Қазақстандағы алғашқы АЭС: таңдау неге «Росатомға» түсті?

Қазақстандағы алғашқы АЭС: таңдау неге «Росатомға» түсті?

Елімізде алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салатын компания анықталды. Ауқымды жобаны іске асыратын халықаралық консорциумға жетекшілік ету мәртебесі – Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясына берілді. Алайда бұл Ресейдің жобаға толық иелік ететінін білдірмейді. Станция бірнеше елдің бірлескен технологиясы негізінде бой көтермек.

Таңдау қалай жасалды?

Қазақстан атом энергетикасына қатысты шешімді ұзақ жылдар бойы егжей-тегжейлі зерттеп, халықаралық деңгейде сараптап барып қабылдады. АЭС салу бойынша ұсыныстарды әлемдегі жетекші компаниялар ұсынды. Олардың қатарында Ресейлік «Росатом», Қытайлық CNNC,Франциялық EDF, Кореялық KHNP компаниялары бар.

Әрбір компаниядан жоба құны, құрылыс мерзімі, қаржыландыру тәсілі, кадр дайындау бағдарламасы, жабдықты жергіліктендіру, әлеуметтік міндеттемелер сынды бағыттарды қамтыған кешенді ұсыныстар қабылданды.

Бағалау үдерісіне Атом энергиясы жөніндегі агенттік, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инжинирингтік компаниясы тартылды.

Негізгі критерий – қауіпсіздік пен дербестік

Бағалау кезінде төмендегі басты көрсеткіштер назарға алынды:

– ядролық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік,
– жобаға жұмсалатын шығын көлемі,
– технологияның халықаралық деңгейде сынақтан өтуі,
– стансаның сейсмикалық тұрақтылығы,
– жергілікті мамандарды оқыту және технологияны игеру деңгейі.

Мамандардың айтуынша, таңдауға ұсынылған барлық реакторлар заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Олар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады, сондай-ақ қосарлы қорғаныс қабығымен және ауыр апаттарды басқару жүйесімен жабдықталған.

Шешім – Қазақстан қолында

Жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстан өзінің егемендігін толық сақтайды. Яғни, стансаның меншік иесі де, операторы да – Қазақстан. Уран шикізаты да еліміздің өзінен алынатын болады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев: «АЭС толықтай біздің еліміздің бақылауында болады. Ресейге технологиялық тәуелділік туындамайды. Бұл шарттар келісімде нақты бекітілген. Станса отандық мамандардың күшімен басқарылатын болады», – деді.

Консорциум құрамы қандай?

Жобаға бір ғана ел емес, бірнеше мемлекет қатысады. Консорциум құрамында Ресей – техникалық жетекшілік пен жобалық үйлестірсе,Қытай, Франция, Корея технологиямен және жабдықпен қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан – меншік иесі, басқару және бақылау рөлін атқарады.

Қытай технологиясына қызығушылық артып отыр

Жобадағы тағы бір маңызды қадам – Қытаймен ынтымақтастықты кеңейту. Агенттік басшысының айтуынша, болашақта елімізде Қытай технологиясымен салынатын екінші АЭС-тің құрылысы жоспарлануы мүмкін.

«Қытай – толық атом циклін дербес жүзеге асыра алатын санаулы елдердің бірі. Олардың құрылыс қарқыны мен сапасы жоғары. Сондықтан біз Қытаймен ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарғымыз келеді», – дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Қазақстан АЭС салу арқылы ұлттық энергетикалық қауіпсіздігін нығайтпақ. Бұл тек жаңа қуат көзі емес, сонымен қатар ғылым, білім және технология салаларындағы серпіліс болмақ.
Таңдау қауіпсіздік, тиімділік және ұлттық мүдде тұрғысынан жасалды. Ендігі мақсат – бұл жобаны табысты жүзеге асыру арқылы жаңа энергетикалық дәуірге қадам басу.

 Сулейман МҰРАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!