Шыңғыс САДУЕВ: «Имамдар әлеуметтік желіде белсенді болуы керек»

Шыңғыс САДУЕВ: «Имамдар әлеуметтік желіде белсенді болуы керек»

Деструктив ағымдардан сақтанудың ең сенімді жолы – діни сауаттылық. Сауатты, мәдениетті қоғамда адамдар арасындағы алауыздық, таным-түсінігіне қарай бөліп-жару болмауға тиісті. Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университеті исламтану мамандығының 4-курс студенті Шыңғыс Садуев осындай пікірде. Біз болашақ теологпен осы тақырыпта әңгімелестік. Қаперге ілетін пайымдар айтылды.

– Оқырмандар үшін түсінікті болсын, қай жерде туып өстіңіз, дін жолына кім тәрбиеледі, сол жөнінде аз-кем тоқталып өтсеңіз. Қазір жастардың көбін бизнес, ІТ саласы қызықтыратыны жасырын емес. Өзіңіз секілді қаланың баласына дін, теология ілімін таңдауға не себеп болды?
– Қостанайдың тумасымын. Бала күнімде нағашым Бақытжан қажы Икрамұлы мешітке әкеліп, ислам дінінің негіздерін түсіндірді. Ал, Құран оқуды Қостанайдағы Ақмешітте түрік ұстаздан үйрендім. 12-13 жасымда. Қаладағы қазақ-түрік лицейін бітірдім. «Нұр-Мүбарак» университетінің Талғардағы бір жылдық курсынан араб тілін меңгеріп шығып, кешенді тестілеу арқылы оқуға түстім. Қазір аталмыш оқу орнының төртінші курс студентімін. Еліміздегі білікті мамандар тәлім береді. Мысырдан, Араб елдерінен келген ұстаздарымыздың да дәрісін тыңдаймыз. Университетте мың жарымнан артық студент білім алса, мен оқитын орысша топта 14 адам бар. Ал, қазақ тобында оқып жүргендер жүзге жетеді-ау. Біразымен пікірлесіп тұрамын. Олар Отанымыздың әр бұрышында бейбіт те, тұрақты өмір үшін еңбек етуге дайын.
– Дін – өте нәзік тақырып. Ақ-қараны ажыратып түсіндіру, теріс ағымдағы отандастарымызды дұрыс бағытқа бұру – имам-молдалардың ғана емес, сіз секілді болашақ мамандардың да міндеті. Осы мақсаттағы жұмыстарымызды жетілдіруге не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?
– Қазіргі кезде дінге қатысты стереотиптер мен қате ұғымдар көп. Бұған деструктив діни ағымдардың ықпалы бар екенін сіз бен біз білеміз. Алайда, халықтың бәрі бірдей іліммен қаруланбаған ғой. Осындай шақта ата дінімізді дұрыс әрі прогрессив көзқараста түсіндірудің жолы қандай? Ислам ешкімнің жауы емес, ол – бейбітшілікке, ізгілікке үндейтін ілім. Осыны өзінің мысалдары арқылы өте сауатты ұғындырып беретін мамандар қажет. Заманауи тетіктерді пайдалана білуіміз керек. Сол арқылы Ислам дініндегі ілім-білімге, мәдениетке, тазалыққа бастайтын ұғымдарды насихаттау маңызды. Яғни, мұсылман айналадағының бәрінен жиіркене беретін жан емес, жаманды түзететін, жақсыны түлете түсетін адам. Бұл дінде аспаннан Құдай өзі береді деп жата беруді насихаттамайды, еңбектенуге шақырады. Міне, осындай құндылықтарды жеткізгенде Ислам дініне дұрыс көзқарас қалыптастыра аламыз.
Сонымен қатар, деструктив діни ағымдардың қателігі неде екені барлық жерде анық айтылуы тиіс. Олар бәрін дұрыс істеп жүрміз деп есептейді. Ізгіліктен алшақтап кеткенінен-ақ адасқанын түсіну қиын емес. Қазір көп адам ақпаратты ғаламтордан іздейді. Насихат жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы белсенді жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, олардың қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін айыра алмайтындар жетерлік. Сондықтан, елімізде жұмыс істеуге рұқсаты бар дін қызметкерлері мен белгілі білікті теологтар интернетте блог немесе канал жүргізіп отырғаны абзал. Бірақ, олар қызықтыра білетін контент қалыптастырса деймін.
Бүгінде смартфондарға арналған Құранды өз бетінше оқып үйрену қосымшалары бар. Ресейліктер онлайн-медреселер ашып қойған, біз де неге қолға алмасқа?!
– Атқарушы билік өкілдері әлеуметтік желіде бір-бір аккаунт ашып алып, халықпен тікелей байланыс орнатып жатыр. Имамдарға ашықтық же- тіспей жатқан сияқты. Бұған не дейсіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Имамдар әлеуметтік желіде белсенді болуы керек. Олар да көпшілік алдында жүрген адамдар ғой. Олар дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын жүргізіп отырса, жастар үлгі алар еді. Кейбіреулер имамдар тек мешіттен шықпайды деген жаңсақ пікірден арылар еді. «Имам» сөзі араб тілінен аударғанда «соңынан еретін адам» деген мағынада.
Мешіттердің жеке сайты болуы тиіс. Неге? Оған жоғарыда жауап беріп кеттік. Тек қоса кеткім келіп тұр. Егер мешіттің сайтында намаз оқу кестесі, жөн-жоралғылар жүргізу және тағы басқа мәліметтер жазылып тұрса, сұрағына жауап іздеген адам одан өзіне керегін таба алса, «имаммен байланыс» бөлімін ашып қойса, міне, нағыз ашықтық сол.
– Өзіңіз интернетте блог, канал жүргізесіз бе?
– Қазір мен ешқандай әлеуметтік желіде жоқпын. Бар зейінім – оқуда. Толыққанды маман атанып шыққан соң, айналысуға болады. Өзім бір компанияның Құранды қазақ және орыс тілдеріне аударған смартфон қосымшасын жасау жобасына қатыстым. Бағдарлаушылармен бірге көп еңбек еттік. Онда әр сөздің қолма-қол аудармасы ғана емес, Ислам дінінде кездесетін ұғымдардың анықтамалары да бар. Жоба толық іске қосылуға жақын қалды.
– Дін тақырыбында халықаралық семинарлар мен конференцияларға қатысып жүр екенсіз. Үлкен мінберлерде не жөнінде жиі айтылды?
– Бір халықаралық конференция біздің университет қабырғасында өткен болатын. Мысыр үкіметінің өкілдері келіп қатысты. Жастардың дінге көзқарасы, бүгінгі қоғамдағы мәселелер сөз болды. Осындай тақырыпта үлкен форум ел астанасында да ұйымдастырылған. Жастар жылына орай. Әрине, ол жерде жастардың Ислам іліміне бетбұрысы жөнінде айтылды. Мен де аят, хадистерден мысал келтіріп, «жастық шақ – ілім іздейтін, Аллаға жақындай түсуге берілген үлкен мүмкіндік» деген мағынада баяндама жасадым.
– Жастарды көбіне қандай сұрақтар мазалайды? Құрбы-құрдастарыңыз көбіне қандай сауалдар қояды?
– «О дүниеден соң не болады?», «оны сіз қайдан біліп тұрсыз?», «Құдай мейірімді болса, адамдар неге азап шегеді?» деген сыңайдағы сауалдар жиі қойылады. Бірақ, олар көбіне қарапайым сұрақтардың жауабын білмейтіндер. Мәселен, шошқаның етін неге жеуге болмайды? Соның жауабын білмей тұрып, одан да тылсым дүниелерді білгісі келеді. Жаратушы Иеміз жауап бермеген сұрақтарға жауап іздеп керек емес.
– Қостанайдағы Жайлаубай ата мешітінде тәжірибеден өтіп, шәкірт тәрбиелеп, жамағатқа дәріс беріп жүр екенсіз.
– Негізі, тәжірибе мерзімі аяқталған. Былтыр алғашқы практиканы Мүфтияттан өткерген едім. Биыл Жайлаубай ата мешітінде өткізгенді жөн көрдім. Алғашқы он күнде 10-14 жастағы балаларға тәжуид ілімін үйреттім. Басқа күндері кешкісін жамағатқа сабақ бердім. Тәжірибе уақыты біткенімен, Алматыға оқуға кеткенше дәріс беруді жалғастыру ойымда бар.
– Мешітте ұстаз болғыңыз келе ме, әлде ғылым жолына түсесіз бе?
– Иә, менің жолымда әртүрлі бағыт тұр. Мешітте немесе мемлекеттік құрылымдарда (министрлікте, қауіпсіздік комитетінде, т.б.) жұмыс істеуіме болады. Әлі бір жыл оқуым керек. Сондықтан, нақты шешім қабылдауға уақыт бар. Халықаралық қатынастар саласында жұмыс істесем бе деген ой да қылаң беріп қалады. Радикалды ұйымдарға қарсы жұмыс жүргізу үшін. Оларды жеңу немесе қоғамға оралту жөнінде оқулықтар жазып, бар жиған білімімді, күш-жігерімді салып, бір көмегімді тигізсем деймін.
– Бәрекелді! Арманға жетуіңізге тілектеспін!
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!