Кітапты серік еткен Інжу-Маржан

Кітапты серік еткен Інжу-Маржан

Жақында Қостанай облысындағы «Оқы және жең» ІІІ облыстық онлайн байқауының қорытындылары шығарылып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген сөздерінің бірден бір дәлелі ретінде өткізіліп келе жатқан бұл бірегей жобадан Қостанай ауданы «Айсары жалпы білім беретін мектебі» КММ мектебінің педагогтары мен оқушылары да тыс қалған жоқ.

Байқау басталғаннан бері мектеп бойынша барлығы 18 мұғалім, 35 оқушы және 11 ата-ана тіркелді. Олар 3 кезең бойынша ұсынылған кітаптарды оқып, онлайн тест тапсырып, белсенділік танытты. Соның ішінде барлық 4 кезеңнен сүрінбей өтіп, оқ бойы озып шыққан мектебіміздің 4-сынып оқушысы Інжу-Маржан Асылханқызы 3-орынды иеленді.

Інжу-Маржан 10-14 жас санаты бойынша байқаудың бірінші кезеңінде С.Бегалиннің «Бала Шоқан», екінші кезеңінде С.Елубайдың «Балалық шақ баяны», үшінші кезеңінде А.Маршалдың «Мен шалшықтан секіре аламын» шығармаларын аса қызығушылықпен оқыды. Ал финалда осы оқыған кітаптардан алған әсерін, түйген ойларын жинақтап, эссе жазды.

Марқабай Інжу-Маржан мектепте белсенді, озат оқушы. «Ақ-кербез» би тобының, мектеп қабырғасындағы күй ансамблінің белсенді мүшесі. Ы.Алтынсарин оқулары облыстық кезеңінің 3-орын иегері, М.Шаханов оқулары республикалық кезеңінің 1-орын иегері, «Ақбота» зияткерлік олимпиадасының республикалық кезеңінің 1-орын иегері. Биылғы жылы мамыр айында «Ақ кербез» би тобының құрамында Түркістан қаласында өткен конкурста гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Жалпы «Оқы және жең» облыстық байқауы халықтың кітапқа деген қызығушылығын тудырып, кітапсүйер оқырманның санын арттыруға бағытталған ерекше жоба деп білемін. «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деп ел Президенті атап өткендей, бұл жоба әсіресе мектеп оқушыларының кітап оқуға деген белсенділігін арттыруға көп септігін тигізіп келеді.

Үш кезең бойы оқуға ұсынылған кітаптар әдебиет әлемінде шоқтығы биік туындылар болды. Бұл ретте байқаудың ұйымдастыру ұжымына, қазылар алқасына алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да бұл жобаның өз жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Мирамкүл КӨШЕК,
«Айсары жалпы білім беретін мектебі»
КММ кітапхана меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!