ҰЛТ АНАСЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҚАЛАМГЕР
Қазақ әдебиетінің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті жазушы, драматург, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов – ұлт руханиятының биік шыңдарының бірі. Оның шығармалары қазақ халқының тарихын, болмысын, адамгершілік құндылықтарын терең бейнелеуімен құнды. Қаламгер туындыларынан халықтың тағдыры, замана шындығы, ұлттық мінез бен рух айқын көрініс табады.
Жазушының өмір жолы мен шығармашылық келбеті
Ғабит Мүсірепов 1902 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Ол – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңестік кезеңдегі әдеби процестің ірі тұлғаларының бірі. Академик, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері атанған қаламгердің шығармашылық жолы сан қырлы болды.
Жазушының алғашқы шығармалары ХХ ғасырдың 20–30 жылдарында жарық көріп, қазақ прозасына жаңа леп әкелді. «Тулаған толқында», «Американ бидайығы» сияқты туындыларынан бастап-ақ оның шебер суреткер екені байқалды. Кейін «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Ұлпан» романдары, «Қыз Жібек», «Ақан сері – Ақтоқты» пьесалары арқылы қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді.
Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығы
ның басты ерекшелігі – адам жанының терең психологиясын, ұлттық мінезді, тарихи кезеңдердің күрделі болмысын көркем тілмен бейнелеуінде. Әсіресе, оның әйел образдарын сомдаудағы шеберлігі әдебиетте ерекше бағаланады.
Қазақ әйелінің көркем бейнесі – жазушы мұрасының алтын өзегі
Ғабит Мүсірепов шығармашылығында қазақ әйелінің тұлғасы айрықша орын алады.
Оның «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» секілді әңгімелері мен «Ұлпан» романы – аналық мейірім мен рухани беріктіктің, ұлттық мінез-құлық пен адамгершіліктің көрінісі.
Жазушы әйел образын тек үй ішіндегі міндеттермен шектемей, қоғамдағы белсенді тұлға ретінде көрсетеді. Оның кейіпкерлері – қиын сәтте шешім қабылдай алатын, ел тағдырына араласатын, ақылды және қайсар жандар. Сол арқылы Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетінде әйелді жаңа эстетикалық және әлеуметтік деңгейге көтерді.
«Ұлпан» романы – жазушының ең көрнекті туындыларының бірі. Ол ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында әйелдің қоғамдағы орнын, шешім қабылдаудағы рөлін, рухани биіктігін кеңінен көрсетеді. Ұлпан – жай ғана әдеби кейіпкер емес, тарихи шындыққа сүйенген, нақты өмірден алынған тұлға. Жазушы бұл образды жасауға көп жыл зерттеу жүргізіп, кейіпкерінің мінез-құлқын жан-жақты зерттеді.
Ұлпанның басты қасиеттері – ақылдылық пен парасат, елге жанашырлық, әділдік пен батылдық, аналық мейірім мен даналық. Ол қазақ әйелінің тек отбасының тірегі емес, тұтас бір елдің тірегіне айнала алатынын дәлелдейді. Өз дәуірінде Ұлпан елдің дамуына араласып, шешімдер қабылдайтын қайраткер әйел болды.
Әдебиеттанушылардың пікірінше, Ұлпан – «ауылына ана, еліне пана болған», нақты прототипі бар, шынайы бейне ретінде бағаланады.
Ұлпан – көркемдік пен кемелдіктің тоғысқан бейнесі
Ғабит Мүсірепов романда басты кейіпкерін табиғи болмысы, ішкі парасаты мен өмірлік даналығымен ашады. Ол Ұлпанды бір әулеттің келіні ретінде ғана емес, тұтас халықтың мінезін, әйелге тән асыл қасиеттерді бойына жинаған тұлға ретінде көрсетеді.
Шығармада Ұлпанның ерекшелігі – сыртқы көркемдіктен гөрі ақылдылығы, байыптылығы, елге деген шынайы жанашырлығында. Мысалы, «Ұлпан – аз сөйлеп, көп тыңдайтын, айтса – түйіп айтатын әйел еді» – деген жолдар оның ойлы, сабырлы табиғатын айқын бейнелейді.
Тағы бір жерде, «Елдің қамын ойлаған әйел – ерден кем бе?» – деген жол арқылы жазушы Ұлпанның рөлін отбасы шеңберінен шығарып, қоғамдық белсенділігін көрсетеді.
Ұлпан бейнесі арқылы бірнеше қасиет көрініс табады: даналық пен көрегендік, сабыр мен төзімділік, елге деген жауапкершілік, аналық мейірім мен рухани биіктік.
Ұлпан заманының шеңберінен шығып, елдің тағдырына әсер еткен, сөзінің салмағы бар, ісі берекелі тұлға. Ол ер азаматтармен тең араласып, қоғам мәселелерін шешуге қатыса отырып, отбасының ұйытқысы ретінде шаңырақтың берекесін де сақтай алады. Осы арқылы Ғабит Мүсірепов қазақ әйелінің екі қырын – қоғамдық белсенділік пен отбасылық жауапкершілікті – біртұтас көрсеткен.
Ұлпан бейнесі – жинақталған образ. Ол қазақ әйелінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қасиеттерін көркем түрде кестелеп, ұлттық идеал деңгейіне көтереді.
Ұлпан және бүгінгі қазақ әйелінің келбеті
Бүгінгі қазақ әйелінің болмысын кешегі Ұлпан бейнесімен салыстыра қарасақ, заман өзгергенімен, өзек бір – жауапкершілік пен рухани беріктік екенін аңғарамыз. Алайда қазіргі уақыттың қарқыны, қоғам талаптары әйелге бұрынғыдан да үлкен міндет жүктеп отыр.
Бүгінгі қазақ әйелі – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ол – ел ісіне араласып, түрлі салада жоғары нәтижеге жетіп жүрген тұлға. Мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылым мен білімде, мәдениет пен ақпарат кеңістігінде әйелдер ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Олар басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, жауапты шешімдер қабылдап, ел дамуына өз үлесін қосуда.
Елімізде мақтанышпен айтатын нәзік жандар ортамызда баршылық, солардың ішде Фариза Оңғарсынова апамыз қазақ поэзиясында әйелдің үні мен рухын асқақтатып, ұлттық әдебиетке өлшеусіз үлес қосты.
Мәдениет пен өнер саласында Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы сынды өнер майталмандары қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытып, ел абыройын асқақтатып келеді.
Қоғамдық қызмет пен білім беру саласында Күләш Шәмшидинова, Аида Балаева сияқты білікті мамандар ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Спорт саласында Ольга Рыпакова әлемдік деңгейде жеңістерге жетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатты.
Осындай тұлғалардың жетістігі – бүгінгі қазақ әйелінің мүмкіндігі кең, әлеуеті зор екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Дегенмен, осы жетістіктің ар жағында көзге көріне бермейтін үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбек жатқаны белгілі.
Сонымен қатар, бүгінгі нәзік жандардың мойнындағы жүк екі есе артқандай. Олар бір мезетте әрі кәсіби маман, әрі аяулы ана, қамқор жар, шаңырақтың берекесін келтіретін ұйытқы бола біледі. Таңның атысынан күн батқанға дейінгі уақытын ұтымды жоспарлап, жұмысын да, отбасын да қатар алып жүру – үлкен төзімділік пен табандылықты талап етеді.
Қазіргі зымыраған заманда әйелдер тек бала тәрбиесімен шектеліп қалмайды. Олар өзін-өзі дамытуға, білімін жетілдіруге, түрлі қызығушылықтарын жүзеге асыруға да уақыт табады. Бірі кәсіп ашып, бизнесін дөңгелетсе, енді бірі ғылыммен айналысып, жаңалық ашуда. Тағы бірі шығармашылық жолды таңдап, мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып жүр. Осындай жан-жақтылық – бүгінгі қазақ әйелінің басты ерекшелігі.
Дегенмен, осының бәрін қатар алып жүру – оңай шаруа емес. Қоғам алдындағы жауапкершілік пен отбасы алдындағы міндетті тең ұстау – үлкен ішкі күш пен тәртіпті қажет етеді. Кейде әйелдер өз уақытын, өз қажеттілігін кейінге ысырып, бар күш-жігерін отбасы мен қызметіне арнайды. Бұл – олардың төзімі мен жанқиярлығын көрсетеді.
Бүгінгі қазақ әйелі – ел болашағының тірегі. Ол – тек ұрпақ тәрбиелеп отырған ана ғана емес, сол ұрпақтың ертеңгі қоғамға қандай болып қалыптасатынына тікелей әсер ететін тұлға. Ана қандай болса, қоғам да сондай болмақ. Сондықтан әйелдің қоғамдағы рөлі – өлшеусіз.
Қазақ әйелі қашанда заманға бейімделе отырып, өзінің ұлттық болмысын сақтап келеді. Кеше Ұлпан елдің қамын ойлаған дана ана болса, бүгінгі қазақ әйелі – тәуелсіз елдің дамуына үлес қосып жүрген заманауи тұлға. Екеуін байланыстыратын ортақ қасиет – жауапкершілік, парасат және елге деген жанашырлық.
Бүгінгі қазақ әйелі – қос жүктің салмағын қатар көтеріп жүрген қайсар жан. Ол қызметте де табысты, отбасында да берекелі. Осындай әйелдер барда елдің де еңсесі биік, болашағы нық болары сөзсіз.
Жұмагүл МАРАТҚЫЗЫ













Добавить комментарий