Әскер төңірегіндегі үш сұрақ

Әскер төңірегіндегі үш сұрақ

Қазақстан армиясының қауқары қандай? Жастар неге әскерге барудан қашады? Олардың денсаулығына қатысты айтылып жүрген әңгімелер қаншалықты рас? 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында осы сауалдарға жауап іздеп көрдік

Қазақстан әскері құрылғалы ширек ғасырдан асты. Қорғаныс қабілеті жөнінен Global Firepower Military Ranks-2019 рейтингіндегі 137 мемлекеттің ішінде Қазақстан 54-ші орында тұр. Қырғызстан 91-ші, Тәжікстан 94-ші, Түркіменстан 75-ші сатыда. Ал, Орталық Азиядағы посткеңестік елдердің арасынан ең қуатты әскер Өзбекстандікі болып шықты (48 орын). Бұл рейтингте ядролық қарулар ескерілмейді. Тек әуе, теңіз және құрлықтағы әскердің қуаты бағаланған. Тізбектің алғашқы үштігі: АҚШ, Ресей және Қытай. Соңғы орындар Суринам, Либерия, Бутан елдеріне тиесілі.
Рейтинг қарудың жалпы көлемі, ел экономикасының ахуалы, жағрафиялық орналасуы, табиғи ресурстар қоры мен оны өндіру, әскери қызметке жарамды халық саны секілді әртүрлі 50 факторға негізделген.
GFM-нің дерегі бойынша Қазақстанда әскери қызметке 6 млн 498 мың азамат жарамды, жыл сайын шамамен 260 мың адам әскери қызметке шақыру жасына толады, армия құрамының саны – 40 мың адам. Қазақстандық армия меншігінде 216 ұшақ, 650 танк, 1613 БТР және БМП, 285 өзі жүретін қондырғылар, 700 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 400 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер және т.б. бар. Қазақстанның қорғаныс бюджеті 2 млрд 435 млн АҚШ долларын құрайды.
Екінші сұраққа көшейік. Кейінгі жылдары елімізде әскерден жалтарғандар саны артқан. Жекелей алғанда, Қостанай облысында да бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Мәселен, 2018 жылы 1033 жігіт Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартыпты. Бұл мәліметті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Андрей Григоревский жариялады.
«Қостанай облысы Қорғаныс істері департаментінің материалдары бойынша, әскерге барудан бас тартқан 2 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар Қостанай қаласы мен Әулиекөл ауданының тұрғындары. 2017 жылы аталған себепке байланысты 4 қылмыстық іс қозғалған еді. Былтыр Қорғаныс істері департаментінің бөлімдерінен 500-ден астам сұраным келіп түскен. Соған сәйкес тексерулер жүргізілгенде 90 азамат мекенжайларын қате көрсеткені анықталды», – дейді Андрей Григоревский.
Сонымен, жастар әскерден неге қашады? Оның түрлі себебі бар. Біз басты деген біреуіне тоқталайық. Жастар психологиялық тұрғыдан әлжуаз. Мұның бір ұшы тәрбиеге келіп тіріледі. Қазақта ұл баланың бас сабағы әкенің қас-қабағы еді. Алайда, қазіргі қоғамдағы бір түйткіл – әйел адамдардың ғана тәрбиесін көріп өсіп жатқан ұрпақ бар. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл оның кері ықпалы туралы былай дейді: «Бүгінде мектепте сабақ беретін мұғалімдердің басым көпшілігі – әйелдер. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мектептегі ер азаматтардың дені кәсібін тастап, жан-жаққа нәпақа іздеп кетті. Соның әсері ме, қазіргі жігіттердің дені қыздарға қатты ұқсайтын болып барады. Әскерге шақырылған жастардың көбі жарамай қалып жүр. Неге? Оған, ең бірінші, мектептегі тәрбие себеп болып отыр. Алғашқы әскери дайындық пәніне біз аса мән бермейтін болдық. Әскерге барғанда оң-солын танымайтын жігітке бір жылдың ішінде не үйрете аламыз? Қазір «кәсіби әскер» деп жағымыз талғанша айтамыз. Ал, кәсіби әскер ретінде оның денсаулығы, күш-қуаты, білімі жоғары болуы керек. Соның барлығын мектеп қабырғасынан қалыптастырғанымыз жөн».
Қостанай облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы Сергей Кузнецов айтқандай, 2015 жылдың көктем айынан бастап, Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскерден жалтарғандарға 1000 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл және 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ел арасында айтылып жүрген «әскерге шақырылған жастардың дені жарамай қалыпты» деген қауесет қаншалықты рас? Облыстық медициналық комиссия өкілдерінің айтуынша, осыдан 10-12 жыл бұрынғы жағдай алаңдататын. Мысалы, 2005-2006 жылдары әскерге шақырылғандардың 60% ғана өтсе, бүгінде 80-90% дейін жарамды. Дәрігерлер мұны жақсы көрсеткіш деп отыр.
«Жыл сайын әскер қатарына шақырылатындардың денсаулығы жақсарып келеді. Көктемгі, күзгі шақырылымдарда күніне 50-60 жеткіншекті қараймыз. Майтабан, салмағы мен бойының сәйкес келмеуі сияқты нәрселер бұрыннан бар. Қазір жарамсыздардың нақты есебін білмеймін, бірақ олардың саны жыл сайын азайып жатқанын сеніммен айта аламын», – дейді облыстық медкомиссия мүшесі, қырық жылдан астам еңбек өтілі бар хирург Михаил Бауэр.
Әріптесінің сөзін психиатр Анна Гольдорф та растайды. «Жиырма жыл ішінде жастардың денсаулығы жақсарғаны аңғарылады. Есепте тұратындар саны тым аз. 27 жасқа жақындағанда олардың дені есептен шығарылады. Өйткені, үйлі-баранды болып, жұмысқа тұрады», – дейді ол.
Дегенмен, бір мәселе – аудандарда медкомиссия мүшелері толық емес. Оған жиырмадан астам дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ, кабинеттердің ескіруі де комиссия жұмысын сынға қалдырып тұр. Мәселен, былтыр туберкулезбен ауыратын Арқалық қаласының тұрғыны әскерге жарамдылар қатарына кіріп кетіп, кейін үйіне қайтарылды.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!