Қоғамдық кеңестің қарауындағы сұрақтар

Қоғамдық кеңестің қарауындағы сұрақтар

Қостанай аудандық әкімшілігінде аудан әкімі Берік Таңжарықовтың қатысуымен қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, аудандағы қылмыстық жағдайдың жай-күйі және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері мен Тобыл қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды.

Қостанай аудандық полиция бөлімінің басшысы Талғат Тапаев өткен 2023 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталып, кеңес мүшелерін алдағы уақыттағы міндеттермен таныстырды. Полковник Талғат Жоламанұлының айтуынша қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың қатары азайған (82-ден 51-ге). 680 адамды қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, сауда орындарының 18 сатушысы мен дүкендердің иелері мезгілсіз уақытта ішімдіктерді сатқаны үшін жазаланған. 12 адам ащы суды рұқсатсыз сатып, пайда тапқан. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі қоғамның дертіне айналып отырған арақ адамның денсаулығы мен қоса рухани саулығына да кері әсер етері сөзсіз. Облыс орталығында орналасқан ішімдіктен мәжбүрлеп емдеу мекемесінде ауданымыздың 76 азаматы ем қабылдауда. Дәл осы көрсеткіштер қылмыстың алдын алуға көбірек әсер ететіні белгілі.

Аудан орталығында қылмыстық істердің жедел анықталуына 52 бейне-бақылау камераларының да көмегі бар. 2023 жылы 202 әкімшілік құқық бұзушылық бейне-бақылаудың көмегімен тіркелген. Алдағы уақытта сапалы бейне-бақылау камераларының саны көбейсе, қоғамға әкелер пайдасы аз емес.

Сонымен қатар Талғат Жоламанұлы бүгінгі күні үлкен мәселеге айналған – интернет алаяқтыққа тоқталды. Алыстан алдап, қоғамды қармап отырған интернет алаяқтықтың 58 дерегі тіркелген. Күн бе күн алаяқтар айласын арттырып, қанжығалары майлануда. Оларды тауып жазалау ішкі істер қызметкерлеріне оңайға түспеуде.

Сондықтан алаяқтықтың алдын алу бағытындағы ақпараттық жұмыстарды күшейту маңызды. Жақында Қостанай ауданының әкімі Берік Қуанышұлының атын жамылған интернет алаяқтар аудандық әкімшілік қызметкерлеріне несие алып, белгілі есеп- шоттарға жіберулерін сұраған ақпарат таратып, әкімшілік қызметкерлерін пайданалуға тырысқан. Дер кезінде ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталып, алаяқтардың пиғылы жүзеге аспаған. Аудан әкімі өз басынан өткен оқиғамен бөлісіп, полиция бөліміне аудан тұрғындарымен қылмыстық істердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Жиында сөз алған Тобыл қаласының әкімі Захар Комаров аудан орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады.

2024 жылы қаланың бюджеті 1 млрд 266 млн 929 мың теңгені құрайды. Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бағдарламасына 474 млн 918 мың теңге бөлініп, оның 142 млн астамы 12 көшені жарықтандыруға жұмсалады. Волынова, Геологическая, Молодежная, Северная, Обручева, Урожайная, Мичурина, Новая, Озерная, Заречная, Комсомольская, Семина көшелерінің кезегі жетіп, жылдың аяғына дейін көше жарығы пайда болады.

20 млн 760 мың теңге тұрғындардың қоқыс тастайтын алаңдарында жинаусыз қалатын қоқыстарды тазалауға бөлінді. Сонымен қатар қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға 138 млн астам қаржы жоспарланды. Ол қаржы Тәуелсіздік Аллеясын, орталық балалар алаңын, «Жаңару» саябағын баптап күтуге, бағдаршамдар мен бейне-бақылау камераларының қызметіне, ағаштарды кесуге, гүл отырғызуға, шөп шабуға т.б жұмсалады.

Автокөлік жолдарының қызметін қамтамасыз етуге 748 млн 443 мың теңге бөлініп, 295 млн астамына 13 көшенің жолдарын жасайды. Обручева, Заречная, Урожайная, Мичурина, Дорожная, Озерная, Северная көшелерінде, Пионерский тұйық көшесінде, Восточная, Герцена, Л. Беды, Шипина көшелерінің жартысында ( 25 лет Целины көшесінен сайға дейін) тас жол салынады. Захар Комаровқа қоғамдық кеңес мүшелері қала тұрғындарын мазалап жүрген сұрақтарды қойып, қаламыздың көркейіп, келбетінің жақсаруына байланысты маңызды мәселелер талқыланды.

Ағаш егіп, көгалдандыру, қаптап өсіп кеткен шөпті шабу, көшелердегі жарық шамдарының жұмысы, балаларға арналған ойын алаңдарының жай-күйі көңілден тыс қалмады. Қалалық №3 мектеп-гимназиясының қасына қосымша автотұрақ салуға 8 млн астам қаражат бөлініп, балалардың қауыпсіздігі үшін жағдай жасалатыны, 40 лет Октября көшесіне маусым айының ортасынан бастап жол салу жұмысы басталатыны айтылды.

Сулейман МҰРАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!