Кедергісіз орта – баршаға ортақ мүмкіндік

Кедергісіз орта – баршаға ортақ мүмкіндік

Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған атаулы күн. Бұл – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мәселесіне қоғам назарын аударып, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды күн.

Елімізде бұл санаттағы азаматтарға түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Дегенмен өңірлерде әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Әсіресе, қолжетімді орта қалыптастыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қоғамдық өмірге белсенді араласу бағытында атқарылар жұмыстар бар.
Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Қостанай аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Садырбеков Қонысбай Қойшықараұлымен сұхбатымызды ұсынамыз.

– Қонысбай Қойшықараұлы, әңгімеміздің басында ұйымның бүгінгі тыныс-тірілігіне тоқталып кетсеңіз, қандай жұмыстар атқарып отырсыздар?

– Мен Қостанай аудандық мүгедектер қоғамына 2000 жылдан бері төрағалық етіп келемін. Міне, содан бері 26 жыл өте шығыпты. Осы жылдар ішінде қоғамымыз талай белесті артқа тастап, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын жеткізіп, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жағдай жасау бағытында жұмыс істеп келеді.

Бүгінде Қостанай ауданында 2300-ден астам мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Олардың 300-ге жуығы – балалар. Ал біздің қоғамның 400-ден астам мүшесі бар. Ұйымның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамда бейімделіп, өз қабілеттерін танытуына мүмкіндік жасау.

Мерекелік күндерде бас қосып, түрлі мәдени іс- шаралар өткіземіз. Қоғамымыз негізінен ересек азаматтарға арналғанымен, балаларды да назардан тыс қалдырмаймыз. Балаларды қорғау күні, Жаңа жыл секілді мерекелерде бүлдіршіндерге арнап арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, олардың көңіл-күйіне қуаныш сыйлауға тырысамыз.

Соңғы жылдары спортқа қызығушылық танытатын мүшелеріміздің де қатары артып келеді. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен айналысуына жақсы жағдай жасалып отыр. «Астана» спорт кешені мен «Затоболец» спорт алаңында түрлі спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жыл сайын он беске жуық жарыстарға қатысамыз. Мұндай сапарлар мен жарыстарға қажетті қаражат спорт бөлімі арқылы әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінеді.

Қазір қоғамымызда шахмат, шашки, жеңіл атлетика, асық ату, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Арнайы жаттықтырушылар бар. Бұл – спортшыларымыздың шеберлігін шыңдап, жаңа жетістіктерге жетуіне үлкен септігін тигізіп отыр.

Жуырда спортшыларымыз тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді. Облыстық спартакиадаға 13 спортшымыз қатысып, жалпы саны 18 медаль жеңіп алды. Шаңғы спортынан да облыста біріншіз. Сонымен қатар облыстық ұлттық спорт турнирінде жеңімпаз атандық. Қостанай қаласына барып, суға жүзумен айналысатындар бар.

Бүгінде біз Мейрам Асқаров, Лидия Чуева, Яна Калмагорова, Юрий Березин, Зұлхарнай Назаров сынды спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Олар – тек спортта жетістікке жетіп жүрген азаматтар ғана емес, қиындыққа мойымай, тағдырдың сынағына қайсарлықпен қарсы тұрып келе жатқан жандар.
Олардың әрбір жеңісі – табандылық пен жігердің жеңісі. Осындай азаматтарға қарап, өмірдің кез келген қиындығына мойымай, алға ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Олар өздерінің қайсарлығымен өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Меніңше, олардан нағыз жігерлікті, төзімділікті және өмірге деген құштарлықты үйренуге болады.

– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға бірқатар қолдау көрсетіледі. Қостанай ауданында бұл бағыттағы жағдай қалай? Жұмыс берушілер ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға қаншалықты дайын?

– Жұмыссыз отырған азаматтар баршылық. Оның себептері әртүрлі. Бірінің денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі болса, енді бірінің белгілі бір мамандығы жоқ немесе жұмыс берушілер ерекше қажеттілігі бар адамды жұмысқа қабылдауға дайын емес. Дегенмен менің ұстанымым – еңбек етемін, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік жасалуы керек.

Менің туғаннан денсаулығыма қатысты өзіме тән ерекшеліктерім болды. Бірақ 30 жасқа дейін оны көп елемей, өзімді өзгелерден бөлек санаған емеспін. Ес білгелі еңбекке араласып, жұмыстан қол үзген жоқпын. Жоғары оқу орнын экономист-есепші мамандығы бойынша тәмамдап, көп жылдар бойы өз мамандығым бойынша қызмет еттім. Қазір де есеп-қисабымды өзім жүргіземін.

Дегенмен уақыт өте келе денсаулығыма көбірек көңіл бөлуге тура келді. Өз басымнан өткен жағдайлар маған өмірдің кейбір қырларын өзгеше түсінуге мүмкіндік берді. Басынан өткерген адам ғана түсінетін қиындықтар бар. Сондықтан қазір өзім сияқты жандарды біріктіріп, бір-біріне қолдау көрсетуіне, қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік жасау жолында еңбек етіп келемін.

Осы ретте мен көп жылдан бері көтеріп келе жатқан бір мәселе бар. Егер біздің ұйымға арнайы ғимарат берілсе, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған шағын цехтар ашуға болар еді. Мысалы, аяқ киім, киім-кешек жөндеу, тігін, басқа да қолынан іс келетін азаматтарға лайықты жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік туар еді. Бұл, бір жағынан, адамдардың нәпақасын табуына жағдай жасаса, екінші жағынан, олардың өздерін қоғамға қажет сезінуіне ықпал етеді.

Тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік ортаға бейімделу. Кейбір азаматтар ұзақ уақыт үйде отырғандықтан, қоғамдық ортаға шығуға, адамдармен араласуға қысылады, өздерін еркін сезіне алмайды. Оған бір күнде үйреніп кету қиын. Сондықтан бізге арнайы орталық қажет деп есептеймін. Ондай жерде азаматтар бас қосып қана қоймай, түрлі үйірмелерге қатысып, кәсіп үйреніп, еңбекке араласып, адамдармен қарым-қатынас жасауға біртіндеп бейімделер еді.

Біздің мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматқа тек әлеуметтік көмек көрсету емес, оның өз мүмкіндігін пайдаланып, қоғамның белсенді мүшесі болуына жол ашу. Адамға дайын көмек бергеннен гөрі, оның өз еңбегімен өмір сүруіне мүмкіндік жасаған әлдеқайда маңызды. Сондықтан осындай орталықтың ашылуы көптеген азаматтың өміріне оң өзгеріс әкеледі деп ойлаймын.

– Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық орындарға, мемлекеттік мекемелерге, дүкендерге, мәдениет және спорт нысандарына кедергісіз кіріп-шығуына қаншалықты жағдай жасалған? Қостанай ауданында қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары көңілдеріңізден шыға ма?

– Соңғы жылдары бұл мәселеге көңіл бөліп, талапты күшейте бастағанын көріп отырмыз. Көптеген қоғамдық орындар мен мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдай жасалған. Арбамен кіріп-шығуға арналған пандустар, көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы белгілер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген әжетханалар және басқа да қолжетімділік құралдары қарастырылған.

Әсіресе облыс орталығындағы ірі сауда орталықтарында жағдай біршама жақсы. Онда арбамен еркін кіріп-шығуға, ғимарат ішінде қозғалуына мүмкіндік бар.

Дегенмен бұл мәселе толық шешілді деп айтуға әлі ерте. Өйткені қолжетімді орта көбіне мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарда ғана жақсы жолға қойылған. Ал шағын дүкендерде, шаштараздарда, түрлі қызмет көрсету орындарында әлі де қиындықтар кездеседі. Кейде дүкеннің алдына келгенімен, табалдырықтан немесе баспалдақтан өте алмай, кіре алмай тұрып қалатын жағдайлар болады. Шаштаразға немесе басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындарына барудың өзі қиындық туғызатын кездер бар.

Менің ойымша, қолжетімді орта дегеніміз тек пандус орнатумен шектелмеуі керек. Мүмкіндігі шектеулі азамат кез келген нысанға өздігінен кіріп, қажетті қызметін алып, өзін басқа адамдардан кем сезінбейтіндей жағдай жасалуы тиіс. Бұл – жай ғана қолайлылық емес, қоғамның адамға деген құрметінің көрсеткіші.

Сондықтан алдағы уақытта шағын кәсіпкерлік нысандарына да осы мәселеге жауапкершілікпен қарау қажет. Әр дүкен, әр шаштараз, әрбір қызмет көрсету орны ерекше қажеттілігі бар азамат үшін де қолжетімді болса, сонда ғана біз шын мәнінде кедергісіз орта қалыптастырдық деп айта аламыз.

– Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Инватакси» қызметі де жақсы жолға қойылып келеді. Қостанай ауданында бұл қызмет қаншалықты қолжетімді? Сіздердің қоғам мүшелеріңіз инватакси қызметін пайдалана ма, қызмет сапасына көңілдеріңіз тола ма?

– «Инватакси» қызметі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте қажет әлеуметтік қолдаудың бірі. Соңғы жылдары бұл қызметтің жұмысы біршама жақсарғанын айтуға болады. Біздің ауданда «Үміт-Надежда» қоғамдық ұйымы мемелекеттік тапсырыс негізінде қызмет атқарып отыр. Біздің қоғам мүшелеріміз де инватакси қызметін пайдаланып жүр. Әсіресе өздігінен қоғамдық көлікпен жүріп-тұруы қиын, арбаға таңылған азаматтар үшін оның маңызы өте зор. Инватакси арқылы азаматтар медициналық мекемелерге, мемлекеттік органдарға, әлеуметтік және мәдени нысандарға, түрлі іс-шараларға барып келе алады. Бұл олардың тек қажетті жеріне жетуіне ғана емес, қоғамдық өмірден шет қалмауына да мүмкіндік береді.

Дегенмен сұраныс әлі де жоғары. Кей кездері көлік жетіспей, алдын ала тапсырыс беру немесе қажетті уақытта көлікке қол жеткізу қиындық туғызады. Әсіресе мерекелік күндері, жарыстар мен түрлі қоғамдық іс-шаралар кезінде көлікке деген қажеттілік арта түседі. Сондықтан алдағы уақытта инватакси қызметін одан әрі жетілдіріп, көлік санын көбейтіп, қызмет көрсету ауқымын кеңейте түссе деген тілегіміз бар.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін медициналық көмек пен оңалту қызметтерінің қолжетімділігі де өте маңызды. Қажетті ем-домды, реабилитациялық қызметтерді алу кезінде азаматтар қандай да бір қиындықтар көріп жүрген жоқ па? Осы салада әлі де қандай мәселелерді шешу қажет деп ойлайсыз?

– Қостанай аудандық әлеуметтік қорғау бөлімі арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті әлеуметтік көмектің барлығы уақытылы көрсетіліп келеді. Бұрынғыдай арба немесе басқа да қажетті құралдарды ұзақ уақыт күтіп жүретін заманнан әлдеқашан өттік. Қазір мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға тек ризашылығымызды білдіреміз.

Әрбір мүмкіндігі шектеулі азаматтың жеке оңалту бағдарламасы бекітіледі. Сол бағдарлама негізінде қажетті ем-домын алып, тиісті оңалту шараларынан өтуіне мүмкіндік бар. Облысымызда екі оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның бірі облыс орталығында болса, екіншісі Жітіқара қаласында орналасқан. Жақында Тобыл қаласында да ашылды, қуаныштымыз. Сонымен қатар санаторийлік-курорттық ем алуға да мүмкіндіктер жақсарып келеді. Арнайы портал арқылы азаматтар өзіне қажетті санаторийді таңдай алады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын негізінен «Сосновый бор» мен «Жайлау» шипажайларына ғана баратынбыз.

Дегенмен шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – III топтағы мүгедектігі бар азаматтардың оңалту қызметтеріне қолжетімділігі. Менің ойымша, бұл санаттағы азаматтарды оңалтудан тыс қалдыру дұрыс емес. Осыдан жиырма жылдай бұрын, 2005 жылдары оларды оңалту бағдарламаларынан алып тастаған болатын. Біздіңше, керісінше, бұл азаматтарға да дер кезінде оңалту шараларын жүргізіп, аурудың асқынуына жол бермеу керек. Дер кезінде ем алып, оңалтудан өткен адам өзінің денсаулығын сақтап, еңбекке қабілетін ұзақ уақыт бойы ұстап тұра алады. Ал әр адамның жеке қаражаты шипажайлық емге немесе қажетті оңалту шараларына жете бермейді. Ауру болса адамның жағдайына қарап тұрмайды – асқынып, мүгедектіктің неғұрлым ауыр деңгейіне дейін жеткізуі мүмкін. Сондықтан алдын алу мен ерте оңалтудың маңызы зор.

Біз бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Өкінішке қарай, әзірге нақты шешімі табылған жоқ. Үмітіміз – осы ұсынысымыз тиісті орындарға жетіп, болашақта оң өзгерістер болады деген сенімдеміз.
Тағы бір айта кетер мәселе – дәрі-дәрмектің сапасы мен тиімділігі. Кейде азаматтарға берілген дәрі олардың денсаулығына қажетті әсерін бермей жатады. Мұндай жағдайда дәрігер басқа препаратты ұсынуы мүмкін.

Бірақ ол дәрі тегін берілетін дәрілер тізіміне кірмесе, азамат оны өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болады.
Егер науқасқа әсер етпейтін дәрі берілсе, бұл бір жағынан бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелсе, екінші жағынан, науқастың денсаулығына да пайдасы жоқ. Сондықтан дәрі-дәрмек мәселесінде адамның жеке ерекшелігі мен емнің нәтижесіне көбірек көңіл бөлінсе деген ұсынысымыз бар.

Әрине, өмір болған соң, мәселе де, ұсыныс та болады. Біздің бар тілегіміз – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары ескеріліп, көтеріп отырған мәселелеріміз тиісті деңгейде тыңдалса екен. Бүгінгі жасап жатқан жақсы жұмыстар жалғасын тауып, шешімін күткен мәселелер де біртіндеп оң шешімін тапса, бұл – барша азаматтар үшін үлкен қолдау болар еді.

– Қонысбай аға, уақыт бөліп, маңызды мәселелермен бөліскеніңізге рақмет. Еңбегіңізге табыс тілеймін.

Жұмагүл ИРГАСЫМОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!