Патронаттық тәрбие беру – сауапты іс

Патронаттық тәрбие беру – сауапты іс

Қазақ халқында «Жетім көрсең, жебей жүр» деген жақсы сөз бар. Қазіргі таңда мемлекетіміздің әр аймағында жетімдерді жебеп, жанына жылу сыйлап, қамқорлық көрсетіп жатқан бірнеше балалар үйі бар…

Қазақ халқы тегінде ең үлкен сауапты істің бастамасын жасап, күш-қайраты жеткенінше жесірі мен жетімін өзгеге телміртпеген. Дәл осы қайырымды істің жалғасы бүгінге дейін тәуелсіз еліміздің тұрақты да салиқалы саясатына айналып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Патронаттық тәрбие беру туралы ережесінде» патронат тәрбиешінің негізгі функцияларының ішінде баланы тәрбиелеу мен күтіп-бағу үшін оңтайлы жағдай жасау жайы анықтап көрсетілген. Мемлекет өз қамқорлығындағы балалардың асты-үстіне түсіп, киер киімін, ішер тағамын тауып беріп отырса да олардың кеуделеріндегі жұдырықтай жүректері әр кезде отбасының жылуын, ата-ананың аялы алақанын аңсайтыны түсінікті. Отбасының жылуын аңсаған балалардың рухани қажеттілігін қанағаттандыруға, оларға қамқорлық жасауға асығу – адами қасиетіміздің айнасы. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз», – деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсеткен. Бұл істің абзал, әрі Алланың қош көрген адал ісі екенін аңғартады. Дүниеде қаланатын кірпіштің барлығы бүтін күйінде болмайды. Алайда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазығы қорғансыз қалғандығы ма? Сондықтан, біз өмір сүріп отырған қоғамда «жетім» деген ұғымды жоюға тырыссақ жөн болар еді. Бұл бір жағынан олардың жоғын жоқтап, мұң-мұқтажын өтеу арқылы рухани кемелдігіміздің белгісін
көрсетеді.
Баланы патронаттық тәрбиеге алып, оған отбасының шуағы мен мейірімді алақанның жылуын сезіндіруге талпынуды алдыңғы орындағы мақсатымыз деп санағанымыз абзал. Патронаттық тәрбиеге алушы үміткерлер үшін «Қонақжай отбасы» жобасы жұмыс істейді. Аталған жоба аясында патронаттық тәрбиеге алынатын бала аптаның белгілі бір күнінде үміткердің үйіне барып тұрады. Сонымен қатар, патронаттық тәрбиеге байланысты ата-аналарға кеңестер жүргізіліп, арнайы сертификаттар табыс етіледі. Себебі, ата-ана жетімдер үйінде өскен баланың психологиясын жете түсініп, өзара қатынасты орнатуы үшін міндетті түрде арнайы мамандардан кеңес алуы қажет. Жетімдерге көмек көрсеткен кісі Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісімен тең. Дәл осындай сауапты іске мойын бұрып, балаларға аналық жылуын сыйлап отырған отбасылар біздің Тобыл қаласының Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясында да аз емес. Өзге ұлттың өкілдерін бауырына басқан мұғалімдеріміз, бала тәрбиесіне оң көзбен қарайтындықтарын тағы да дәлелдегендей! Ізгілікті іс жасап отырған аналардың бірі былай дейді: «Баланы патронаттық тәрбиеге алуды қазір көпшілігі қиынсынады. Бірақ, оларға қуаныш, мейірім сыйлаған кезде өмірде алдыңнан адал жол ашылатының сезесің. Жаратқан иеміз одан сайын отбасының ырзық, несібесін арттыра түседі».
Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп, сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Қайырымдылық қанат жайып, сүйіспеншілік салтанат құрған елдің ғана болашағы баянды болатынын жадымыздан шығармағанымыз жөн.
Назгүл АХМЕТОВА,
Н.Наушабаев атындағы
МГ әлеуметтік педагогы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!