Жас кәсіпкерлер не дейді?

Жас кәсіпкерлер не дейді?

Стив Джобс, Билл Гейтс, Рэй Крок, Генри Форд, Джек Ма сияқты әлемге белгілі бизнесмендердің тағдырын, кәсіпті қалай бастап, неше рет банкротқа ұшырағанына дейін көпшілігіміз жатқа соғамыз. Сол секілді қазақстандық танымал кәсіпкерлер Марғұлан Сейсенбай, Серікбай Бисекеев, Айдын Рақымбаевтардың да әңгімесін, олар туралы кез келген мәліметті жібермей оқитын таныстарымыз жетерлік. Жас кәсіпкерлердің де айтары бар…

«Екі-үш айда шығынымды өтеп алдым»
Жақында Қостанай қаласында кәсіптен нәсіп табуға талпынған өңірдегі өрімдей қыз-жігіттердің форумы өтті. Басқосуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларына қатысушылар жиналды. Табысты болудың құпиясы неде? Жеке ісін бастағысы келген жастарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Форум қонақтары осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті. Біз, біреуге қажет болар деген ниетпен осы диалог алаңында мінберге көтерілген жерлестеріміздің пікір-пайымдарын сол күйі жеткізуді жөн көрдік.
Алғашқы спикер – Айнұр Аюпова (суретте). Көп балалы отбасынан шыққан қыз Затобол кентінде балалар студиясын ашқан. Қаршадайынан өзін жетілдірумен айналысқан қарындасымыздың айтқан әр сөзі замандастарына ой саларлықтай.
«Үнемі ізденістемін. Студент кезімде даяшы болып жұмыс істеп жүріп, аудармашы мамандығын меңгеріп шықтым. Одан соң ауылда ағылшын тілінен сабақ бердім. Қостанайдан 150 шақырым қашықта. Қалаға келіп, ментальді арифметика курсын бітіріп алдым. 2018 жылдың қазан айында «Бастау Бизнес» жобасына қатыстым. Әуелде «не бере қояр дейсің?» деп, ерігіп барғанымды жасырмаймын. Бизнеспен айналысуды жоспарламаған едім. Ол кезде ментальді арифметикадан және ағылшын тілінен сабақ беріп жүргенмін. Оқуға келгенде басыма келген бірінші ой – балалар студиясын ашу. Курста сабақтардың өте қызық өткені сондай, мені шабыттандырып жіберді. Сөйтіп, күш-жігерімді сынауға бекіндім. Бизнес-жоспар құрып, өзім жеке іс бастауға шешім қабылдадым. Мемлекет тарапынан берілетін гранттар қатты қызықтырды. Наурыз айында 252 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Солайша ойымды жүзеге асырудың сәті түсті», – деп әңгімесін бастады Айнұр.
Студияда ағылшын тілі мен ментальді арифметикадан басқа шахмат пен бейнелеу өнеріне арналған топтар да бар. Сондай-ақ, балдырғандарды мектепке дайындайды. Айнұрдың жұмысы басқару, ұйымдастыру ғана емес, өзі де сабақ береді.
Форумда көпшілік арасынан біреу «грант жеткілікті болды ма?» деп сұрады жас кәсіпкерден. Ол өз қалтасынан азын-аулақ қаражат қосқанын айтып, былайша толықтырып өтті: «Адамда ынта-жігер, дұрыс жоспар болмаса, оған қанша ақша берсең де жетпейді. Грант жас кәсіпкер үшін тамаша көп мүмкіндіктің бірі ғана. Оны алмай-ақ бизнесті нөлден бастап жатқандар қаншама!».
Одан соң құралпыластары кәсіп бастарда қандай қиындықтар кезіккенін сұраған. Айнұр оны «аздаған бас ауруы» деп түсіндірді.
«Бұған дейін Затобол орталығында өзім жұмыс істеген орын дайын еді. Белсенді инста-аккаунтым да бизнесті тез жолға қоюыма көмектесті. Алғашында «аздаған бас ауруынан» өзге қиындық болған жоқ. Ол «жиһазды қайдан алсам?», «күнделікті жоспар толтыру» деген сияқты ұсақ-түйек мәселелер еді. Ал, кәсіпті бастап кеткеннен кейін кездескен қиындық – қазақ тобына мұғалім табу. Жарты жыл ішінде әртүрлі себептермен үш оқытушы ауысты. Бірақ, қазір мықты маман таптым», – деді Айнұр.
Спикердің айтуынша, кәсіптегі кедергілерден өтудің негізгі амалы нақты мақсат қойып, оған аянбай ұмтылудан басталады. Оның бірінші мақсаты қайтсе де қазақ тілінде дәріс беретін топ ашу еді. Келер жылға қойған межесі – әлеуметтік желідегі жұмысын жүргізіп отыратын жеке әкімші алу.
«Үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымында, үш жыл жекеменшік мектепте жұмыс істедім. Бірталай тәжірибе жинадым. Сол тәжірибемді осы жұмыста пайдаланып жатырмын. Шығынымды алғашқы екі-үш айда-ақ өтеп алдым. Бәрі ретімен, бірте-бірте келеді, тек басыңды істете білуің керек», – дейді ол.
Мақсатсыз адам – Айнұрдың қас жауы. Оларға жолағысы келмейді. Жас кәсіпкер сөзін замандастарына кеңес айтумен түйіндеді: «Болашақты елестетіп көріңдер. Мәселен, қырық жаста кім болғың келеді? Өзің сүйіп істейтін жұмысты бизнеске айналдырсаң, сол нәтижелі болады. Қазіргі басты жетістігім – ұстаздарым немерелерін менің алдыма әкеліп жатқаны».

«Клиент – өзіңіздің көшірмеңіз»
Адам өз-өзін қалыптастырады. Осы ұғымды жанына серік еткен келесі спикер, «Бастау Бизнес» жобасының түлегі – Мақсат Мұхамеджанов. Аманкелді ауданының тумасы. Кәсібін Затобол кенті мен Қостанай қаласында дөңгелетіп отыр. «Қазақстанның келешегі – біздің қолымызда. Солай емес пе?!» деп бастады ол сөзін.
«Ағылшынтілді ортаға жақсы таныс бір сөз: «Step by step». Яғни, «бірте-бірте» немесе «бәрі ретімен» дегенге келеді. Жұмысты саты-сатымен жоспарлай білсең, жетістікке жетесің. Меніңше, жақсы кәсіпкер болу үшін көбірек оқу керек. Күніне 5-10 бет кітап оқысаңыз да, оның өзі сізге жақсы көмектеседі. Интернеттен түрлі сайқымазақтарды көргенше, ерік-жігеріңді арттыратын материалдарды ақтарған дұрыс. Өзім осылай жетіліп, табысқа жете бастадым. Мысалы, мен Стив Джобстың немесе Джек Маның өмірі хақында түсірілген бейнетуындыларды көріп, серпіліп қаламын. Олар да өзіміз сияқты орта таптан шыққан адамдар. Сондықтан, «менің қолымнан келмейді» деген сылтау түбегейлі қате екенін айтқым келеді», – дейді Мақсат.
Жас бизнесмен «Бастау Бизнес» курсында екі апта оқыған. Көкейінде көптен жүрген сауалдарға жауап тапқан шақ еді ол. Қазақы ортада тәрбие көрген жігітке орыс тобында оқу қиынға соққан, алайда, тілді игеріп кетуіне түрлі мотивациялық бейнебаяндардың пайдасы тиіпті.
«Ашығын айтайын, курста мен түсінбеген, маған қызық емес тұстар болды. Сол кездері үйге барып, ұйқымды қандырып алғым келді. Бірақ, соңына дейін отырып, 0,5% болса да мағлұмат іліп кетейін, соның өзі мен үшін прогресс деп өзімді ұстадым. Расымен де, курста айтылған нәрселердің кейбірін кейін тәжірибемде, бизнеспен айналысу барысында кездестіріп жатырмын. Қасымда екі жігіт бар, кәсіпті 150 мың теңгемен бастап кеттік. Серіктестерім өзімнен кішірек, 21-22 жасар бозбалалар. Бірақ, олар сондай ынталы. Маған бір жағынан күш беретін сол бауырларым», – дейді кәсіпкер.
Олар бургер, сэндвич, донер, хот-дог тағамдарын жасаумен айналысады. Мақсаттың міндеті – өнімдерді өткізу. Шағын команда самсаның жаңа түрін шығаруды жоспарлап отыр.
«Бір жыл ішінде анық түсінгенім – қолымыздан көп нәрсе келеді екен. Сіздер де істей аласыздар. Бірақ, сәл төмен түссеңіздер деймін. Маған кеше ғана оқу бітірген студенттің «маған 5 млн теңге несие бер, бизнес ашам» дегені күлкілі. Әр қадамың есептеулі болмаса, сен ол 5 млн теңгемен бірге жоғалып кетуің мүмкін. «Step by step». Төзімді болу маңызды. Жолыңда әртүрлі адамдар кездеседі. Біреулердің мақсаты сенімен жаға жыртысу ғана сияқты. Бірақ, есте ұстаңыздар: қандай өнім сатсаңыздар да, бірінші өздеріңізді өткізе білу керек. Клиент тауарыңызды, қызметіңізді ұнатпады ма, оның сыртынан жаман сөйлемек түгілі, жаман ойлауға да қақыңыз жоқ. Өйткені, клиент – өзіңіздің көшірмеңіз. Курста бізге осыны оқытты. Сіздің бизнесіңізді мың адам айналып өтер, мың бірінші біреу келіп сәттілік тілейді. Үлкен төзімнің керек екені осыдан-ақ түсінікті шығар. Егер мың адам бірден келсе, оны өзіңіз де түсінбей қаласыз», – деген пікірімен спикер жиналғандарды бір ойландырып тастады.
Содан соң, жапониялық кәсіпкер Соитиро Хонда басынан кешкен оқиғаны мысалға келтірді. Олардың серіктестік туралы 1009 рет жіберген ұсынысын «Тойота» компаниясы қабылдамаған. 1010-шы мәрте дегенде ғана олардан піспек (поршень) сатып алуға келіскен. Содан кейін «Хонда» үлкен зауыт тұрғызады. Төрт жылдан соң, екінші дүниежүзілік соғыста оның зауытына бомба түсіп, банкротқа ұшырайды. Оған да мойымай, 300-ден астам кәсіпорынға хат жолдап, мопед ойлап табады.
Мақсаттың көзінен жалын атып тұр. Мына бір сөзі де әсерлі шықты: «Бір керемет мүмкіндік туып, осы жұмысты түн ортасында істеу керек десе, оны асқан махаббатпен істер едім. Неше түрлі жағдайларға кезіктім, бірақ, бизнесімді тастамадым. Мысалы, алғашқы кездері тауарымның 30% ғана өтіп, үйге көңіл-күйім түсіп қайтқан күндер болды. Қаншама шығын. Оның үстіне үйдегі мәселелер бар. Сондай сәтте ойыңды тек жақсылыққа бағыттау керек. «Қиялың жүзеге асады» деген сөз бекер емес. «Құрыдым, біттім» десең, бизнесің алға баспайды. Ғарышқа дұрыс «сигнал» жіберіп, жақсы нәрселерді ойлауың керек».
Мақсат алдағы уақытта грант алып, кәсібін кеңейткісі келеді.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!