Берекелі Рамазан айы
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), оның әулеті мен сахабаларына, үмметіне болсын!
Мейірім маусымы
Құдайға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.
Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені, бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.
Алланың Елшісі (с.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!», – деп тілек тілеген екен.
Ендеше сол үмбеттің жалғасы, кейінгі ұрпақ біз де Ұлы Рахманнан ұлық Рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға етеміз.
Оразаның парыз етілген мерзімі санаулы күндер, яғни, бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс.
Ал, егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққанда немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған.
Ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс.
Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы сол. Өйткені, бұл ұлық күндерді басқа ешбір мерзім алмастыра алмайды. Рамазан айын Алла Тағаланың өзі айрықша еткен. Бұл – адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген. Сонымен қатар, әр жылы келетін Рамазан айының өзіндік орны, уақыты бар. Жыл мезгілдерінің әрбіріне ауысып отырады. Мысалы, сәуір айына келген Рамазан мүміннің өмірінде екінші рет осы уақытқа дөп келмеуі кәдік. Әрбір рамазан айы сондай қайталанбас уақытымен де ерекше.
Қайырлы істен қалыс қалма
Қайсыбір мұсылманға осынау құтты айдағы қайырлы істерден қапы қалуға болмайды. Сол игілікті істердің бастылары төмендегідей:
1. Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту;
2. Тарауық және тәһәжүд намаздарын оқу;
3. Құранды қайталап оқу;
4. Садақа беру;
5. Ауызашар жасау;
6. Ауызашарда дұға-тілек тілеу;
7. Мешітте иғтикәфке қалу;
8.Қадір түнін құлшылықпен өткізу;
9. Ата-ананы қадірлеу;
10. Соңғы онкүндікте ерекше ықыласпен құлшылық ету;
11. Сәреге тұрып, тамақтану;
12. Ауызашарды уақытынан кешік-
тірмеу;
13. Кеңпейіл болып, надандықтан алыстау;
14. Ұдайы дәретпен жүру;
15. Азан айтылса, қайталап, дұғасын оқу;
16. Күнделікті бес намазды уақытылы орындау;
17. Сүннет намаздарды тастамау;
18. Алла Тағаланы көп зікір ету;
19. Сәскедегі нәпіл намазды орын-
дау;
20. Намаздардан кейінгі тәсбих, дұғаларды айту;
21. Әрдайым истиғфар дұғасын айту;
22. Күнә-қателіктерге тәубе жасау;
23. Жетім-жесірге қарайласу;
24. Тәкаппарлықтан тартыну;
25. Адамдардың арасын жарастыру;
26. Туыстық қатынасты үзбеу;
27. Мұсылмандарға сәлем беру;
28. Пітір садақасын беру;
29. Ораза айтына лайықты дайындалу.
Баршамыздың жақсы амалдарымызды Алла сауаптан жазсын. Аллаға жасап жүрген ғибадаттарымыз қабыл болсын! Амин!
Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,«Маңдай батыр» мешітінің бас имамы
Добавить комментарий