Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға берілген нақты мүмкіндік

Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға берілген нақты мүмкіндік

Қостанай ауданында жаңа бизнес – жобаларды қолдау қарқыны артып келеді.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – халықтың экономикалық белсенділігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік гранттар азаматтарға өз ісін бастауға, жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыруға және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қостанай ауданында мемлекеттік грант бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылуда? Қандай жобалар қолдау тауып жатыр? Грант алуға кімдер үміткер бола алады және азаматтар нені ескеруі керек? Осы сауалдарға жауап алу үшін «Қостанай ауданы Мансап орталығы» филиалының маманы Таймасова Гүлжан Аймағанбетқызымен сұхбаттасқан едік.

– Алдымен өткен жылдың қорытындысына тоқталсақ. 2025 жылы Қостанай ауданында мемлекеттік грант бағдарламасы қалай жүзеге асырылды?

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай ауданында мемлекеттік грант алуға 34 өтінім қабылданды. Арнайы комиссияның шешімімен оның 19-ы мақұлданды.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыруына бағытталды. Қолдау алған жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, өндіріс және шағын кәсіпкерлік салаларын қамтыды. Өткен жылы берілген мемлекеттік гранттың көлемі 1 572 800 теңгені құрады. Осылайша, 19 жобаға бөлінген мемлекеттік гранттың жалпы сомасы 29 883 200 теңгені құрады.

– Биылғы жылы мемлекеттік грант бағдарламасына қызығушылық қандай деңгейде?

– 2026 жылғы 16 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік грант алуға 15 өтінім қабылданды. Комиссия шешімімен 11 жоба мақұлданды.
Бір мемлекеттік гранттың көлемі 1 730 мың теңгені құрайды. Осыған байланысты биыл мақұлданған 11 жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 19 млн теңгеден асады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік грантқа өтінім қабылдау жалғасуда. Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін азаматтар өздерінің бизнес-жобаларын ұсына алады. Жалпы мемлекеттік гранттарға бөлінген қаржы көлемі 48 440 мың теңге.

– Мемлекеттік гранттар көбінесе қандай бағыттағы жобаларға беріледі?

– Азаматтар тарапынан ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өндіріс, қызмет көрсету, қолөнер және отбасылық бизнес жобалары бар.
Сонымен қатар соңғы уақытта халыққа қажетті қызмет түрлерін ұсынатын шағын кәсіптерге, ауылдық жерлердегі сервистік қызметтерге және цифрлық бағыттағы жобаларға қызығушылық артып келеді.

– Қай ауылдық округ тұрғындары белсенділік танытып отыр?

– Мемлекеттік грант бағдарламасына ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары қатысуда. Қазіргі уақытта барлық ауылдық округтерден өтінімдер түсіп жатыр. Бұл тұрғындардың кәсіпкерлікке қызығушылығы артып келе жатқанын және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттың кеңінен таралғанын көрсетеді.

– Мемлекеттік грантқа кімдер үміткер бола алады?

– Мемлекеттік грант халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес грант алуға:
-мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
-көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
-асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар;
-қоныс аударушылар;
-қандастар;
-еңбек қызметіне медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар;
-мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар үміткер бола алады.

– Грант алу үшін қандай негізгі талаптарды орындау қажет?

– Мемлекеттік грантқа қатысу үшін азамат жұмыссыз ретінде тіркелуі және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтіп, сертификат алуы қажет.
Бұл талап болашақ кәсіпкерлердің бизнес жүргізу негіздерін меңгеруіне, жобасын дұрыс жоспарлауына және қаражатты тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашуға және қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға міндетті.

– Өтінім беру кезінде қандай құжаттар қажет?

– Өтінім беру үшін жеке куәлік, бизнес-жоспар және кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуды аяқтағаны туралы сертификат қажет.
Бизнес-жоспар жобаның маңызды бөлігі болып табылады. Онда кәсіптің бағыты, қажетті шығындар, жоспарланған нәтиже және жобаның тиімділігі көрсетіледі.

– Мемлекеттік грант дайын бизнесті дамытуға беріле ме, әлде жаңа кәсіп ашуға арналған ба?

– Мемлекеттік грант жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған. Яғни азаматтар жаңа кәсіп ашуға немесе жаңа бағыттағы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Грант қаражаты бизнес-жоспарда көрсетілген мақсаттарға сәйкес пайдаланылуы тиіс.

– Комиссия жобаларды бағалау кезінде қандай мәселелерге назар аударады?

– Арнайы комиссия ұсынылған жобаларды жан-жақты қарайды. Бағалау барысында бизнес-жоспардың сапасына, жобаның іске асырылу мүмкіндігіне, өзектілігіне және бағдарлама талаптарына сәйкестігіне назар аударылады.
Өтінімдерге бас тарту көбіне құжаттардың толық ұсынылмауы, бизнес-жоспардың жеткілікті деңгейде дайындалмауы немесе бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі себептерінен болуы мүмкін.

– Бұған дейін мемлекеттік грант алған азаматтардың арасында табысты жобалар бар ма?

– Иә, мемлекеттік қолдау алған азаматтардың арасында кәсібін сәтті дамытып отырғандар баршылық. Олардың қатарында отбасылық фермалар, жылыжайлар, наубайханалар, тігін цехтары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары және түрлі қызмет көрсету нысандары кездеседі.
Мұндай жобалар азаматтардың тұрақты табыс табуына ғана емес, ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етеді.

– Мемлекеттік грант қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізіле ме?

– Иә. Мемлекеттік грант қаражатының мақсатты пайдаланылуы тұрақты бақылауда болады.
Грант иегері бөлінген қаражатты тек бизнес-жоспарда көрсетілген мақсаттарға пайдалануға міндетті және олар уақытылы есеп беріп отырады. Егер заң бұзушылықтар анықталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

– Бұрын мемлекеттік грант алған кәсіпкерлер бағдарламаға қайта қатыса ала ма?

– Жоқ. Бұрын мемлекеттік грант алған азаматтар бұл бағдарламаға қайта қатыса алмайды.
Өтінімдерді қарау барысында ақпарат электрондық жүйелер арқылы тексеріледі. Бұл талап мемлекеттік қолдау мүмкіндігін жаңа үміткерлерге ұсынуға бағытталған.

– Кәсіп ашуды жоспарлап жүрген азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – бизнес-идеяны жан-жақты талдап, нақты жоспар құру қажет. Кәсіп бастау үшін тек қаржылық қолдау ғана емес, білім, ізденіс және жауапкершілік те маңызды.
Азаматтарға нарықты зерттеп, сапалы бизнес-жоспар дайындауға, кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтуге және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануға кеңес береміз.
Мемлекеттік грант – жай ғана қаржылай көмек емес. Бұл – азаматтың өз ісін бастауына, еңбек етуіне және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қолдау.

Кәсіпкерлікке жасалған әрбір қадам – экономиканың дамуына қосылған үлес. Ал жақсы идея мен нақты жоспар табысты істің бастауы бола алады.

-Сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сулейман МАҚСҰТОВ,
Фотосуреттер: сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
және Максим Золотухиннен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!