Нұрлан ЖАНАЙ: Жеңістің жолы жеңіл емес
Ол – блогер, IT маманы, жастарға білім беретін Intellect Incubator қоғамдық қорының директоры. Сондай-ақ, журналистерге, ақпарат саласының мамандарына да жаңа технологиялар жөнінде дәріс оқиды. 2011-2014 жылдары қазақша Уикипедияның дамуына ерікті түрде атсалысып, мыңнан аса мақала жазған. Бүгінде Нұрлан Жанайдың есімі қазақ жастарына жақсы таныс.
– Сізді интернет кеңістікте әр сайт әрқалай таныстырып жатады. Біреулер үшін сіз ІТ технолог, блогер, енді біреулер үшін бизнесменсіз. Осы айтылған тізімнің ішінен қайсымен көбірек келісесіз?
– Негізгі мамандығым – ІТ саласы. Қазір осы салаға қатысты қызмет көрсететін бірнеше компаниямыз бар. Ал, блогер болу әлбетте, мамандық емес. Десе де, блогер ретіндегі алғашқы жазбаларым 2012 жылы жариялана бастапты. Ондағы мақсатым – ІТ саласында білгендерімді халықпен бөлісу еді. Себебі, бұл салада қазақша контент жоқ. Осы мақсатта қазір халықпен кездесулер жиіледі.
Біріншіден, блогерлік – өмір сүру салты. Көңіл-күйіңді жазу, білгеніңмен бөлісу. Екіншіден, мен үшін бұл – естеліктер жинағы. Міне, осы ІТ саласы мен блогерлікті пайдаланып, бүгінде бизнес жасап жүрген жайым бар. Блогерлік – ол бүгінім. Бизнес – болашағым. ІТ маман – мәңгілік. Осы жауап әлдеқайда ұғынықтырақ болды деп
ойлаймын.
– Әлеуметтік желілерді жұмыс барысында тиімді пайдалану үшін не істеу керек?
– Қызылорда, Шымкент, Тараз, Атыраудан бастап, еліміздің көптеген өңірлеріне тренерлік сабақтар беріп жүргенімнің өзі – әлеуметтік желілердің пайдасы. Мысалға, ағылшын тілін үйрететін курстарымыз да бар. Клиенттерді негізінен әлеуметтік желілер арқылы тартамыз. Әлеуметтік желіде белсенді болмағанда, бизнесіміз бұлай дамымаған да болар еді.
– Сонда күніне желіге қанша уақытыңызды жұмсайсыз?
– Ең аз дегенде тәулігіне 5-6 сағат. Кейде уақытымды 8 сағатқа дейін желіге арнайтын сәттер де болады. Дұрыс түсініңіз, мұның барлығы тап-таза жұмысқа арналады.
– Желідегі жеке парақшадағы жазбаларыңыздың бірінде: «Фейсбукта біреуді атымен табу ақырет болды ғой. Қазақшалап жазып көресің, ол еш шықпайды. Ағылшыншалап жазасың (өзіңнің үйренген тіліңмен), олай да шықпайды. Орысшалап «л» әрпінен кейін «ь» белгісін қойып жазасың, дым таппайсың. Ал, енді қазақ тілінің латын графикасы туралы сөз қозғамай-ақ қояйын. Біздің тілге тез арада ортақ стандарт керек», – депсіз. Ол стандарт сіздіңше қандай болуы керек?
– Бұл латын әліпбиіне қатысты қалдырған жазбам еді. Қазір бізде әркімнің өзі ойлап тауып алған латын әліппесі бар. Тіпті, әр ғалымның өзі бір-бір төбе болып, өзі ұсынған жобаны дәлелдеп әлек. Әлемде латын графикасының 300-ге жуық үлгісі бар екен.
Бұдан бөлек, шетелге шығатын төлқұжатымыздың да өзіндік латын тілі бар. «Ж» әрпін «Zh» деп белгілейді. Менің санамдағы латында «ж» әрпін «j» таңбасымен белгілеудің айыбы жоқ. Осыдан әр әріпті әрқалай таңбалау басталады да, бір-бірімізді желіден таба алмай қиналамыз.
– Латын графикасына байланысты ұсынылған жаңа үлгілерді қалай қабылдадыңыз? «Тілді технологияға емес, технологияны тілге икемдеу керек» деген пікір де бар. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Технология тілге икемделмейді. Қазір әлемде ешқандай апострофсыз, диграфсыз қолданылып жүрген латынның 26 әрпі бар. Бізде екі тіл бар. Біреуі – коммуникатив, яғни, байланыс тілі. Екіншісі – гаджеттер тілі. Бұл – кодты жазатын тіл. Осы екі тіл қай уақытта бір-біріне сәйкес келеді, сол кезде тіл дамиды. Ағылшындар қалай әлемнен озып кетті деп ойлайсыз? «Барлық мәселе графикаға қарап қалатын болса, Германия, Жапония елдері артта қалып қою керек еді ғой» деген де пікір бар. Бірақ, латынға көшкен Нигерия сынды елдер оза шауып жатқан жоқ. Енді ойлаңыз. Неге екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде дамыған екі ғана ел болды? Германия неше түрлі брендтермен автомобиль бизнесін дамытты. Технология жағынан Жапония дамып кетті. Бірақ, «Фейсбук», «Гугл» сияқты дүниелердің барлығын Америка шығарады. Себебі, бұл жерде ағылшын тілінің маңызы өте жоғары болып тұр. Осылайша, америкалықтар байланыс тілі мен технология тілін сәйкестендіріп алды. Олар QR кодты да, бағдарламаны да өздері шығара береді.
Мысалға, әлемдік брендке айналған Iphone-ның өзіндік құнын шартты түрде 100 доллар деп алатын болсақ, ақшаның 70 пайызы ішіндегі кодқа, орнатылған бағдарламаға төленеді. Телефонның сыртын қаптап тұрған темірге ақшаның 30 пайызы ғана тиесілі. Жапондар қанша тырысқанымен, олардың пайдасы сол отыз пайыздан әріге
аспайды.
Егер қазақтың дыбыстық ерекшелігін айқындайтын әріптерге апострофтар салып қойсақ, онда Түркия, Германия тәжірибесінің тиімсіз тұстарының зардабын шегетін боламыз. Сондықтан, ағылшындар пайдаланып отырған әліпбиді қазақ тіліне енгізген тиімдірек.
– «Бүгін түнде тұлға болудың және бай болудың 100 қадамын жазып тастаймын Excel-ге. Жоспарсыз, стратегиясыз ешкім емессің, Абай айтпақшы, «боқ көтерген боқтың қабы» екенсің. Жоспар құратын әдеттерің бар ма?» Бұл – сіздің жазбаларыңыздың бірі. Сонымен, бай болудың қадамын жаздыңыз ба?
– Үш жүз күнге жоспар құрып тастадым. Осы аталған күн ішінде 120 миллион теңге табамын деген мақсат қойдым. Қазір сол көздеген мақсатымның 25 пайызы ғана орындалды. Межелі күнге дейін жоспарымның 60-70 пайызын орындайтыныма сенімдімін.
Менің ойымша, отызда орда бұзбаған қырықта қамал алмайды. Сондықтан, мақсат жолында күресе білу керек. Қанша рет құласаңыз да, қайта тұрып, алға ұмтылсаңыз, сіздің расымен де мықты адам болғаныңыз.
Кенже СҰЛТАН
Добавить комментарий