Мәриям ана бақыты
Ана дегенде толқымайтын көңіл, толғанбайтын жүрек жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын сөздің астарында теңіздей терең мағына жатқаны анық. Осы бір ерекше атауға ғана тән қасиеттерге ие болған жандардың бірі Мәриям Қаппарқызы туралы сөз етпекпіз.
Қоғалы көлді, құм-сулы Арқаның жайма шуақ жазынан жайдарылық, қарлы қысынан аппақ тазалық, қойнауы малға толған байтақ даласынан дархандықты бойына сіңірген кең мінезді, сындарлы бітімді, кеңпейілді аяулы ана, өнегелі ұстаз Мәриям Қаппарқызы биыл 5 сәуір күні 70-ке толады.
Ата-енесі Сүндетбай мен Жамал жалғыз ұлдары Мұратбектен ұрпақ жалғастығын көруді көксегенде құдай тілеулерін беріп Мәриямды келін қылды, көргенді немерелер сүйдірді. Тек отбасына ғана емес, бүкіл туыс-туғандарына, ағайын-бауырларына көңілін теңдей бөліп беретін әулеттің дәстүрге берік қадірлі ұйытқысы мен ұйымдастырушысы, отағасының байыпты да беделді жары, қашанда қасынан табылатын балаларының ардақты анасы, немерелеріне мәуелі бәйтеректей саясын тарту еткен әжесі бола білген Мәриям, бір сөзбен айтқанда, бақытты жан. Жиендеріне жіліктің майлысын, орынның жайлысын беріп, апа-жезделеріне әрқашан қазақ баласының қанына сіңген қонақжайлық қасиеттерімен шаңырағының құрметті қонағы қыла білген, қолындағы барын үлестіріп, таратып беретін жомарт жан екені елге аян.
Жастық шақта алып ұшқан арман оны игілікті мамандық жетегінен ұстатқан екен. Адам баласының қадір тұтып, құрметтейтін ұғымының бірі ұстаз болса, Мәриям сол мамандыққа бар еңбек жолын арнаған адам. Үйінде мейірімді ана бола білсе, еңбек жолында тәжірибесі мол ұстаз. Еңбек жолының кейінгі жылдарын Қостомар ауылындағы орта мектепте өткізіп, сол оқу ошағынан зейнетке шықты. Қазір еліміздің жер-жерінде еңбек етіп жатқан шәкірттерінің көбін біліммен сусындатып, жан-дүниелерін ізгілендірген, өмірлік жолдарына бағыт берген жан.
Осындай өз ісінің нағыз мамандары, ұлағатты ұстаздар құрметтелуі, дәріптелуі тиіс.
Иса ЫДЫРЫС,
Айсары ауылы
Добавить комментарий