Мәслихаттардың рөлі күшейеді: Мемлекет басшысы депутаттарға қандай міндеттер жүктеді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде мәслихаттардың әлеуетін арттыру және жергілікті басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталды. Президент өз сөзінде мәслихаттардың жұмысын күшейту үшін бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті.
Қостанай аудандық мәслихатының депутаттары форумға қатысты
Алдымен Мемлекет басшысы аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруі тиіс екенін айтты. Соңғы жылдары жергілікті биліктің әлеуетін және өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Сонымен қатар еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті.
Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көздеріне ие болады. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жұмсай алады. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін қарастырып жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрлеріне арналған лицензиялық алымдар мен экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат беру мүмкіндігі де қарастырылуда. Мемлекет басшысы бұл ұстанымның дұрыс екенін атап өтіп, түскен табыс ең алдымен сол аймақты дамытуға жұмсалуы тиіс екенін айтты.
Осыған байланысты мәслихаттарға жүктелетін негізгі міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң бақылау. Аймақтарда бюджетті жоспарлау мен орындау сапасын арттыру айрықша маңызды. Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға көбіне жалпы мәлімет қана ұсынылып, толық түсініктемелер берілмейді. Сонымен қатар бюджет жобасы мәслихаттың қарауына көбіне соңғы сәтте жолданады. Соның салдарынан депутаттар оны қысқа мерзім ішінде қарауға мәжбүр болады. Бұл кей жағдайда қаражаттың халықтың нақты қажеттіліктерін толық өтемей, тиімсіз жобаларға жұмсалуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне бастапқы кезеңнен бастап қатысуы қажет. Бұл ретте барлық талқылаулар мемлекет пен өңір мүддесіне негізделуі тиіс. Лоббизм мен популизмге жол берілмеуі керек. Басты қағида – халықтың игілігі. Президент сондай-ақ әкімдіктердегі бюджеттік комиссия құрамына тәжірибелі әрі беделді мәслихат депутаттарын енгізу қажет екенін айтты. Бұл шешім бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы әкімдер республикалық бюджеттен бөлінетін дотацияларға ғана сеніп отырмауы тиіс екенін де атап өтті. Масылдық ұғымынан арылып, табысты арттыру үшін белсенді жұмыс жүргізу қажет. Бюджетті қабылдау кезінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жеке инвестиция тарту, бизнестің дамуына жағдай жасау және салық түсімдерінің көлемі сияқты нақты көрсеткіштерге назар аудару керек екенін баса айтты.
Президент мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылау қажеттігін де атап өтті. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлі күшейтілуі тиіс. Әкімдердің халықпен кездесулері барысында азаматтар түрлі мәселелер көтереді. Осындай түйткілдердің тиімді шешілуі үшін депутаттық корпус белсенді бақылау жасап, әкімдермен бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Сонымен қатар мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін қайта қарап, ретке келтіру маңызды. Қазіргі кезде олардың көптеген құзыреті әлі де нақты айқындалмаған. Бұл жағдай мемлекеттік басқару үдерісінің тиімділігіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты өз міндетін орындамаған немесе этикалық нормаларды бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет деді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіне ротациялық тәртіпті кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Осыған ұқсас қағидатты мәслихат төрағаларына да енгізу ұсынылды. Бұрын мәслихаттарды хатшылар басқарса, қазіргі кезде төрағалар басқарып отыр. Президент бұл шешімді дұрыс деп бағалап, олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет екенін айтты. Бұл тәсіл кәсіби депутаттық корпусты қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті диалог орната білуі тиіс. Президенттің айтуынша, азаматтардың арасында шын мәнінде көмекке мұқтаж жандар да аз емес. Сондықтан олардың мәселесіне бейжай қарауға болмайды.
Мемлекет басшысы орталық органдарға өңірлерден келіп түсетін арыз-шағымдардың көбейіп отырғанын да атап өтті. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.
Президенттің пікірінше, бұл өтініштердің басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болар еді. Кейбір азаматтар өңірдегі биліктен қарапайым мәселелер бойынша нақты жауап ала алмай, амалсыздан елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Осы ретте мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы маңызды көпір қызметін атқаруы тиіс. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге белсенді атсалысуы қажет.
Өткен жылы облыстық деңгейде атқарушы органдарға шамамен 6 мың депутаттық сауал жолданған. Дегенмен Президент оның саны емес, сапасы маңызды екенін атап өтті. Мәслихаттар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, нақты нәтижеге қол жеткізуге тиіс.
Мемлекет басшысы толық цифрлық мемлекет құру мәселесіне де тоқталды. Бұл мақсат еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Мәслихаттар да бұл үдерістен тыс қалмауы қажет. Озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқарудың барлық саласына енгізу – елдің болашағы үшін маңызды міндеттердің бірі.
Сондықтан депутаттардың кәсіби біліктілігін арттыру және цифрлық құзыретін дамыту ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекеттік басқару академиясы жүйелі түрде жүргізуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін 1200-ге жуық депутат арнайы оқу курстарынан өтіп, кәсіби тұрғыдан білімін жетілдірді. Сонымен қатар биыл басталған AI Governance 500 бағдарламасы аясында облыстық мәслихаттардың аппарат басшыларын оқыту жоспарланып отыр.
Президент мәслихаттардың тағы бір маңызды міндетіне де тоқталды. Оның айтуынша, мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсенді атсалысуы тиіс. Референдумға ұсынылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттары пропорционалды өкілдік жүйе негізінде сайланатыны көрсетілген. Бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты сайлау жүйесі сақталады. Бұл жүйе мәслихат депутаттарының сайлаушылармен тұрақты байланыста болуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге партияға мүше емес, бірақ қоғамда беделі бар азаматтарға саяси қызметке араласуға жол ашады.
Президент ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін кәсіби әрі тиімді заң шығару қызметі қажет екенін айтты. Бұл ретте өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі ерекше маңызға ие.
Президенттің айтуынша, халық өз мәселесін ең алдымен депутаттарға жеткізеді. Сондықтан халықтың сенімін ақтау – депутаттар үшін үлкен жауапкершілік. Депутат болу – ел мүддесіне қызмет ету деген сөз. Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын, ел игілігі үшін адал еңбек ететін азаматтар ғана нағыз депутат атағына лайық.
Мемлекет басшысы депутаттар халықтың сеніміне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс екенін атап өтті. Өйткені мұндай жағдай бүкіл мемлекеттік аппараттың және жалпы билік жүйесінің беделіне әсер етеді.
Президент форумға қатысушылардың өз жауапкершілігін терең түсініп, халыққа адал қызмет етеді деген сенім білдірді.
Аружан Қанатбек














Добавить комментарий