Төрелік сот болған Алаш зиялылары
Қазақтың ұлттық қозғалысының мәдени, саяси, рухани орталығы ретінде Алашқала деп аталған Семейде орналасқан сот мұрағатынан осыдан бірнеше жыл бұрын табылған құжаттар бүгінгі ұрпаққа негізінен Алашорда зиялылары, ұлтжанды ақын-жазушылар ретінде танылған Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тұрағұл Абайұлы, ғалым Қаныш Сәтбаевтарды бізге басқа қырынан танытты. Мұрағат құжаттары аталған тұлғалардың қара қылды қақ жарып, сот билігіне сайланып, халықтың мұң-мұқтажын шешуде әділдік туын көтергенін көбіміз біле бермейміз.
Үш мамандықты қай заманда да қадір тұтқан. Олар: адамның жанын емдейтіндер, тәнін емдейтіндер және заңгерлер.
Көне мұсылман елдерінде сот қызметіне қызығушылық танытпаған екен. Себебі, мұндай жауапты қызметке барушылар адамның тағдырын шешуде қате жіберіп, Алланың алдында да, пенденің алдында да ұятқа қаламын деп сескенген. Сондықтан сұлтан, патшалар сотты күшпен, оның келісімінсіз тағайындаған. Себебі, олардың ар-намысына сенім білдірген. Дәл осы ниетте Алаш оқығандарына да жауапкершілік артылған.
Қазақтың билер сотының бірегей жүйесін уақыт, қоғамның өзі қалыптастырды. Бұл үрдіс халық санасында туындап, билер сотына қызмет шарты ретінде жүктелген. Бұл орайда ол өркениетке ортақ үлгідегі сот жүйесі болғаны анық.
Әрбір халықтың тарихында жетістігі болып бағаланатын тарихи құбылыстардың үстемдік құратыны заңдылық. Орта Азияның ұлан-байтақ кеңістігін алып жатқан заңдылық пен әділ соттың «алтын ғасыры» ретінде танылып, тарихқа енген көшпелі өркениеттің мұрасы – қазақ құқығы.
Кезінде «Қазақ билерінің қазылық бейнесі қандай?» деген сұраққа Абай былай деп жауап берген екен: «Бұл билік деген қазақ ішінде әрбір сайланған адамның қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білмек керек».
Тұрағұл Құнанбаев қазақ даласындағы халық судьялары жанындағы тергеу комиссиясының Семей уезіне қатысты топтың мүшесі болған. Алашорда үкіметі өміріндегі саяси маңызы зор істерге үнемі араласып жүрген Тұрағұл Абайұлына да шешендік, билік айту өнері атадан қалған із.
Қолынан келгенше күштілерден теперіш көрген нашар адамдарға көмектесуді, араны ашылған байларды тәубеге келтіруді, әділет орнатуды, ұрлық-қарлықты тыюды, жұртты жөнге салуды көздеген Алаш қайраткерлері үнемі әділдік жолында болғанын айғақтайды. Оларды сол тұстағы имансыз парақор билеушілерден құтылуды аңсаған қарапайым бұқараның құшақ жая қарсы алғанын көреміз. Ақыл-парасатымен, адамгершілігімен, әділдігімен, білімімен елге де, жоғарғы жаққа да жаққан қазақ оқығандары ел ішіндегі дауларды азайтып, халықты түзу жолға үндегенін байқадық. Олардың бәрі «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген Абайдың шақыруына үн қатқаны бірден байқалады.
Абай адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды жасы 18-ге толғанда бастауды ұсынады, қазақтың күнкөрісі төрт түлікке байланысты болғандықтан, мал ұрлығына, барымтаға қатал қарайды, қолға түскен ұрыға алпыс дүре соғып, бір ай қамауда ұстауға, ұрлаған әр мал үшін мойнына қосақ, құйрығына тіркеу, қанды ат, билік ат айып төлеуді күн тәртібіне кіргізеді. Ұры-қарыға көмектескендер де жазаға тартылады. Бұған дейін сан рет қайта қабылданған Қылмыстық кодексте мал ұрлығына байланысты жөні түзу бап кіргізілмей келе жатқан болатын. Ал Абайдың өзі жазған «Қарамола ережесінде» әр қылмысты жіктейтін жетпіс төрт бап енген.
Шәкәрім Құдайбердіұлы да сот қызметіне сырттай тағайындалған. Әйтсе де, ол қоғамдық пікірдің жетегіне еріп кетуге болмайтынын күн ілгері білген. Себебі, ол – бағдар сілтер шамшырақ емес, бір өшіп, бір жанып тұрған от екеніне әбден көзін жеткізген. Сот билігін атқарған жоғарыдағы Алаш қайраткерлерінің бәрі ежелгі Мысыр, грек құқықтану процедураларының ең озық үлгілерімен қаруланғаны да айқын болып отыр.
Шәкәрім үшін – ынсап, мейірім, әділет басты ұстаным. Ол осы жолдан танбаған. Оған себеп те бар.
Біздің жыл санауымыздан төрт мың жылдай бұрын, ежелгі Мысырда сот билігі иелері халық алдында Ант беретін дәстүр болған. Ант папирус жапырақтарында жазылып қалдырылған екен. Антта былай делініпті: «Мен жас сәбидің аузынан сүтін тартып алмаймын. Мен ағын суды бөгемеймін. Мен біреуді өлтіруге бұйрық бермеймін. Мен әлсіздерге қол көтермеймін. Мен таразыдан жемеймін». Бұл адамзаттық әділ қоғам орнатсақ деген ұғымнан туындаған Ант болған екен. Сол кезеңде қазақ даласында дәл осындай ант болмаса да, оны Шәкәрім бабамыз өз түсінігінде түзеді. Ол өзінің «Ұлтшылдық» деген мақаласында: «Ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылық туады. Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқыншындағы Еуропа, олар адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша, әлі күнге шейін асса ұлт, қалса өзімшілдіктен оза алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да, ақ жүрек туғыза алмайды: ақ жүрек дегеніміз – ұждан (һәмме жанға махаббат, шапағат, ғаділет), қазақша – тамам адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қылу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу – ақ жүрек (ұждан) ісі. Оны істеп отырған кім бар?» – дейді.
Алаш зиялыларының ішінде ұлы ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлының сот қызметін атқарғаны ғылыми зерттеу еңбектерден белгілі. Ғұлама өзінің «Сарыарқа» газетінде 1918 жылғы 21 сәуірдегі 39 нөмірінде Семей облыстық сотының бір мүшесі Шаһкәрім деп қол қойған «Семей облысына қараған барша қазақ ағайындарға ашық хат» деген мақаласында былай дейді: «Осы күнгі ұлық біздің қазақ сотын бекітті. Екінші қазақ арасында қандай үлкен-кіші дау болса да, қазақ соты қарамақ. Бұрын орыс солай тексерген, әзір де билік айтылмаған істің бәрін де қазақ соты қарайды. Сол себептен төменгі сөздерді біздің Семей облысындағы барша қазақ қатты ескеруі керек.
1. Арыз берген қазақ өзінің, жауапкердің һәм куәлардың тұрған жерін, қай болысқа қарайтынын анықтап жазу керек. Олай болмағанда шақыру қағаз қайда жіберетұғыны білінбей, арыз қараусыз қалады.
2. Арызында мал-мүлік, ақы дауласа, бәрінің бағасын сомалап, анықтап баға қойып жазу керек. Өйтпегенде ондай арыз қаралмайды.
3. Бұрынғы орыс сотына жауап бергендей өтірік-жала, жалған куәліктерді қалдыру керек. Неге десеңіз – қазақ соты орыс сотындай жалған куә», өтірік жаланы жазасыз қалдырмайды. Өтірікке қатты жаза салады…», – деп жалғандық жолынан сақтандырады.
Ахат Шәкәрімұлының әкесі туралы естелігінде: «1918 жылы Кеңес өкіметі қазаққа соттықты берген соң, Семейдегі Алаш азаматтары облыстық соттың бастығы етіп сырттай әкейді сайлаған» деп көрсетіп, Семейдегі Белгібай деген байдың қызын алып қашқан мұғалім жігітке қатысты болған сот отырысын сипаттаған: «Әкейдің екі жағында Мұқыш Боштаев пен Смахан Бөкейханов отырды. Мұқыш Белгібай атынан жазылған арызды оқыды… Соттар оңаша бөлмесіне кіріп кетті. Аздан соң соттар шықты. Жұрт түрегелді. Мұқыш соттың билігін оқыды. Бас жағында: «Біздің сот – ар соты, ардан, адамгершіліктен аспай, әділін айтамыз….» деген сияқты сөздерді оқып келіп: «Қыздың басына бостандық берілсін! Өзі сүйген адамына барсын!» деп тоқтады. Залдағылар ду қол шапалақтап жіберді…», – делінген тұсына көз тоқтатқанда, оқып отырған біз де сүйсіндік.
Осы жерде Шәкәрім Құдайбердіұлы үлкен әдеби шығармашылық дарын-қабілетіне қоса, гуманистік көзқарасы, белсенді азаматтық ұстанымымен елге кеңінен танымал болған әйгілі тұлға болғанын көріп отырмыз.
Ұлы ұстазы Абайдың озық ойларын Шәкәрім бабамыз да жалғастырып, өзінің өсиетті сөздерін «Мен жетпіс екі жасқа келгенше…» атты еңбегінде жазып кетті. «Арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, мақтанды білмейді және істемейді» деп, адамзатты одан әрі жаман әдеттерден құтылудың жолын да көрсетеді. «Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығаруға керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қатар оқу-білімге жетілдіру қажет. Жоғарыда айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қатар «ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай…», – дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Міне, ұлы тұлғалардың осындай өсиеттері, ұлағатты сөздері қоғамға темірқазықтай тура жол көрсетеді. Демек, оны зейіндеп, зерделеп, қолдана білейік. Осылайша ар білімін алға шығарайық.
Алаш арысы, от ауыз, орақ тілді Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арғы атасы Торайғыр бидің ел аузында аты аңызға айналған көптеген шешендік, билік сөздері халық жадында сақталған адам болған.
Мұрағаттан табылған 1920 жылы жасалған «Список қандидатов на должности киргизских судов» атты құжатта Павлодар уезінің халық судьясы ретінде Сұлтанмахмұт Торайғыров көрсетілсе, осы жылдың маусым айында әзірленген тағы бір қатынаста «Баян ауыл учаскесінің халық судьясы Сәбит Дөнентаев өз міндеттерін атқаруға кірісті» деп жазылған. 1921 жылғы күзде Қаныш Сәтбаев оқуын жалғастыру үшін халық соты қызметінен босатуды сұрап, Семей губерниялық сот коллегиясына өтініш жазған. 1921 жылы өзі сұранып оқуға кетуіне байланысты 21 қазанда Халық соты президиумының жалпы жиналысында Қаныш Сәтбаевтың өтініші қанағаттандырылып, оның орнына Сабит Дөнентаев халық соты болып тағайындалған.
«Қалам қоғамды да өзгертеді, қаланы да қиратады» деген осыдан шықса керек. Қолына қалам ұстаған, айрықша дарын сыйлаған қаламгер ақындар замана ағымының тамыр бүлкілін тамыршыдай тап басып жырлай да, әділдік шырағын жаға да білген. Онымыз шындық болмаса, Сәбит ақын «Бұл заман байқағанға күштінікі» деп тебіренбес еді ғой.
Енді «ақын Сәбит Дөнентаев кім? Қазаққа қандай еңбек сіңірді? Қайда туып, қайда өсті? Қандай қызмет атқарды, тірлігінде не бітірді?» – дегенге келейік.
Сәбит Дөнентаев – елеулі тұлға. Бұрын қайта оралған есімдер болмай, Алаштың қайраткерлері ортамызға оралмай тұрғанда оқылған қаламгер. XX ғасырдың басында үш қаламгер әдебиеттің төрінде отырды. Олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев және Спандияр Көбеев. Оның осы үштіктің қатарынан ойып орын алуы да тегін емес.
Ақын, журналист, публицист Сәбит Дөнентаев 1894 жылы Ақсу ауданы, Мәмәйіт Омаров ауылдық кеңесіне қарасты №3 бөлімшеде (бұл ауыл қазір Сәбит Дөнентаев атында) Дөнентайдың отбасында дүниеге келген. Аздап оқығаны бар Дөнентай баласын молда қылмақ оймен елдегі Махамбет-Садық ұстазға оқуға береді, кейін ақын Павлодар қаласындағы Қасым қажы Ертісбаевтың медресесінде білім алады.
Қазақты дүр сілкіндірген 1916 жылдың 25 маусымындағы ақ патшаның жарлығымен «бұратана» аталған қазақтың 19 бен 35 жас арасындағы азаматтарын майданға ор қазуға алғанда, оған ілікпеу үшін Екібастүз бен Жармақ теміржол бойындағы Жолқұдық деген жерде қара жұмыс істейді.
Алаш азаматтарымен бірге ұлт-азаттық қозғалысқа қосылып, қазаққа теңдік берілуін жақтап, отты жырларымен үн қосады, халқын жарқын болашаққа шақырады.
Сәбит Дөнентаев еліміздің арыстары – тарихи тұлғалар Жүсіпбек Аймауытовпен бірге оқыған, қызмет еткен, қазақтың ұлттық қозғалысының рухани орталығы Алаш астанасы атанған Семейдегі Мұғалімдер семинариясында оқыған тұлға. Кеңес өкіметі орнаған соң қазақ халқына теңдік келді, қарапайым шаруаның өмірі өзгеріп, жастарға білім алуға мүмкіндік туды. Сол себептен ол жаңа өкіметті барынша қолдайды. Бұл қызметінің бір қыры болса, өзі өмір сүрген дәуірдің үні бола білген қаламгердің шығармашылық талабы, жазған туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды.
Қайраткер ақын 1933 жылдың көктемінде, 23 мамырда, Семей қаласында дүниеден өтті. Өзі білім алған, қызмет еткен, талай туындылары дүниеге келген Семей жерінен мәңгілікке дамыл тапты. Ол – Уфа қаласында кітабы жарыққа шыққан қазақ ақындарының бірі.
Сот лауазымына сырттай бекітілгені туралы өз баяндамасында Қаныш Сәтбаев та көрсетіпті. Ол бұл туралы өз естелігінде: «Назначен я на должностъ судьи 26-го апреля экспромтом, без моего ведома, когда принял участок, дел на производстве было 18. В настоящее время на производстве около 600 дел, гражданских 200 и уголовных 400. Основной тормоз в работе – неопытность всех служащих суда. Затруднительным является вопрос о территориальной подсудности 9 и 10 участков», – депті.
Жалпы ғылыми деректерде 1920 жылдың басында Павлодар уезінің ревкомы сол кездегі жас мұғалім Қаныш Имантайұлы Баянауыл ауданына халық судьясы болып тағайындалғаннан кейін, ол халық сотының көшпелі сессияларымен қазақ ауылдарына жиі барып, заңдылықты нығайту жолында күрескені туралы мәліметтер бар.
Қаныш Имантайұлының есімі мұрағат құжаттарының бірінде Павлодар уездінің №8 учаскесіне халық судьясы лауазымына үміткер ретінде керсетілсе, 1920 жылдың 18 маусымында шыққан қаулыда: «Утвержденные постановлением Уревкома от 2604-1920 г. за №29 Народные Судьи Народных судов Инородцев: а г. Павлодара 7 участка Мусульманбек Сейтов, в Баян Аул 9 уч. Сабит Дунентаев, г. Баян-Аул-Кызылтавская вол. 10 уч. Смагул Болькебаев приступили к исполнению своих объязанностей. Что же касается Народного Судьи №8 участка Павл. Уезда В Песчаном Каныша Сатбаева и народных следователей 4 уч., в Павлодаре Абдулгая Джумабаева… еще не приступили, задержка их не прибытие к месту», – делінген. Осылайша, қазақ халқының біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың да әділ билік айтудан шет жүрмегеніне көзіміз жетті.
Жарияланған естеліктер не-гізінде Қаныш Сәтбаевтың 1920-1921 жылдары Павлодар уезінің оныншы Баянауыл учаскісінде халық соты төрағасы міндетін атқарғаны да анықталып отыр.
1920 жылғы мамыр айында РСФСР Халық Комиссарлар Советінің «Жоғары білімі бар адамдарды тіркеу туралы» декреті жарияланды. Декретте: «Кәсіпқой, тәжірибелі заңгерлер мен қатар, сауатты адамдарды сот ісінің мүддесіне пайдалану мақсатымен оларды халық комиссариатының қарамағындағы мекемелерге қабылдауға немесе басқа мекемелерге жіберуге болады», – делінген.
Осы құжат негізінде партия ұйымдары мен ревкомдар сауатты, оқыған азаматтарды сот қызметтеріне тарта бастады. Басқа да көптеген қазақ зиялыларымен қатар Семейдегі мұғалімдер курсының оқытушысы болып істеп жүрген Қаныш Сәтбаев та халық соты төрағасы қызметіне ұсынылды.
Қаныш Сәтбаев өзінің халық соты қызметіне тағайындалуы туралы: «Совет өкіметі Сібірде қайтадан орнасымен ұйымдасқан уездік тұңғыш ревкомның төрағасы, теміржолшы-большевик П.В. Поздняк мені Павлодарға шақырып, Баянауылда құрылған халық сотының оныншы учаскісі сот төрағасы етіп тағайындады», – деп еске алады.
Қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Имантайұлының сүйікті ұстазы, профессор М.А.Усов оның халық соты қызметіне тағайындалғанын естігенде ерекше таңданғандығын былайша білдіріпті: «Жігітім тамаша-ақ! Сауатты, орыс тілінде еркін сөйлейді, әрі тәрбие көрген. Әрбір сөзіне мағына-беріп сөйлейді. Алайда оның сот болғанына таңым-бар. Тіптен жас, ғой… Тіпті Европада бұл қызметке жас жігіттерді тағайындау сирек кездесетін жәйт».
Қаныш Сәтбаев міндетіне адал, әділ сот болыпты. Ағайын, рулас, туыс деп ешкімге де бұра сөйлеп, теріс үкім шығармаған. Қасындағы серіктеріне: «Өкіметтін ала жібін аттамандар, жігіттер. Дүние – бір күндік, арың – мың күндік! Ары тазаның алды – ашық, арты – қорған» деуінің өзі, оның әділ де, ары таза азамат болғанының бірден-бір дәлелі.
Қаныш Сәтбаев уездік ревкомның төрағасы П.В.Поздняктың өзіне қаратып айтқан: «Бостандық заңы бойынша үкім айтасыз, жігітім. Сіз білімдісіз, ақты қарадан ажырата аласыз. Әділ сот жұмысын ар-ожданмен жүргізетін болсаңыз, ешқашан қателеспейсіз. Езілгендердің қорғаушысы болыңыз!» – деген сөздерін есіңде сақтай отырып, оны іс барысында қолдана білген.
Қаныш Сәтбаев әділ сот болғандықтан, оған жұрт үлкен сенім білдірген. Әсіресе, зәбір-жапа шегіп жүрген қорғансыз жандар көбірек келетін болған.
Қорыта айтқанда, Алаш қайраткерлері сот билігін атқарғанда адам тәніне билетсе айуан, жанына билетсе адам екенін үлгі етіп көрсете білген. Олардың ынсап, мейірім, әділет үштағаны осы істің басында жүргендерге бағдаршам болса деген біздің ниет.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
Добавить комментарий