Құрбан айт құтты болсын!

Құрбан айт құтты болсын!

Қадiрлi де құрметті қауым! Күллi мұсылман жұртының ұлық мерекесi – Құрбан айт құтты болсын! Жаратқан Алла елiмiзге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға бейбіт аспан берекелі тіршілік берсін!

Қазіргі таңда індет жүріп жатқан жағдайға байланысты айт намазы оқылмайды. Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде күніне дәл келіп отыр. (31 шілде, 1 тамыз, 2 тамыз құрбан айт күндері). Таңғы сағат 09.00-ден бастап құрбандық шалына береді. Әркім өз аумағында құрбандық шалады. Жылдағыдай «5-нші дүкен» маңындағы арнайы орында қойлар сатылады.

Құрбан шалу уақыты:
Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді.
Құрбандыққа жарамды малдар:
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісіге арнап шалуға болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам ниетімен де ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Өлген кісілерге Құран бағыштап, әр үйде дұға оқылып тұрғаны абзал. Жетім-жесірлерге көмек беру де құпталатын амал. Асыл дініміз осыларды бұйыратынын ескере жүргеніміз жөн.
Шариғат құрбандық шалуды барлық адамға жүктемейді. Оны тек жағдайы бар адамдар жасаса болады.
Барша мұсылманның шалған құрбандығын Алла Тағала қабыл етсін! Дұға-тілектер қабыл болсын! Індетпен ауырып жатқан кісілерге Алла шипасын берсін! Індет-аурудан аман
болайық!
Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,
Тобыл қаласының бас имамы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!