Зекетті кім кімге және қашан беру керек?
Зекет – ислам дініндегі бес парыздың бірі. Бұл ғибадатты кейбіреулер садақамен шатастырып жатады. Садақаны күнде, тіпті сағат сайын да беруге болады, ал зекет жылына бір-ақ рет беріледі. Өткен аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры өкілдері Қостанай жеріне ат басын тіреп, жергілікті кәсіпкерлерге осы бір парыздың мәнін, артықшылығын түсіндірді.
Ұзынкөл, Меңдіқара, Алтынсарин аудандарын аралап қайтқан соң, Қостанай ауданының кәсіпкерлерімен кездескен қор өкілдері алдымен зекет туралы түсінік беріп, қордың атқарар жұмысы жөнінде қысқаша айтып өтті.
– Басқа ғибадаттар сияқты зекет ғибадатында да беруші адамның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат мұсылман болуы шарт. Зекет пақырлар мен міскіндер, оны жинауға тағайындалған адамдар, білім алуға мүмкіндігі жоқтар сияқты сегіз түрлі топтағы адамдарға беріледі. Біздің қор 2011 жылы Әділет министрлігінде тіркелді. Содан бері көптеген азаматтарға қол ұшын беріп келеміз, – деді «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қорының өкілі Төлеген Әбдірахманов.
Зекет беруге тиіс мұсылман күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисаб көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисаб дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері. Қазақстанда ол 1 млн 180 мың деп белгіленген. Яғни, бір жыл ішінде осындай көлемдегі ақшаңыздың мұрты бұзылмаса, 2,5% зекет беру парыз болып саналады.
– Қостанай өңірі алтын астығымен белгілі. Зекетті бидаймен де беруге болады. Оны «ұшыр» деп атайды. Одан берілетін зекет мөлшері – оннан бірі, – деп толықтырды қор өкілі.
Құран Кәрімде: «Намазды орындаңдар, зекет беріңдер һәм Аллаға көркем қарыз (садақа) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала жасаған қайырларыңның (қиямет күні) Алланың қасында одан да қайырлы әрі мол сауапты екенін табасыңдар», – деген екен. Зекеттің үкімі туралы баяндаған қор өкілі Бауыржан Ахметов ғибадаттың мәнін де түсіндіріп өтті.
– «Зекет» сөзі көбею, өсу, тазару мағыналарына саяды. Зекет берушінің мал-дүниесі тазаланады, берекеленеді, ең бастысы – жүрегі жұмсарады. Қаржыны біздің қорға аудару міндетті емес. Ақша немесе, мал-мүлкіңнің бір бөлігін беретін адамдарыңыз шын мұқтаж болуы тиіс, – деді Бауыржан Ахметов.
Кездесу соңында кәсіпкерлер көкейіндегі сұрақтарға жауап алды.
«Әлеуметтік салықтарды зекет деп есептеуге бола ма?» деген сұраққа дін өкілдері: «Оны сіз ғибадат ретінде емес, міндетті болған соң беріп отырсыз, сондықтан зекет болып саналмайды», – деп жауап берді.
«Біз бір жылда өткізген астығымыздан 18-24 пайыз ғана таза пайда табамыз. Сіз оннан бірін беру керек дедіңіз, мұны қалай түсінсе болады?», – деді диқан. Имамдар жауабы: «Сіздің жұмыскерлерді жалдағаныңыз, жерді өңдеуде жіберген шығындарыңыз, бәрі есептелуі керек. Шығыныңызға қарай жиырмадан бірін беруге де болады деген жеңілдіктер бар».
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
Добавить комментарий