Халық назары Конституциялық комиссияда

Халық назары Конституциялық комиссияда

27 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Конституциялық комиссияның бұған дейін өткен отырыстарының нәтижесі туралы мәлімет берілді.

Эльвира Әзімова Комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы телеграмм арналары арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады. Конституциялық комиссия төрағасы жарты жыл бойы Конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау өткізілгенін айтты. Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен.

Осыған дейінгі отырыстарда Комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, бірқатар баптарды және бөлімдерді әзірлеп, қарастырды. Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Ал Комиссия жұмысы Конституциялық реформаларды іске асыруда өте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Конституциялық комиссияның бірінші отырысы: негізгі қорытындылар, ұсыныстар мен шешімдер
25 қаңтарда Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы Парламент депутаттарының, мәслихат төрағаларының, қоғам қайраткерлерінің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды адамдарының, БАҚ өкілдерінің, өңірлердің қоғамдық кеңестерінің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың қатысуымен өтті.

Алғашқы отырыстың ашылуында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға көшу ретінде қарастыру керек екенін атап өтті.

-Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды толыққанды айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету, – деп атап өтті Эльвира Азимова.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз сөзінде 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы айтқан конституциялық реформаның негізгі ережелеріне тоқталды.

-Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады, – деді Ерлан Қарин.

Ол сондай-ақ, негізгі рәсімдік шешімдер туралы хабарлады: Құрылтай депутаттарының саны 145-ті құрайды, кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады, толық пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

-Пропорционалды жүйе партиялардың кадр саясатын дамытуға ықпал етеді, олардың институционалдық рөлін арттырады және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтады, – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Сонымен қатар, ол конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынына ерекше назар аударды.

ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтқанын атап өтті.

-Президент бірқатар елдерде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді, – деді Ерлан Жиенбаев.

Сонымен қатар, реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.

Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады.

Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді, – деп атап өтті ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі.

Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен Президент тағайындайды деп күтілуде.
Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады.

Вице-Президенттің құзыретіне Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіру, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік ету берілетін болады.

-Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді, – деп атап өтті Ерлан Жиенбаев.

Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Атап айтқанда, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет екені айтылды.

Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту қажет. Сондай-ақ, Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу көзделеді.

-Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады,- деп түйіндеді Ержан Жиенбаев.

Отырыста өз ұсыныстарымен, пікірлерімен және ескертулерімен сөз сөйлегендер қатарында болғандар:

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ – ұлттық мемлекетті нығайту және республиканың идеологиялық бағытын айқындау үшін Конституцияның преамбуласын жаңартуды ұсынды;

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов – алдағы болатын қайта құрулардың саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті;

– Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай – Конституцияда дінді мемлекеттен бөлу туралы тікелей норманы бекітуді ұсынды;

– Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, ол соттың санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту қажеттігін атап өтті;

– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев – әмбебап және барлығына бірдей: қарттар мен сәбилерге, ерлер мен әйелдерге, дінге сенушілер мен атеистерге қолданылатын іргелі адам құқықтарын бекіту қажеттілігін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі бостандықтардың ішінде өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеу құқығын тікелей көрсету қажет;

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынды;

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов – Конституцияда зияткерлік меншік пен шығармашылық бостандықты қорғау туралы нормаларды бекітуді ұсынды;

– «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, белгілі журналист Дихан Қамзабекұлы – білім беру және тәрбие жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарын нығайту мәселесін көтерді;

– М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев – Конституциядағы терминологияның сәйкессіздігін жоюды ұсынды;

– ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов интернет-алаяқтыққа қарсы тұру үшін конституциялық негіздерді нығайтуды ұсынды;

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев – азаматтар мен бизнестің жеке меншігін конституциялық қорғауды күшейтуді ұсынды;

– Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев – жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді конституциялық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Конституциялық комиссияның екінші отырысында
Ата заңға енгізуге ұсынылған түзетулер жан-жақты қаралды

26 қаңтарда Конституциялық комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды.

Атап айтқанда, Әділет министрі түзетулерді Конституцияның Үкіметтің, Конституциялық Соттың, прокуратура органдары мен сот билігінің жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін реттейтін бөлімдері мен баптарына енгізу ұсынылып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, түзетулердің жекелеген блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау тәртібі, депутаттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі.

Үкіметтің функцияларын реттеу бөлігінде мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады.

Сонымен қатар, Конституцияда сот билігінің әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырылатыны тікелей көрсетілуі ұсынылады. Бұл құқық үстемдігі қағидатын нығайтуға және мемлекет пен азамат арасындағы нақты теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін кешенді түрде арттырады.

-Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан, дәйекті әрі құқықтық алаңда әрекет ететініне деген болжамдылық пен толық сенімді білдіреді. Әлеуметтік міндеттемелер орындалады, экономикалық үрдістер жалғасады, халықаралық міндеттемелер сақталады, – деді әділет министрі.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық комиссия мүшелеріне бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген түзетулердің салыстырмалы кестесін таныстырды.

Оның айтуынша, жинақталған ұсыныстар Қазақстанның конституциялық құрылысының негіздерін нақтылау мен нығайтуға, жекелеген нормалардың құқықтық айқындығын арттыруға және құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.

Ерекше назар Преамбуланы күшейтуге, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бостандық пен қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылды.

-Ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық нормалардың іс жүзінде қолданылуын күшейтуге және оларды түсіндіруде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған, – деп түйіндеді Снежанна Имашева.

Конституциялық комиссияның үшінші отырысы

26 қаңтарда Конституциялық комиссияның үшінші отырысында Парламенттік фракциялардың лидерлері бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдады. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу және саяси партиялардың рөлін күшейту конституциялық реформаның негізгі тетіктеріне айналады.

-Барлық заңдар бір Парламенттің шеңберінде үш оқылымнан өтеді: алғашқы екеуі ашық форматта, үшіншісі Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін тексеру үшін өткізіледі. Бұл мүдделік қолдау ықпалы мен жеке мүдделердің әсерін толықтай жоққа шығарады, – деді депутат.

Сондай-ақ ол пропорционалды сайлау жүйесі мен партияішілік праймериздердің маңыздылығына назар аударды. Аталған тетіктер сайлаушылар мен Парламенттің құрамы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.

-Партия әрбір дауыс үшін, оның ішінде тәуелсіз азаматтың дауысы үшін де күреседі, бұл қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырады, – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев конституциялық реформа аясында қабылданатын әрбір норма болашақ ұрпақтың өмір сүру жағдайына тікелей әсер ететінін атап өтті.

-Ең шалғай ауылдардың өзінде тұрғындар Парламент пен Үкіметтің жұмысына жіті назар аударып отыр. Конституциялық реформа бойынша түскен екі мыңнан астам ұсыныс жай ғана статистика емес. Бұл қоғамның жаңғыруға, демократиялық бастамаларды күшейтуге және әділеттілікке деген тікелей сұранысы, – деді ол.

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов конституциялық реформаның мақсаты мемлекеттік билікті неғұрлым ашық, қоғам алдында есеп беріп, оны азаматтарға жақындату екендігін атап өтті.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров жүргізіліп жатқан реформалар бағытын қолдады. Оның пікірінше, институттарды нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және нормативтік иерархияның айқындығы мемлекеттің орнықты дамуы мен биліктің заңдылығының негізгі шарттары болып табылады.

-Экономика институттар нығайған, құқық үстемдігі орныққан, нормативтік иерархия айқын әрі мемлекеттік басқару мәдениеті ережелер мен рәсімдерге негізделген жерде өседі, – деп атап өтті депутат.

Ол 2019 жылдан бері Қазақстанда институционалдық кемелденуге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып келе жатқанын еске салды: саяси жүйе жаңғыртылды, саяси қатысу тетіктері кеңейтілді, партиялар мен азаматтық қоғамның рөлі күшейтілді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов бір палаталы Парламентке көшу ұсынысын елді жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі деп атады.
Оның пікірінше, осындай модель партиялық-саяси дискуссияны жандандырып, саяси партиялардың мемлекеттік саясатқа әсерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев бүгінгі күнге дейін мемлекеттік билік жүйесінде бір палаталы Парламенттің өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленгенін атап өтті.

-Халық Кеңесі атты жоғарғы консультативтік органды құру бастамасы және оның мәртебесін Конституцияда бекіту билік жүйесіне әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуын 8 есе арттырады, өңірлер мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз етеді және азаматтық қоғам көшбасшыларын саяси жүйеге тартуды қамтамасыз етеді, – деді ол.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым атап өткендей, ең мазмұнды әрі концептуалды өзгерістер Конституцияның 53-бабында қарастырылған. Депутат атап өткендей, дәл осы бап мемлекеттік басқару архитектурасына және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мен тежемелік жүйесіне қатысты.

-Қолданыстағы Конституцияда 53-бап 13 тармақтан тұрады, ол Парламент палаталарының функцияларын нақты сипаттайтын. Салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда бұл бап 23 тармаққа дейін кеңейтілген, яғни функционал 1,5 есе артқан, – деді Айдос Сарым.

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өміралиев «Миранда ережесін» Конституцияда бекіту ұсынысын қолдады. Бұл ереже бойынша, адам ұсталған сәттен бастап құқық қорғау органдары оның құқықтарын түсіндіруі тиіс.

-Яғни, адам күдікті мәртебесін алған сәттен бастап оның білікті қорғалуы – адвокаттың болуы – құқығын қамтамасыз ету біздің басты талабымыз болып табылады, – деді Жандос Өміралиев.

Ол адамның тағдыры шешілетін жағдайларда әрбір азамат өз құқықтарын нақты және толық білуі тиіс екенін, ал мемлекет олардың қорғалуын сенімді кепіл ретінде қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

-Осыған байланысты, әлемдік тәжірибеде кең танылған Миранда принципін Конституцияда бекіту қажеттілігі туындады. Егер ұсталған тұлғаға айыптау негіздері мен құқықтары толық түсіндірілмесе, оған қатысты кез келген тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы тиіс. Бұл әділдік пен тергеудің ашықтығының негізгі кепілі болып табылады, – деп қосып өтті Жандос Өміралиев.

Астананың Халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили еліміздің кейбір өңірлері үшін арнайы құқықтық режимдерді Конституцияда бекіту бастамасын қолдады.

-Қазіргі заманғы мемлекеттерде дамудың сараланған модельдерін қолдану жиілеп келеді. Бұл инвестициялар, технологиялар және адам капиталы үшін бәсекеге объективті жауап болып табылады. Мұндай шешімдердің барлығы мемлекеттік құрылымның негізін қозғайды, сондықтан олар тікелей конституциялық негізде бекітілуі тиіс, – деді ол.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жеке деректерді қорғауға бағытталған ұсынылып отырған норманы қолдады.

-Адамның жеке өмірін оның өзіне жария еткісі келмейтін өмірлік аспектілер құрайды. Бұл жеке тұлғаның өзіндік егемендігі болып табылады және қоғам мен мемлекет тарапынан бақылауға жатпайды, – деп атап өтті депутат.

Оның сөзінше, бұл заңсыз жолмен жеке деректерді жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып өңделетін деректерден қорғау құқығы туралы болып отыр.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласында ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.

-Преамбула мәтінінде «мәдениет пен білімнің құндылықтарына, ғылым мен инновация жетістіктеріне сүйене отырып» формуласының көрсетілуі Конституцияның тек саяси-құқықтық құжат қана емес, бағдарламалық құжат екенін қосымша растайды. Осылайша, Ата заң тек құқықтық нормаларды реттеумен шектелмеуі тиіс, ол білім, ғылым, инновациялар, мәдениет және ұлттық рух саласында бағдар көрсетуді қамтамасыз етуі қажет, – деді ол.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге қатысты ұсыныстарын білдірді.

Ол адамның өмір сүруге абсолютті құқығын Конституцияда бекіту маңыздылығын атап өтті. Бұл қазіргі Қазақстан мемлекетіндегі басты құндылықтарды көрсететінін айтты.

-Біз мүмкіндігінше өмір сүруге құқығын абсолютті етуге шақырдық. Еш күмән жоқ, көптеген танымал сарапшылар, соның ішінде халықаралық сарапшылар бұған: «Браво!» дейді, – деді Артур Ластаев.

«Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Гүлзира Атабаева Конституцияға енгізілетін түзетулер білімнің зайырлы сипатын бекіту, дінді мемлекеттен бөліп көрсету және зияткерлік меншікті қорғауды күшейту, Қазақстанның жасанды интеллект дәуірінде дамуына үлес қосатынын атап өтті.

Оның сөзінше, білімнің зайырлы сипатын нақты бекітуге арналған ұсыныстың нақты және өз уақытында орын алуының мәні бар.

-Жастар үшін бұл мәселе абстрактілі емес, практикалық маңызы бар. Мектеп – тең мүмкіндіктер мен дәстүрлерге құрмет көрсетілетін кеңістік. Конституциядағы тікелей норма тәрбиелеу және білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады, – деді Гүлзира Атабаева.

Сонымен қатар, оның пікірінше, дінді мемлекеттен бөлу принципін нақты бекіту ұсынысы да маңызды болып табылады.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Конституцияның 18 және 32-баптарына редакциялық түзеу сипаттағы өзгерістер енгізілетінін, бірақ сөз еркіндігі мен бейбіт жиналысқа қатысты кепілдіктерге әсер етпейтінін атап өтті. Бұл құқықтар бұрынғы көлемінде сақталады.

-Тек Конституцияда бұрыннан болжанған шектер нақтылауда. Яғни, біз қазір қоғам үшін өте маңызды осы формалды түрде нормаларды нақтылаймыз. Жаңа тыйымдар туралы сөз жоқ, мақсат –қоғамда екіұдай түсіндірме мен қажетсіз алаңдаушылық туындамас үшін қолданыстағы тепе-теңдікті дәлірек сипаттау, – деді депутат.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстан Конституциясына табиғатты қорғау бойынша азаматтық жауапкершілікті бекітуді қолдады. Ол президенттік «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологияны қорғаудың әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін іс жүзінде көрсетті деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, депутат сөз еркіндігі, цензураға тыйым салу және ақпаратты еркін алу мен тарату құқығы туралы Конституциядағы баптың маңыздылығына тоқталды.

-Біз өз үлгімізбен, атап айтқанда, Комиссия жұмысының тікелей эфирдегі көрсетілімі арқылы ашықтықты көрсетеміз. Конституциялық өзгерістер табиғаты бойынша мемлекеттің және қоғамдық келісімнің негіздеріне қатысты, сондықтан олар жабық тәртіпте талқылана алмайды. Тікелей эфирлер – жай ғана техникалық формат емес. Бұл қоғамға сенім және биліктің шынайы диалог жүргізуге дайын екендігінің көрсеткіші, – деді депутат.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараев Конституцияда адвокатура статусын жеке институт ретінде бекіту ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл адам құқықтарын қорғау саласында тың серпіліс болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов «Жалпы ережелер» бөлімін «Конституциялық құрылыс негіздері» деп қайта атауды, еңбек құқығы тұжырымдасын нақтылауды, сондай-ақ некеге қатысты норманы Конституцияда бекітуді қолдайтынын білдірді.

-Неке – мемлекет тарапынан заңға сәйкес тіркелетін ер мен әйелдің арасындағы ерікті және тең құқылы одақ. Мұндай тәсіл зайырлы мемлекет саясатына, теңдік пен кемсітпеушілік принциптеріне сәйкес келеді, сондай-ақ халқымыздың рухани-моральдық кодын айқындайды, – деп атап өтті Еркін Дүйсенов.

Отырысты қорытындылай келе, Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Азимова Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер бойынша елеулі ілгерілеу жасалғанын атап өтті.

-Біз жинақталған кесте бойынша нәтижелі жұмыс жүргіздік. Пікірлер мен ұсыныстар алмасып, идеяларды талқыладық. Жұмыс топтарындағы талқылаулар нәтижесінде қосымша ұсыныстар түсті, олар біріктірілген кестеге енгізіледі, – деді ол.

Жұмагүл ИРГАСЫМОВА,
https://t.me/consot_kz негізінде

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!