Отбасы – бақыт мекені

Отбасы – бақыт мекені

Мамырдың 15 жұлдызында ауданымыздың «Алтын дән» мәдениет үйінде, Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы – бақыт мекені» атты аудандық байқау өтті. Сайысқа мәдениет жанашырлары, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді насихаттап жүрген өнегелі, өнерлі ақ жаулықты әжелер немерелерімен қатысты.

Байқау 4 кезең бойынша жүргізілді. І кезең – өзін таныстыру, ІІ кезең – тағам түрлері, ІІІ кезең – салт-дәстүр, ІV кезең – шығармашылық.

Отбасы мерекесіне орай ұйымдастырылған сайыстың мақсаты өскелең ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеу. Әже тәрбиесін үлгі ету. Әжелердің айтқаны асыл екенін, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану керек екенін ескеру. Сонымен қатар әжелер өнегесінің ерекшелігін аша отырып, баланы кішіпейілділікке, қарт адамдарды құрметтеуге үйрету. Байқау барысында әжелер немерелерімен бірге өнерлерін ортаға салды, қазақ халқының ұмыт қалып, ескерілмей жүрген тағамдары мен салт-дәстүрлерін көрсете білді. Асыл әжелеріміз ата-бабамыздан қалған әдет-ғұрыптарымызды сақтай отырып, отбасылық тәлім-тәрбиелерін берумен қоса, осындай аудандық іс-шараларға қатысу арқасында үлгілі тәжірибе көрсетті. Соның ішінде Айсары ауылынан келген 80 жастан асқан Төлеубаева Сақыпжамал әжеміз сайысқа жұбайы Айтжанов Әбдір атамызды еріте келіп, «Айтыс» өнерін көрсетіп, көрерменді таң қалдырды.

Сонымен қатар Тобыл қаласынан Елеусізова Бақытжамал әже немерелері Арман, Айшамен, Қостомар ауылынан Нұрмағанбетова Сәуле әже немересі Айшамен, Заречный ауылынан Абдигамидова Райхан әже немересі Назбен, Айсары ауылынан Төлеубаева Сақыпжамал әже шөбересі Мұхамед-Әлимен, Садчиков ауылынан Сейіткереева Қаршыға әже немересі Айданамен жанұядағы әже мен немере арасындағы сүйіспеншілік қарым-қатынасты дәріптеді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, әжелеріміздің жүздерінен немерелеріне деген мейірім төгіліп тұрды, әр сөздері ғибратқа толы болды, ұлттық тәрбиенің үлгісі бола білді.

Әжелеріміздің өнерін бағалаған әділ-қазыларға шешім шығару оңай болмады. Сондықтан әжелерімізге көрсеткен өнерлеріне сәйкес белгілі атаулар беріліп, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Әлбетте, байқау қорытындысы бойынша оза шауып жеңімпаз болуы міндетті. Сондықтан байқаудың жеңімпазы Айсары ауылынан келген Төлеубаева Сақыпжамал әже мен шөбересі Қуаныш Мұхамед-Әли «Үздік әже мен немере» атағын иеленді. Сақыпжамал әже бұл байқауға Әбдір атамен бірге екі келіні мен немере келіндерін ерте келді. Бұл отбасы Айсары ауылының тұрғындары. Сақыпжамал әженің айтуы бойынша жас кездерінде жұбайы Әбдір ата екеуі аудандық, ауылдық мерекелік іс-шаралардың ортасында жүрген өнер адамдары болған. Бірге қос дауыста өлең айтып, күмбірлеген қазақтың қара домбырасын қолдарына алып, бірнеше байқаулар мен сайыстардың ортасында жүрген өнерлі де өнегелі отбасы. «Ата көрген, оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ата мен әжелеріне қарап, немере-шөберелері де өнерден қалыс қалмаған.
Сайысқа қатысқан барша әжелеріміз өздерінің үлгі-өнегелерін келешек ұрпақтарға көрсете білді. Аяулы асыл әжелеріміздің тәрбиесін, болашақ ұрпақ жалғастырады деген үміттеміз.

Айнұр СЕЙТОВА,
«Алтын дән» аудандық мәдениет үйінің
қазақ-этномәдени бірлестігінің жетекшісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!