2026 жыл: Қостанай ауданында ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асады

2026 жыл: Қостанай ауданында ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асады

Қостанай аудандық мәслихатының кезекті отырысында 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет жобасы қабылданды. Аталған құжат мемлекеттің функцияларын орындауға, әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Аудандық бюджет 2026-2028 жылдарға арналған «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес жоспарланған. Атап айтқанда, 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленсе, айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгені, күнкөріс минимумы 50 851 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды есептеу кезінде ескерілді.

«Республикалық бюджет туралы» заңға байланысты аудан бюджетінен 5,5 млрд теңгеден астам қаражат облыстық бюджетке алынады. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 4-деңгейдегі бюджеттерге, яғни ауылдық округтерге 327 млн теңге субвенциялар қарастырылған.

2026 жылға арналған аудан бюджетінің кірістер болжамы 10,4 млрд теңгеден асады. Оның негізгі бөлігін салықтық түсімдер құрайды.

Бюджет шығыстары салалық және функционалдық бағыттар бойынша қалыптастырылған. Әлеуметтік салаға басымдық беріліп отыр. Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 736 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл қаражат мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегіне, мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды қолдауға, сондай-ақ үйде әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталады.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік саласына 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің, кітапханалардың жұмысын қамтамасыз етуге, жастар саясатын жүзеге асыруға, бұқаралық спортты дамытуға және ақпараттық саясатты жүргізуге жұмсалады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында абаттандыру, көгалдандыру, коммуналдық тұрғын үйлерді күтіп ұстау және санитарлық талаптарды сақтау шаралары қаржыландырылады. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға және жолаушылар тасымалын субсидиялауға қаражат бөлінеді. Заречное – Тобыл – Мичурино бағыты бойынша, №1 қалалық және қала маңындағы маршрутты қамтамасыз етуге 110 млн теңге субсидии бөлініп отыр

Бюджетте ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, қоршаған ортаны қорғау, қаңғыбас жануарларды аулау, вакцинациялау және стерилизациялау шаралары да қамтылған. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары жалғасады.

Сондай-ақ, бұрын алынған бюджеттік кредиттерді өтеу үшін қаражат қарастырылған. Оның ішінде «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарында салынған тұрғын үйлерге байланысты қарыздар бар. Алдағы кезеңде пайдалануға берілген пәтерлерді сату арқылы түскен қаражат облыстық бюджетке қайтарылатын болады.
2026 жылы Қостанай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 9 млрд 867 млн 415 мың теңге көлемінде нысаналы трансферттер бөлінді. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі құрылыс, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік қорғау саласына, сондай-ақ мал қорымын салуға бағытталмақ.

Облыстық трансферттердің ең қомақты үлесі құрылыс саласына тиесілі. Аталған бағытқа 9,6 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде «Астана» және «Байтерек» шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер салу мен жобалау жұмыстарына 9 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 639 млн 981 мың теңге бағытталмақ. Аталған қаржыға кәріз және жауын-шашын суын ағызу жүйесін салу, «Астана» және «Байтерек» шағын аудандарына кірме жолдар жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйлер аумағын абаттандыру жұмыстары атқарылады.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылы әлеуметтік бағыттағы облыстық трансферттер көлемі 38 млн теңгені құрайды. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық, сурдо- және тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етуге 35 млн 9 мың теңге, ал мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия қызметін көрсетуге 3 млн 282 мың теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 171 млн 500 мың теңге көлемінде мал қорымдарын салуға қаражат қарастырылған.

Аудан аумағында тұрғын үй құрылысы мен ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған қаржылық қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Осы мақсатта ауданға 20 млрд теңгеден астам кредиттік қаражат бөлінді. Аталған қаржы «Астана» және «Байтерек» шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер салуға жұмсалады. Алдағы жылдары бұл үйлердегі пәтерлер сатылғаннан кейін, қаражат облыстық бюджетке қайтарылатын болады.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен ауылдық елді мекендерді әлеуметтік салалар бойынша мамандармен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үймен қамтуға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 112 млн теңгеден астам бюджеттік кредит бөлінді. Бұл қолдау ауылға келген жас мамандардың тұрақтап, еңбек етуіне мүмкіндік беріп, ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыруға септігін тигізбек.

Ауылдар мен Тобыл қаласына бөлінетін қаражат

Аудандық бюджет құрамында жергілікті өзін-өзі басқарудың 4-деңгейі – Тобыл қаласы мен ауылдық округтердің бюджеттері ерекше орын алады. 2026–2028 жылдарға арналған Тобыл қаласы мен ауылдық округтердің бюджетінің жалпы көлемі 1 млрд 489 млн 564 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 1, 2, 3-санаттағы кірістер – 1 млрд 162 млн 353 мың теңге, аудандық бюджеттен берілетін субвенция – 327 млн 211 мың теңге.

2027–2028 жылдары да ауылдық округтерді қолдауға бағытталған субвенциялар көлемі сақталады.

Ауылдық округтер мен Тобыл қаласының шығыстары негізінен тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бағыттарға бөлінген. Атап айтқанда:

– аппараттардың жұмысын қамтуға – 755 млн теңгеден астам;
– көшелерді жарықтандыруға – 231 млн теңгеден аса;
– санитарлық тазалыққа – 34,7 млн теңге;
– абаттандыру және көгалдандыруға – 206 млн теңгеден астам;
– жолдарды күтіп ұстауға – 261 млн теңгеден аса қаражат қарастырылған.

Бұл қаражат елді мекендерде қысқы және жазғы жол күтімі, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, көше жарығының үздіксіз жұмыс істеуі, саябақтар мен балалар алаңдарын күтіп ұстау, гүл отырғызу және шөп шабу сияқты жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді.

Әр ауылдың ерекшелігі ескерілген

Бюджет жобасында әр ауылдық округтің экономикалық мүмкіндігі мен қажеттілігі ескерілген. Кейбір ауылдар мен Тобыл қаласы өзіндік кірістер есебінен қаржыландырылса, бірқатар ауылдық округтерге аудандық бюджеттен субвенциялар қарастырылған. Бұл ауылдар арасындағы теңгерімді дамуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәселен, Заречный, Мичурин, Октябрь ауылдық округтері мен Тобыл қаласының бюджеттері негізінен өз кірістері есебінен қалыптасса, Айсары, Александров, Белозер, Владимиров, Жамбыл және басқа да бірқатар ауылдық округтерге субвенциялық қолдау көрсетіледі.

Ортақ мақсат – өмір сапасын арттыру

Жалпы алғанда, 2026 жылға ұсынылып отырған аудандық бюджет жобасының кірістері 20 млрд 486 млн 715 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 1, 2, 3 санаттағы кірістер 10 млрд 464 млн 836 мың теңге немесе жалпы кірістің 51,1 пайызы, ал ресми трансферттер 10 млрд 21 млн 879 мың теңге (48,9 пайыз).

Ал бюджеттің шығыстар көлемі 39 млрд 819 млн 102 мың теңге болып белгіленді. Оның ішінде жоғары тұрған бюджетке 5 млрд 565 млн 730 мың теңге аударылмақ, бұл жиналған салықтардың 53,1 пайызына тең. Негізгі қарызды өтеуді ескере отырып, 2026 жылға бекітуге ұсынылған аудан бюджетінің жалпы көлемі 40 млрд 939 млн 815 мың теңгені құрайды.

Аталған бюджет жобасы алдағы үш жылда аудан мен ауылдардың орнықты дамуына қаржылық негіз болмақ.

Жұмагүл МАРАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!