МӘМС ЖҮЙЕСІ: ҚЫМБАТ ОТАЛАР ТЕГІН ЖАСАЛАДЫ
Енді қарапайым халық жүрекке ота жасау, органдарды трансплантациялау және тағы да басқа қымбат процедураларға қол жеткізе алады. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің артықшылықтарының бірі. Сарапшылар бұл жаңашылдықтың халыққа тиімділігі жоғары деген пікірде. Халық басы ауырып, балтыры сыздағанда тегін медициналық көмекті қалай алады? Бұл туралы мамандар айтып берді.
Алысқа ат арытқанша…
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медицианлық сақтандыру жүйесі енгізілді. Мұның арқасында халық әлдеқайда көп медициналық қызметтер алуда. Жүйенің қандай да бір айтарлықтай нәтижелері туралы сөз ету әзірге ерте, дегенмен, пациенттердің көпшілігі қазірдің өзінде мемлекеттік емханаларда қызмет көрсету жақсарғанын, консультациялық-диагностикалық көмек едәуір қолжетімді бола түскенін айтады.
Қайрат Жүсіпов – нейрохирургиялық бөлімнің пациенті. 2 апта бұрын ақ халаттылар жасаған күрделі ота сәтті өткенін айтады ол. Қазір науқастың жағдайы бір қалыпты.
«Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ота тегін жасалды. Дәрігерлердің шеберліктеріне тәнтімін. Оларға алғысым шексіз», – деді ол тілшілермен әңгімесінде
Негізінде оған жасалған жоғары технологиялық отаның құны 4 млн теңге тұрады. Алайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында науқасқа ота тегін жасалды.
«Өткен жылы мұндай оталардың саны шектеулі болды. Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында барлық науқастара жоғары технологиялық көмек көрсете аламыз. Сондай-ақ, біз бұған дейін пациенттерге ота жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберетін едік. Себебі, қажетті құрылғылар болмады. Енді күрделі ота жасау үшін бізде қажеттінің бәрі бар. Алысқа барудың қажеті жоқ», – дейді Қостанай облыстық ауруханасының нейрохирург-дәрігері Анатолий Дүйсембин.
Бүкіл қызмет мемлекет есебінен
Айта кету керек, 2020 жылдың сәуір айына дейін еліміздің барлық азаматтары шартты түрде сақтандырылады. Яғни, олар дәрігерлік көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шарты аясында алады. Одан әрі қарай өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмысыздар ай сайын 2125 теңге көлемінде жарна төлеп тұруы керек. Төлемді кез келген банк немесе терминал арқылы жүргізуге болады. Ал, зейнеткерлерге, балаларға, мүгедектерге, студенттерге, жүкті әйелдерге медициналық қызметтің бүкіл түрі мемлекет есебінен көрсетіледі.
«Азаматтардың денсаулығы медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның өзінің жеке жауапкершілігіне тәуелді. Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім шама-шарқынша төлеп, медициналық көмекке қажеттілігіне қарай жүгінеді. Жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Былайша айтқанда, қажеттілік туып жатса буын, жүрек, бүйрек алмастыру сынды бағасы бірнеше миллион тұратын операцияларды тегін жасатады. Мұндай жағдайда қор клиниканың сақтандыру пакеті шеңберінде қызмет көрсетуге кеткен шығындарын жауып береді», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Қостанай облыстық филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова.
Компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография қызметі де Міндетті әлеуметтік сақтандырудың арқасында қазақстандықтар үшін 2020 жылдан бастап тегін көрсетілетін болды. Ол үшін бар болғаны жеке отбасылық дәрігерден тексеруден өтуге жолдама қағаз алу жеткілікті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров Қостанайға жұмыс сапары кезінде айтты.
Бүгіндері қызметтерді бөлу тетігі әзірленіп қойылған. Барлық жолдама қағаздар мен тағайындаулар емханадағы отбасылық дәрігерден басталуы тиіс. Нақ солар диагноз қойып, қандай тексерулерден өту керектігі жөнінде шешім шығарып, сіздің денсаулығыңызды бақылауға алады. Салалық маманды таңдау пациенттің қалауына байланысты. Дәрігерді немесе ұйымды таңдай отырып, пациент аумақтық орналасуын қарамауы мүмкін. Ақ халатты абзал жан оны МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді жеткізушілердің тізіміне кіретін кез келген клиникаға жібере алады. Бұл тетіктер бүгінде нақты жазылып көрсетілген.
Қызмет көрсетушілердің жалпы саны 2020 жылы 2 мың 96 медициналық ұйымды құрады, оның ішінде 62% – жеке, 38% – мемлекеттік мекемелер. Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 2020 жылы 1,6 трлн теңгеге жетіп отыр. Медициналық көмек көлемінің бір жарым есе ұлғаюы мен амбулаториялық дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету 194,2 млрд теңгеге көбейтілген.
«2020 жылы құны қымбат тұратын КТ және МРТ қызметінің қолжетімділігі артады. Қарағандыдағы пилоттық жоба көрсеткендей, жеке секторлар бұл қызмет түрлеріне қызығушылық білдіріп отыр. Осы бағыттағы тарифтер өткен жылдың соңында 60% дейін өсірілді, бірақ, олар қазіргі таңда нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Дей тұрғанмен, медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көлем қамтамасыз етіледі. Бұған жеке клиникалар өте мүдделі», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров.
Мамандар дайын
Екі жыл кейінге шегеріліп барып іске қосылған жаңа жүйеге қатысты туындап жатқан сұрақ көп. Соның ең негізгісі – жарна мәселесіне қатысты. Жұртшылықты мазалаған маңызды сұраққа тиісті маман жауап берді.
«2019 жылдан бастап Бірыңғай әлеуметтік төлем (БӘТ) енгізілгені белгілі. Бұған МӘМС жүйесі ғана емес, сондай-ақ, зейнетақы қоры мен әлеуметтік аударымдары қосылады. Оның көлемі – қала тұрғындарына 1 АЕК, ауыл тұрғындарына 0,5 АЕК. Мәселен, ауылда жеке кәсіппен айналысатын азамат деп алайық, ол 1200 теңге төлеп, өзінің сақтандырылған статусын ала алады», – деді «Әлеуметтік медицналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов.
Бұдын былай тұрғындарға құжат тасып жүрудің қажеті жоқ. Науқаста медициналық сақтандырудың бар-жоғын дәрігерлер электронды жүйе арқылы біліп отырады. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқарады әрі жұмыстың сапасы артады.
Жаңа жүйенің халыққа берер мүмкіндігі көп. Қостанай өңірі бұл жүйені іске асыруға толығымен дайын.
«Заман талабына сай медициналық қондырғыларды орнатудамыз. Тек облыс орталығына ғана емес, өңіріміздің өзге де өңірлерінде іске қосылмақ. Мәселен, 2020 жылдың жаз айында Арқалық қаласының ауруханасына компьютерлік томогроф орнатпақпыз. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері 2019 жылы оқытудан өтіп, денсаулық сақтау жүйесінің әрбір бағытына, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету, консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын, стационарлық көмек көрсету, медициналық оңалту ережелеріне енгізілген өзгерістер бойынша түсініктемелер алды», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.
Барлық алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл және жедел жәрдем қызметі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде қалды. Әрбір адам, бұрынғысынша, тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылып, базалық анализдер мен диагностикаға, ауруды бақылау және емдеу бойынша дәрігердің консультациясына жолдама ала алады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, сондай-ақ, жарналарды төлеу бойынша қарыздың қаншалықты екенін 1406 нөміріне қоңырау соғып, бірыңғай call-орталықтан білуге болады.
Бауыржан ҚАСЫМҚАН
Добавить комментарий