Берел қорымының құпиясы
Қазақ даласында жылқыға қатысты аңыздар, деректер көптеп кездеседі. Тіпті, ежелгі дәуірде ата-бабаларымыз жауынгерді астындағы күлігімен бірге жерлеген. Мұндай деректер Берел қорымынан (Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында) табылған. Бұл сақ дәуірінен сақталған тарихи орында 1997 жылдан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін ол жерден сексеннен астам жылқы сүйегі табылған.
Тарих ғылымының кандидаты, археолог Ахан Оңғарұлының айтуынша, Берел қорымындағы обалар біздің жыл санауымызға дейінгі тоғызыншы ғасырға, сақ дәуіріне тиесілі. Ондағы басты ерекшеліктің бірі – жылқыларды иелерімен бірге көмген. «Ер қанаты – ат» деген түсінік сол кезде пайда болса керек.
«Сақтар жылқыны өзінің айнымас бір серігіндей қабылдаған. Әлеуметтік статусына қарай, кейбір адамдардың жанына 16 жылқыға дейін жерленген. Төрт-бес метр тереңдіктен шағын үй қазады да, ағаштан кісінің бойындай қиматаған дайындап, ішіне саркофаг жасап, адамды көмген. Ал, жерлеу рәсіміне, дүниетанымына сәйкес, солтүстік бөлігіне міндетті түрде бастарын шығысқа қаратып, жылқыларды жайғастырған. Ең бір қызығы, бірінші жатқан аттың басын тік көтеріп, тұмсығының астынан тастармен, киіз немесе тағы басқа заттармен көтеріп қойған. Одан кейінгі жылқылар бірінен соң бірі жетекте келе жатқандай болып жерленген. Осыдан сақтардың дүниетанымын білеміз. Яғни, о дүниеде өмір бар деп сенген. Сондықтан, бар мал-мүлкімен, заттарымен бірге көмген. Жылқылардың әбзелдері де бар. Салтанатты құрал-саймандарына қарап, сол кездегі адамдар 100 пайыз солай жүрді деп айтуға болмайды. Жерлеу рәсіміне сай солай жасалған», – дейді ғалым Ахан Оңғарұлы «Қазақ радиосында» өткен «Көне көмбе» хабарында.
Берел қорымындағы жылқылардың жерлену рәсіміне қатысты түрлі қызық деректерді кездестіруге болады. Сақтар қайтқан адам Алтайдан әрі асады, сол жаққа жетуге аттары көмектеседі деп түсінген. Бірінші жатқан жылқыға ағаштан мүйіз жасап, таутекенің күшін берген. Археологтар жерленген қырқұйрықтардың осындай ондаған түрін кездестіріпті. Мәселен, жылқы-бұлан, жылқы-бұғы, жылқы-барыс деген сияқты.
Тағы бір мәлімет. Жерленген жылқылардың 80-90 пайызы 20-25 жасар, яғни, кәрі. Тағы бір ерекшелігі күн түстес, сарыжирен болып келген.
Кезекті дерек. 1998-1999 жылдардағы зерттеулер кезінде 13 жылқы табылды. Барлығы бір обадан шыққан. Апалы-інілі екі адамның құрметіне жерленіпті. Сол жылқылардың немен қоректенгенін зерттегенде 13 табиғи белдеу өсімдіктерінің құрамы белгілі болған. Яғни, далалық, таулы, орманды жерлердің шөбін жеген жануарлар. Ғалымдар пайымдауынша, әр жақтағы тайпалар сол қайтыс болған кісілердің құрметіне жылқы әкелген, оларды бірге жерлеген.
Берелдегі обалардың саны мыңнан асуы мүмкін. Бүгінге дейін бірнеше жүзден астамы ғана қазылған. Ал, осыдан 2500 жыл бұрын салынған сақ қорғандарының саны жүзден көп. Оның қасынан көне түркі қорғандары табылып жатыр.
Алтын адам Берелден де табылған. Жылқылардың алтын зерлі ер-тұрмандары да бар. Осы қорымнан 1997 жылдан бері табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттар әлем ғалымдарының назарын аударды. Мұндағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның арқасында органика, яғни, киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер-тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымының әдістері пайдаланылды. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің ДНҚ-ын (Дезоксирибонуклейн қышқылын) анықтауға болатын, сонымен қатар, Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды.
Ашық энциклопедиядағы мәліметтерге сүйенсек, Берел қорымын алғаш 1865 жылы В.В. Радлов, кейін 1959 жылы С.С. Сорокин барлап көрген. 1998 жылы Халықаралық қазақ-француз экспедициясы (жетекшісі З.Самашев) қорымның жаңа жобасын жасап, бірнеше қорғанды зерттейді. Қорым 3 қорғандар тобынан тұрады. Бірінші топтағылары таудағы кертпеш ортасына орналасқан. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылған 6 қорғаннан тұрады. Екінші топ солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай тізбектеліп созылған 12 қорғаннан тұрады. Ол кертпештің батыс жағында орналасқан. Үшінші топта 9 қорған бар. Ол кертпештің шығысында орналасқан. Осы топтағы ең үлкен қорған ғылымда Үлкен Берел қорғаны деген атпен белгілі. Обалар таудың жақпар тастарымен араласқан өзеннің ұсақ малта тастарынан үйілген. Табылған заттай деректер Берел қорымы Пазырық мәдениетінің орта (б.з.б. 5 ғасыр) және соңғы (б.з.б. 5-4 ғасырлар) кезеңінде салынғанын дәлелдейді.
Адамды құрал-сайманымен жерлеу рәсімі туралы
Түркі жұрты сонау сақ және ғұн замандарынан бері аруақтарды еске алуды дәстүрге айналдырып, түрлі діни-танымдық жосын-жоралғыларды жасап келе жатқаны белгілі. Бұл кейіннен ислам діні құндылығымен жалғасын тапты. Мысалы, сақ, көне түркі қорғандарында алтын, күміс бұйымдар, қару-жарақтар, жоғарыда айтқанымыздай, жылқылар да мәйітпен бірге жерленді. Ислам діні келгеннен кейін де мұның сарқыншақтары сақталып келеді. Ел басына күн туғанда, Кеңес Одағы дәуіріндегі түрлі қудалаулар кезінде кей ғұламалар кітаптарды көбінесе зираттарға көмген. Бұл – аруақтар қорғайды немесе оған ешкім батып, тиіспейді деген көзқарастан болса керек.
Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін
Қазақтың жылқы түсіне қатысты атаулары Гиннестің рекордтар кітабына енуі тиіс. Жақында осындай сүйінші хабар тарады. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Баян Шайгөзованың Baq.kz сайтына берген мәлімдемесінде Қазақстанда жылқы түсінің 300-ден астам түрі болғаны айтылған.
«Қола дәуірінің ежелгі металлургиялық қоныс орны ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді және биыл да жалғасын табады. «Жылқы түсінің, қазақ атауларының этнонимі» деген этнографиялық саладан үлкен ғылыми жұмыс жасалып жатыр. Еуропада жылқы түсінің 60 түрі, Ресейде 40 түрі болса, біздің Қазақстанда 300-ден астам түсі бар екен. Біз келешекте осы ғылыми жобаны Гиннес рекордтар кітабына енгізу мақсатында үлкен жұмыстар жүргізіп келеміз», – депті Баян Шайгөзова. Ол 2018 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында ұйымдастырылған экскурсияларға 14 мыңнан астам турист келгенін атап өтті. Оның 200-ден астамы – шетелдік туристер.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий