Оразақ СМАҒҰЛОВ: Еуразияда төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт – қазақ

Оразақ СМАҒҰЛОВ: Еуразияда төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт – қазақ

Қазақтың тұңғыш антропологы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Оразақ Смағұлов – атандай бір институт арқалайтын жүкті жалғыз өзі көтеріп, мектеп қалыптастырған көрнекті тұлға. Қостанайдың тумасы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Бүгінде тоқсанға жақындаған айтулы ғалымның кейінгі жас буынға айтар тағылымы мол.

– Оразақ Смағұлұлы, сөзді биыл ғана оқырманға жол тартқан жинақтан өрбітсек. Көз майын тауысып жазған еңбегіңізде қауымды елең еткізетін қандай жаңалық бар?
– Бұл кітапқа байырғы қазақ жерінде қола дәуірінен бастап, кешегі XX ғасырға дейінгі, яғни 4 мың жыл мекендеген тұрғындардың бас сүйек құрылымдарын зерттеген ғылыми талдау енді. Оның бәрі кестелермен, карталармен, суреттермен нақтыланды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының 40 ғасырлық антропологиялық тарихы ғылыми анықтамалармен толық дәлелденді.
Осы дүниені жазуға жарты ғасырлық ғұмырымды арнадым. Алдымен ұлттың соматологиялық сипаттамасын анықтауға күш салдым. Мәселен, адамның бейнесі, бас сүйегі, құрылысы, май бүрмелері – соның бәрі ғылыми түрде зерттелді. Біз оған қалалықтарды емес, далалықтарды алдық. Өйткені популяциялық генетикадан алғанда, ауыл адамдарының генетикалық құрылысы аса өзгермейді. Осы жұмысымды 1966 жылы бастадым. Онда республикада 19 облыс бар еді, соларды толық сүздім.
Зерттеуге 12 мен 60 жасқа дейінгі ер мен әйелдерді алдым. Әсіресе, ауылдағы 12-17 жас аралығындағы ұл-қыздардың тұрақты тіс морфологиясын кеңірек зерттедім. Одан жоғары жастағының морфологиялық ерекшелігін анықтау қиын. Тұрақты тіс 12 жастан 17 жасқа дейін өседі. Сосын адамдардың қан жүйесінің анықтамасын жинадым. Тұрғындардың саусақ пен алақан тері бедерлерінің жеке қолтаңбалары алынды. Қазіргі қазақтардың антропологиясын зерттеудегі басты нәрсе – олардың бас пен қаңқа сүйектерін көне дәуірде өмір сүрген адамдардың морфологиялық анықтамаларымен салыстыру қажет.
– Нәтижесі болды ма?
– Болғанда қандай! Қазақтардың бас сүйегі өзіміз бір туған туыс деп іш тартатын қырғыз бен ноғайларға қан жағынан жақын болғанымен, бірікпейді. Халқымыздың азу тісі 4 мың жылда 60% өзгерген, ал төменгі азу тісі сол қалпында қалған. Төрт мың жылғы сүйектерді зерттегенде, қазақтың денесінде осыдан 40 ғасыр өмір сүрген көне тайпалардың ерекшеліктерінің үштен бірі сақталған. Бұлар қан жүйесінде, тіс құрылысында, сау-
сақ пен алақан тері бедерінде және дене құрылымында анық байқалды. Дене пропорциясына келгенде, ерлердің денесі кішкене қортықтау. Ал қазақ әйелдерінің жамбас сүйегі мен аяғының ұзындығы 4 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен аруларға өте жақын. Бұдан шығатын қорытынды – қырық ғасыр ішінде қазақтың жеріне сырттан кірген тайпалар болмаған. Және осы мекенді иелік еткен олар басқа жаққа қоныс аудармаған. Бұл – үлкен жаңалық. Осындай зерттеулердің нәтижесі мені қанаттандырды. Әлемде 4 мың жылдық тарихы бар еврей ұлты ғана. Олар оны теологиялық тұжырыммен дәлелдеді. Еуразия кеңістігінде төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт – қазақ. Біз оны ғылыммен дәлелдедік. Осы зерделі жұмысты анықтауға Мәскеудегі, Санкт-Петербургтегі танымал антропологтардың септігі тиді.
– Олар кімдер еді?
– Георгий Дебец, Яков Рогинский, Виктор Бунак. Бұл оқымыстылардың бәрі ғылымның жігітін шағып, майын ішсе де, қызыл империя қуғына салып, түрмеге қамап, түрлі теперіштің дәмін татқызса да, адамгершілік пен азаматтықты салмақтай білген ғалымдар еді.
– Осындай күрделі ғылымға жүрексінбей бет бұруыңызға не себеп болды?
– 1952 жылы Қазақ университетінің тарих факультетінде оқып жүргенмін. Бірде Жетісу өңіріне археологиялық экспедицияға бардым. Археологтар қорған қазып, ондағы бұйымдарды алады да, адам сүйектерін керек етпей, тастай салады. Жетекшіден сұрасам: «бізде адам сүйегін зерттейтін маман жоқ» деп қабағы түйіліп жауап берді. Содан сүйектің құпиясын білуге зер салдым. Экспедициядан оралғаннан кейін, желіп отырып Алматыдағы медицина институтындағы «Қалыпты адам анатомиясы» деген кафедраға келдім. Оның меңгерушісі Нұрыш Бөкейханов деген профессор екен. Жылы шырай білдірді. Мен де ол кісіге іштегі толып қалған ойымды ақтардым. Әлгі профессор қуанғаны сондай, орнынан атып тұрып, қалбалақтап: «Апырым-ай, жастардың арасынан да антрополог болам дейтін балалар бар екен ғой» деп өзімен-өзі сөйлеп, телефонмен бір кісіге қоңырау шалды. Оның өзі де жас шағында антрополог болам деп талпынып, бірақ кейін осы саладағы ғалымдардың түрмеге қамалғанын естіп, ойынан айнып, медицинаға кеткенін тәптіштеп айтып берді.
Маған қарап: «Саған барлық жағдайды жасаймыз, студенттермен бірге оқисыз» деді күлімсіреп. Сонымен, екі жыл медициналық дәріс алып, білімімді жетілдірдім. Сөйтіп жүргенде, таланыма орай, Одақтан жергілікті ұлт өкілдерінен антропология саласына маман дайындау керек деген хабар түседі. Антрополог болам деп жүрген маған бұл даңғыл жол ашып берді. 1957 жылы арман деген арғымағымды жетектеп, Мәскеуге аттандым.
– Жолдаманы кім берді? Үлкен шаһарда не бітірдіңіз?
– Жолдаманы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев берді. КСРО ҒА Этнография институтының аспирантурасына келдім. Мұнда атағынан ат үркетін антропологтар Г.Дебец, В.Бунак, М.Герасимов жұмыс істейді екен. Бірақ, оқуға түсудің өз ережесі бар. Бірден суға құлаш ұрғандай күмп ете алмайсыз. Алдымен үш ай табандап отырып маймыл сүйектерін зерттедім. Бір көзім жеткені – Африкалық маймылдың адамға ұқсастығы көп. Оны енді тауыстым дегенде, Ленинградтағы әскери медициналық академияның антропологиялық бөліміндегі анатомиялық театрда Бірінші Петр заманынан бері адам сүйектері сақталған. Содан тәжірибе жинақтап қайту қажет. Оған да барып білімімді толықтырдым. Енді, міне, дайын маман болдыңыз дегендей, 1958 жылы аспирантураға қатарластарымнан оқ бойы озып қабылдандым. Қырсықты қараңыз, енді комиссия мүшелері: «Сізге кандидаттық тақырыпты біз береміз, Қазақстанда материалдық база жоқ», – деп төтеден бұйрық шығарды. Біздің Ғылым академиясы: «Жоқ, ол – біздің адам. Стипендияны біз төлейміз. Тақырып Қазақстаннан болады» деп табанды қарсылық танытты. Расында, ол кезде елімізде зерттейтін адам сүйектері жоқ еді. Бірақ, ішімнен зерттеу жұмысым туған елімнен болса деп ойладым. Сөйтіп, екіұдай болып жүргенде, Г.Дебец: «Бүгін академияның жиынына Қаныш Сәтбаев келді, барып жолығып, жағдайыңызды айтыңыз», – деп қиыннан жол тауып берді.
Кандидаттық тақырыбым Қазақстаннан болғанын қалар едім дегенде, Қанекең: «Ол үшін не керек?» деп өзіме сауал тастады. «Көне дәуірдегі тұрғындардың сүйегі керек. Оларды бүгінгі қазақтардың сүйегімен салыстырып, зерттеу қажет» дедім. «Тағы не керек?» деп ойланып қалды. «Экспедицияға шығып, иесіз мұсылман зираттарын қазып, сүйек қорларын жинасам деймін» деп айтқанымда, Қанекең: «Онда жақсы, экспедицияға дайындал, бір жетіден кейін хабар беремін» деп шығарып салды.
Бір апта емес, үш күннен кейін институт директоры Сергей Толстов шақырып алып, Қаныш Сәтбаевтың атынан жазылған: «Сізге экспедицияға шығуға үш айға 12 мың рубль, бір машина, төрт жұмысшы бөлінді» деген телеграмманы қолыма ұстатты. Қуанышым қойныма сыймай, Алматыға ұшып келіп, құжаттарды тез реттеп, экспедицияға жөнелдім. Сөйтіп, Қанекеңнің қамқорлығын көрдім. Соның арқасында қаңқа сүйектер жиналды, ол менің абыройымды көтерді. Ол кісі маған: «Әй, Оразақ, әр жан иесінің биологиялық ата-анасы болады, сен қазақтың биологиялық әке-шешесін дәлелде» деп айтқан болатын. Осы сөз санамда жиі жаңғырып тұрады. Егер Сәтбаев мені қолдамағанда, Қазақстанда антропология ғылымы да, қырық ғасырлық тарих та, Смағұлов та болмас еді.
– Cіз алғашқы болып Абылай хан мен Әйтеке биді де зерттедіңіз емес пе?
– Егемендіктің елең-алаң шағында түрік ағайындар Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Сондағы «Абылай хан жерленген-мыс» дейтін қабірді монолит ретінде қазды да, «осындағы сүйек шын Абылай ма, әлде басқа ма, сіз зерттеп көріңіз» деді. Қызым, Мұхтар Қожаев үшеуміз сүйекті төрт ай зерттедік. Бас сүйекте бірде-бір тіс жоқ. Яғни, бабамыз жасы ұлғайып, 69-70 жасында өмірден өткен. Орта бойлы. Сол жақ аяғының ортан жілігінің жамбасқа кіретін ұршық басынан 10-12 см жерден морт сынған. Шамасы салмағы ауыр қару тиген. Жалпы, адамның 50 жасқа дейін сүйегі сынса, ол қайта бітіп, сүйек сүйелі пайда болады. Елу жастан кейін сүйек біткенімен, сүйек сүйелі болмайды. Бабамызда сүйек сүйелі пайда болған. Демек, елуге дейін алған жарақат. Кеуде сүйегінде патологиялық ерекшелік бар. Ханның оң қолы өте қарулы болған, оған бір адамның шамасы келмеген. Осы қолда бар дәлелдерді зерттеу үшін Мәскеуге барып, патша заманындағы архив материалдарымен таныстым. Архивте Абылай ханның жараланғаны туралы жазылады. Бірақ, қай жері екені айтылмаған. Қытайға барғанымда 1940 жылдары төте жазумен жарық көрген Абылай хан жайындағы жазбаны көрдім. Онда бабамыздың аяғынан жараланғаны туралы дерек келтіреді.
Әйтеке биді зерттеу үшін алдымен мұрағаттардағы, деректерді қарастырдық. Бидің туып-өскен, қайтыс болған жері Нұрата (Ноуаи облысы) екені туралы құжаттар табылды. Онда марқұмның Нұрата қорымында жерленгені жайлы парсы жазбаларында айтылған. 2005 жылдың желтоқсанында Нұратаға арнайы қызым Айнагүл екеуміз барып, бидің қабірі деген жерге қазба жұмысын жүргіздік. Бірақ, бізден бұрын бұл қабірді өзбек археологтары қазыпты. Бабамыздың қабірі Сейтқұл әулиенің дәл шығыс жағына қойылған. Қазба жұмысы ауа райының суық және жаңбырлы кезінде іске асырылды. Дегенмен қабірдегі қаңқалар толық зерттеліп, өлшеніп, фотосуретке түсіріліп, барлық алынған сүйектер өз орындарына қайта жерленді. Бабамыз жетпістің маңайына келіп қайтыс болған. Кәрілік белгілері сақталған. Бұл зерттеудің барлық қолжазбасы бар, демеуші болса, кітап етіп шығарсам деймін.
– Тағылымды әңгімеңізге рахмет!
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!