынша 6,4 мың астық жинайтын комбайн мен трактор шығарылды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық.

«Біз осы қарқынды сақтап, өндірісті арттыруымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті қамтуды арттыру, жұмыс орындарын ашу және аймақтағы шағын және орта кәсіпорындарды жұмыспен қамту мақсатында мұндай локализациялау орталығы жұмысының маңызы зор. Біз әкімдікпен бірлесе отырып, мұндай кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», — деді Премьер-Министр.

Қостанай облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өсу қарқынын ескере отырып, ел аумағы бойынша жүк тасымалдарын ұлғайту қажеттілігі артып келеді. Әлихан Смайыловқа заманауи теміржол терминалын салу жобасы түрінде шешім ұсынылды. Құрғақ порт аймақ арқылы контейнерлік тасымалдау көлемін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!