Бір жүк көлігінен басталған жол: Тұрсын Алқаудың табысы мен қайырымдылық миссиясы

Бір жүк көлігінен басталған жол: Тұрсын Алқаудың табысы мен қайырымдылық миссиясы

Арманға сенген адам үшін әлемнің ешбір шекарасы кедергі емес. Тобыл өңірінен түлеп ұшқан Тұрсын Алқау осы ақиқатты өз өмірімен дәлелдеген азаматтардың бірі.

Қарапайым ауыл мектебінен басталған жол оны шетелдік білім мен халықаралық кәсіпкерлік деңгейіне алып шықты. Бүгінде мұхиттың ар жағында табысты компания басқарып отырған жерлесіміз туған елінен қол үзбей, жас ұрпақтың болашағына қолдау көрсетуді азаматтық борышы санайды. Оның бастамасымен құрылған Alkau Foundation қайырымдылық қоры биыл да білімде үздік нәтиже көрсеткен Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназия түлектерін арнайы марапаттады. Жас буынның жетістігін бағалауға арналған бұл игі шарада кәсіпкердің әкесі Абай Алқау  сертификаттарды салтанатты түрде табыстап, түлектерге ақ жол тіледі. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын әке мен бала сабақтастығының жарқын көрінісі.

Бірі әлемдік кәсіпкерлік кеңістігінде табысқа жетсе, бірі сол игі бастамалардың туған жерде жүзеге асуына үлес қосып келеді. Осындай өнегелі істер жастарға үлкен серпін береді. Өйткені бүгінгі білімді жас – ертеңгі елдің тірегі. Қазіргі таңда табысқа жетудің ең сенімді жолы – сапалы білім мен үздіксіз ізденіс.

Тұрсын Алқаудың өмір жолы жастарға үлкен армандардан қорықпау керектігін көрсетеді. Ауылдан шыққан жас та әлемдік деңгейдегі жетістікке жете алады. Ол үшін еңбек ету, білімге ұмтылу және өз мақсатыңа адал болу қажет. Жастарымыз осындай жерлестерінен үлгі алып, биік белестерді бағындыруға талпынса, елдің ертеңі де нұрлы болмақ.

Қоғамның дамуы үшін кәсіпкерлік пен қайырымдылық қатар жүруі қажет. Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған кәсіпкер Тұрсын Алқау бүгінде бизнестегі жетістігін ел болашағы саналатын жастарды қолдауға бағыттап келеді. Оның өмір жолы – табандылықтың, білімге құштарлықтың, еңбекқорлықтың және туған елге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі.

Адам өмірінде табысқа жету маңызды болса, сол табысты қоғам игілігіне жарата білу одан да маңызды. Бүгінде кәсіпкерлік пен қайырымдылықты қатар алып жүрген азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Солардың бірі – кәсіпкер, қоғам жанашыры Тұрсын Алқау. Қарапайым ауыл баласының еңбек пен білімнің арқасында шетелде үлкен кәсіп құрып, туған елінің жастарына қолдау көрсетіп жүргені көпшілікке үлгі боларлық оқиға.

Тұрсын Алқау 1992 жылы дүниеге келген. Балалық шағы Қарасу ауылында өтті. Алғашқы тәрбиені ауыл балабақшасында алып, кейін қала мектебінде білім алды. Одан әрі Тобыл қаласындағы №3 мектеп – гимназиясында оқуын жалғастырып, тоғызыншы сыныпты жақсы үлгеріммен аяқтады. Жастайынан білімге құштар болған ол мектептен кейін әлеуметтік-экономикалық колледжге түсіп, оқуын қызыл дипломмен тәмамдады. Ізденісі мен талпынысы оны Қытай еліне алып барып, сол жақта ұстаздық мамандық бойынша жоғары білім алды. Бұл оқу орнын да үздік нәтижемен бітіріп шықты.

2016 жылы Тұрсын Алқау Америка Құрама Штаттарына қоныс аударды. Бейтаныс орта, жаңа өмір, жаңа талаптар – мұның бәрі үлкен сынақ еді. Алайда қайсар мінез бен еңбекқорлық оның алға қойған мақсатына жетуіне мүмкіндік берді. Америкада жүріп болашақ жарын кездестіріп, отбасын құрды. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін бастады.

Бүгінде ол – MyProMovers компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры. Қазір табысты кәсіпорынға айналған компанияның тарихы бір ғана жүк көлігінен басталған. Алғашқы уақытта барлық жұмысты өзі ұйымдастырып, тапсырыстарды өзі бақылап, клиенттердің сеніміне ие болды. Уақыт өте келе қызмет сапасы мен жауапкершіліктің арқасында кәсіп ауқымы кеңейіп, компания өңірдегі беделді көшіру қызметтерінің біріне айналды.

Тұрсын Алқаудың басшылығымен MyProMovers компаниясы Америка нарығында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Компания АҚШ-тағы ең қарқынды дамып келе жатқан жеке кәсіпорындардың бірі ретінде әлемге танымал Inc. 5000 рейтингіне енді. Бұл – компанияның тұрақты дамуы мен жоғары нәтижелерінің айқын көрсеткіші

Сонымен қатар MyProMovers Халықаралық тасымалдаушылар қауымдастығының (IAM) сенімді тасымалдаушысы мәртебесіне ие болып, әлемдік сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкестігін дәлелдеді. Компания Америкалық жүк тасымалдаушылар қауымдастығының (ATA) мүшесі ретінде қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасына қойылатын жоғары талаптарды ұстанып келеді.

Тұрсын Алқаудың кәсіпкерлік тәжірибесі мен басқару үлгісі халықаралық деңгейде де мойындалды. Оның көлік және логистика саласындағы жаңашыл көзқарасы Forbes журналында атап өтіліп, кәсіпкердің жетістіктері көпшілікке үлгі ретінде көрсетілді. Компанияның басты жетістіктерінің бірі – тұтынушылар сенімі деп біледі.

Алайда Тұрсын Алқау үшін табыстың мәні тек бизнес жетістігімен өлшенбейді. Оның пікірінше, қоғамнан алғаныңды қоғамға қайтару – әрбір азаматтың парызы.

– Мен Қазақстандағы балаларға көмектескім келеді. Бүгінде табысқа жеткен кәсіпкерлер аз емес. Егер әрқайсысы жастарға қолдау көрсетсе, бұл олардың болашаққа деген сенімін арттырып, үлкен жетістіктерге жетелеуге мүмкіндік береді. Өйткені бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі, – дейді кәсіпкер.

Осы мақсатта ол Alkau Foundation қайырымдылық қорын құрды. Қордың негізгі бағыты – білімді, талапты, талантты жастарды қолдау. Алғашында қор көмегі тек өзі білім алған Тобыл қаласының мектеп гимназиясы оқушыларына көрсетілсе, кейін бұл игі бастама кеңейіп, мемлекеттік тілде білім беретін мектептерді де қамти бастады.

Биыл қор қолдауы Наушабаев атындағы мектеп-гимназия түлектеріне де жетті. Мектеп үшін бұл жыл ерекше жетістіктермен есте қалды. Биыл білім ордасын 47 түлек тәмамдады. Олардың екеуі «Алтын белгі» иегері атанып, мектеп абыройын асқақтатса, үш түлек үздік аттестатқа қол жеткізді.
Мектеп директоры Әлімова Айткүл Едресқызының айтуынша, биылғы түлектер білімге құштарлығымен, ұйымшылдығымен және белсенділігімен ерекшеленген.

– Бүгін біз түлектерімізге аттестаттарын табыстап, үлкен өмірге шығарып салдық. Олар біздің мақтанышымыз. Өнерлі, білімді, кез келген жағдайда жол таба білетін ұйымшыл жастар болды. Сондықтан олармен қоштасу біз үшін оңай емес. Алдағы өмір жолдары ашық болып, армандары орындалсын деп тілейміз. Ұстаздарының берген өнегесін, ата-анасының тәрбиесін бойларына сіңіріп, еліміздің дамуына үлес қосатын азаматтар болады деп сенеміз, – дейді мектеп басшысы.

Биылғы түлектер үшін күтпеген қуанышты жаңалықтардың бірі – Alkau Foundation қоры тағайындаған арнайы сыйақы болды. Аттестат алу рәсіміне бір апта қалғанда қор өкілдері мектепке келіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткен түлектерді марапаттау жөніндегі бастамаларын жеткізген.
Нәтижесінде үш түлек арнайы ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Бірінші орынға Айтпай Асыл Қайратқызы лайық деп танылса, екінші орынды Серік Мәди Сембіұлы иеленді. Ал үшінші орын Салық Бекзат Ерікұлына бұйырды.

Сыйлық иегерлерінің бірі Серік Мәди Сембіұлы бұл марапаттың жастар үшін үлкен мотивация екенін айтады.

– Мен Алтын белгі иегерімін. Бірақ бұл жетістік оңай келген жоқ. Әсіресе жаратылыстану-математика бағытын таңдағандықтан, шығарма жазу кезінде қиындықтар болды. Соған қарамастан көп еңбектеніп, нәтижесінде Алтын белгіні сақтап қалдым. ҰБТ-ның алғашқы мүмкіндігінде 104 балл жинадым. Ал Alkau Foundation қорының сыйлығы мен үшін күтпеген қуаныш болды. Еңбегіңнің бағалануы алдағы мақсаттарға сеніммен қадам басуға күш береді. Осындай қолдау көрсеткен қор ұжымына және оның негізін қалаушы Тұрсын Алқауға шынайы алғысымды білдіремін, – дейді жас түлек.

Қор жұмысына кәсіпкердің әкесі Абай Алқау да белсенді араласып келеді. Оның айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Басты мақсатымыз – жастарға демеу болу. Білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне ықпал еткіміз келеді. Бұл жұмысты тоқтатпаймыз, – дейді ол.

Тұрсын Алқау қайырымдылықты тек білім саласымен шектемейді. Ол қасиетті Рамазан айында Қазақстанда және шетелдерде мұсылман қауымына арнап ауызашар дастархандарын ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік жобаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде Тұрсын Алқау – табысты кәсіпкер ғана емес, туған елінің болашағына бейжай қарамайтын азамат. Оның өмір жолы қарапайым ауыл баласының білім мен еңбектің арқасында халықаралық деңгейде табысқа жетіп, сол жетістігін туған елінің жастарына бағыттап отырғанының нақты дәлелі.

Бір жүк көлігінен басталған кәсіп бүгінде үлкен компанияға айналды. Ал жастарға қолдау көрсету мақсатында басталған қайырымдылық ісі жүздеген жасқа жігер беріп, олардың армандарына жол ашып келеді. Осындай азаматтардың арқасында білімге ұмтылған жастардың қатары көбейіп, ел болашағына деген сенім нығая түсетіні анық.

Аружан МҰХАНТАЙ;
Элеонора КАДЕРОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!