Сексеуіл неге сиреді?

Сексеуіл неге сиреді?

Ғалымдардың болжауынша, тірі организм түрлерінің соңғы он жылдықтардағы жер бетінен жоғалу шапшаңдығы эволюцияның табиғи жылдамдығынан бес мың есе қарқынды көрінеді. Қазақстаның флорасы мен фаунасы да азайып барады. Иә, бұны айтуға табиғаттың тілі жоқ, ал адамның табиғатсыз күні жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары экологтар сексеуілдің селдіреп, сиреп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Ел арасында «шөл даланың падишасы» атанып кеткен сексеуіл алқаптарының көлемі соңғы жиырма жылда 4 есеге кеміген…

Көмір мен газға қол жетпеген жылдары көптеген ауыл-аймақтар осы өсімдікті отынға да пайдаланды. Соның кесірі бүгін білініп жатыр. Аяусыз оталған өсімдіктердің орны құла түзге айналып шыға келді. Тіпті, кейбір аймақтарда құм көшкінінен арақатынас жолдар жабылып, ауылдар аңызғақ желден көз ашпай қалды. Әсіресе, еліміздің батыс өңірлері үшін бұл өте қауіпті болып тұр.
Шөлейтті аймақтың байлығы саналатын сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы көп. Оның, әсіресе, құм көшкіндерін ұстап тұруға септігі мол, отын ретінде пайдасы одан да көп, тіпті емдік шипасы да бар. Бірақ, сексеуіл ағашының өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сексеуілді шабуға 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған болатын. Алайда, осынау қатты ағаш саудасы одан азайған емес. 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап сексеуілді сатуға тыйым салатын заң күшіне енді. Сондай-ақ, одан жасалған бұйымдарды да саудаға салу заң бұзушылық деп есептеледі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мамандары сексеуілді сатқандарға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын айтады. Егер заң бұзушылық қайталанса, қылмыстық іс қозғалады.
Бүгінде еліміздің шөлейтті аймақтарында, сондай-ақ, Арал теңізі маңында құм көшкінін азайту үшін сексеуіл түптерін отырғызу қарқынды қолға алынған. Сексеуіл қардың тез еруіне тосқауыл болып, топырақта ылғалдықты жақсы сақтайды, жайылым жақсарады. Сонымен қатар, ол аймақта жабайы аңдар: түлкі, қоян, қарсақ, т.б. тұрақтайды, құстар да солай.
Заңдағы өзгерістер, әсіресе, кәуап пісірушілер үшін ұнамай отыр. Себебі, сексеуіл кәуап пісіруге таптырмас отын. Шоғы ұзақ уақыт сөнбейді әрі қызуы да жақсы. Сексеуіл шоғымен піскен кәуаптың дәмі де ерекше. Қалаларда бір құшағы пәленбай мыңға бағаланатыны да содан.
Бағалы өсімдіктің өсіп-жетілуі де оңай емес. Сол себептен қай жылдары тамырымен қоса жұлынған аймақтарды қалпына келтіру әлі де мүмкін болмай келеді. Сексеуілдің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, елімізде соның ақ, қара және Зайсан сексеуiлі деген үш түрі ғана өседі. Ақ сексеуіл құмды төбелерді таңдаса, қарасы тегіс жазықтарда жақсы өсетін көрінеді. Тамыры 10 – 11 метр тереңдікке дейін кететін өсімдік жиырма жылда бар болғаны 1,5 метр ғана бой көтереді. Кейде бұтақтарының биіктігі 5 метрге дейін өсетіндері де кездеседі. Бірақ, басым бөлігі бойға емес, жанына қарай жайылып өскенді жөн көреді. Ал, қарасы ақ сексеуілге қарағанда жуандау әрі ірі келеді. Биіктігі жеті метрге дейін жетеді. Тамырын тереңге жаяды. Осы екеуiне тән ерекшелiктер Зайсан сексеуiлiнде де бар. Жалпы айтқанда, үшеуi де тарғылданып, иiр-иiр болып өсетіндіктен құрылыс материалдарына қолдануға қолайсыз.
Сексеуіл жайлы сөз қозғалғанда оның амандығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген қорықшылар жайлы айтпай кетуге болмайды. Сонымен бірге, оны күтіп-баптайтын арнайы мамандардың еңбегін де естен шығармаған жөн. Статистикалық мәліметтер дала кезіп, түзде жүретін орманшыларды айлығы аз қызметкерлердің қатарына жатқызады. Сол себепті жастар бұл мамандықты құп көрмейді. Орманшылар мен бағбандардың басым бөлігі – орта жастан асып қалғандар. Орман шаруашылығы мамандарының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Қорықшы мамандардан бөлек, орман ағаштарының биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны күтіп-баптаудың, өсірудің қыр-сырын білетін мамандар жоқтың қасы. Барының өзі шалғайдағы ауылдарға барып жұмыс істеуге құлықсыз.
2017 жылы қабылданған құжатта бұл мәселе де ескерілген еді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап табиғатты қорғау қызметкерлерінің жалақысы 25% дейін көтерілді. Сондай-ақ, оларды баспанамен, мал жаю және шөп шабу үшін жер учаскесімен қамтамасыз ету де заңда қарастырылған.
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!