Мектебімізге 50 жыл!

Мектебімізге 50 жыл!

Қостанай ауданының Озерный негізгі орта мектебі іргетасы қаланғанына 50 жыл толуын атап өтті. Білім ордасының іргетасы 1974 жылы қаланған болатын.

Білім ұясының мерекесі ерекше басталды. Таңертеңнен мектеп ішінде әдемі әуен ойнап тұрды. Мектеп ұжымының да қуаныштан көздері бал – бұл жайнап жүр. Киімдері де ерекше. Мектептің әр оқу бөлмесі де безендірілген. Ал мектептің дәлізі тіпті ерекше құлпырып тұр.

Иә, бүгінігі күн мереке. Бүгін алтын ұя мектебіміздің туған күні. 50 жыл!

Мерейтойға Қостанай аудандық білім бөлімінің бастығының орынбасары Нартаев Алтынбек қатысып, қара шаңырақ жарты ғасырлық тарихында терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырғанын, бұл жолда мектептегі сапалы білімнің негізін қалаған білікті мұғалімдерлің еңбегі айрықша екендігін айтты.

Шара барысында Қостанай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Айтмагамбетов Серик Канапеевич білім ордасының 50 жылдығына орай мектептің мұғалімдеріне, қызметкерлеріне – Толагай Еркебек, Наталья Логинова, Нина Александровна және ардагер ұстаз Умитжан Акжанова анамызға алғыс хат табыстады. Мектеп ұжымын мерекемен құттықтай келген Серік Канапеевич:

-Ардагер ұстаздардың, мектеп түлектерінің мектептің жарты ғасырлық тойына келіп, мектепке құрмет көрсетуі – бүгінгі білім алып жатқан жастарға үлгі-өнеге. Тәлімі теңіз, рухы асқақ ұстаздардың алдын көріп, білім нәрімен сусындаған кешегі шәкірттер бүгінгі мектептің түлектерінің алтын ұяға келуі бәрімізді қуантты.Барлықтарыңыздың да еңбектеріңіз еленіп, әлі де ел үшін қызмет жасай беріңіздер, – деді ағамыз ағынан жарылып.

Московский ауылының әкімі Нурлан Кузайбин елу мың теңгеге сертификат табыстады.

-50 жыл бойы мұнда көптеген қабілетті де еңбекқор шәкірттер оқыған, білікті де білімді ұстаздар еңбек еткен және әлі де еңбек етіп жатыр. Мектеп – ең маңызды және қажетті білімді беретін алтын ұя. Сондықтан, осы жерде білім нәрімен сусындаған барша түлек өмірден өз орнын тапсын. Мектебіміздің жұмысы алға басып, білім сапасы артып, табысты болсын. Әрдайым шәкірттері ізденімпаз, ұстаздары дарынды, материалдық-техникалық базасы заман талабына сай мектептердің қатарында болсын, – деді сөз соңында ауыл әкімі.

Московский ауылдық округі әкімінің Алғыс хатымен көп жылдардан бала оқытып, ұстаздық жолын жалғастырып келе жатқан Балғынбек Құрмашұлы, мектеп психологы Гүлнар Есенғұлова, бастауыш сынып мұғалімі – осы мектептің түлегі Ольга Сугакова, сонымен қатар еден жуушы Вероника Поплаухина марапатталды.

Мерейтойға арнайы шақырылған ардагер ұстаздар, мектептің бұрынғы түлектері білім ұясының қазіргі жетістіктеріне куә болып, қуанышқа кенелді.

«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» – деген. Осы мектептен білім нәрін алып, көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп еменге айналғанына Озерный ауылының тұрғындары куә. 50 жылда талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты.

Бүгінгі кеште саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған ардагер-ұстаздар: Анатолий Панин, Надежда Панина, Умитжан Акжанова, Ряш Маканова, Қанымкүл Малтабарова, Валентина Мартыненко, Татьяна Ивтушок, Екатерина Антропова, Мируерт Есмакова, Надежда Веселова, Надежда Заводчикова, Ида Маркштедер, Анна Заводчикова, Райса Кинерейш, Антонина Ромашкина, Галина Пономарева, Жанна Жангужина, Валенти Гордей, Лидия Бетхе үлкен қошаметке ие болды.

Мектептің атақ-даңқын шығаратын – мектеп басшысы, яғни, директор. Директор – мектептің миы, ұжымның ақылшысы, туындаған проблеманы дер кезінде шеше алатын, шештіре алатын, ұжымды ұйымдастыра алатын ұйымдастырушы. Бүгінгі кеште осы мектептің сапалы қызмет жасауына өз үлестерін қосқан мектеп директорлары да аталып өтті. Елу жыл ішінде мектепті басқарған: Александр Кирдан, Владимир Рудык, Валерий Гартман, Владимир Трост, Любовь Князева, Анатолий Панин, Ирина Марар, Асхат Есмаганбетов, Нуржан Нысамбаев, Наталья Логинова секілді мектеп басшылары ерекше аталып өтті.

Дана халқымызда «Ұстазға құрмет көрсету көрегендіктен» – деген тамаша сөз бар. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса төр – ұстаздыкі» дейтіні содан болса керек-ті. Жарты ғасыр бұрын ұшқан білім ордасына шәкірттік ілтипатын білдіріп, ұстаздарға құрмет көрсете келген мектеп түлектерінің азаматтық ісінен елшілдікті танып, марқайдық, масаттандық.

– Қайран, уақыт-ай! Оқушылардың барлығы білімді, тәртіпті болды. Кеше ғана тай құлындай тебісіп жүрген балалар бүгін ел ағасы болды. Бәрі бір-бір әулеттің тұтқасы. Шәкірттерімнің жетістіктеріне қуанып отырамын, – деді ардагер ұстаз Үмітжан Камантаевна.

Салтанатты кеш соңында жүргізушілер қонақтарды арнайы жайылған мерекелік дастарханға шақырды. Түлектер мектеп кезеңіндегі естеліктерімен бөлісті, өмір жолдарының қай арнаға бұрылғандығы, қандай қызмет атқаратындары туралы айтып, бір-бірін көрген кезде алған әсерлерімен, жаңалықтарымен бөлісті. Ардагер ұстаздарына алғысын білдірді.

Жылы жүздесудің аяғы естелік суреттерге түсумен жалғасып, ғибратты әңгімелер айтылды.
«Ұстаз» деген ардақты , киелі, үлкен құрметпен айтылатын сөзге ие Озерный негізгі орта мектебінің ұстаздарына бүгінгі елу жылдық мерейтойды жақсы атқарғандарына алғысым шексіз. Болашақ ұрпақты «Білім» атты кемеге отырғызып, ертеңге жол көрсетіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде тек жетістікке жетіңіздер дегім келеді. Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін. Мерекеміз құтты болсын, Аяулы алтын ұя мектебім!

Жұмабике НҰРСЕИТОВА,
Озерный негізгі орта
мектебінің директоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!