Ауыл әйелдерінің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін белсенді дамыту қажет
Екінші тамызда Қостанай қаласында «Мүмкіндік. Даму. Жетістік» атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің аймақтық форумы өтті. Шараны «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ, «Қазақстанның ауыл әйелдерінің форумы» ұйымы ұйымдастырды.
Қостанай өңірінің әйелдер қауымы барлық салада белсенді. Тіпті, соңғы жылдары нәзікжандылардың өңірдің өсіп-өркендеу жолында өзіндік қолтаңбасын айшықтап, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргені аян. Барлық саланың көсегесін көгертіп, бір қолымен бесігін, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдердің, ауыл аймақтарды дамытуға қосқан үлестері жайында сөз қозғалып, жаңа кәсіп ашу үшін жұмысты неден бастау керек, қандай кедергілер бар? – деген сұрақтар төңірегінде аймақтық ауыл әйелдерінің форумында айтылды, өзге де мәселелер тақыланды. Форумның ашылуында модератор, ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина сөз сөйлеп, дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін түрлі салаларда көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Бүгінде ел халқының 40% астамы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Бұл ретте ауыл әйелдерінің әлеуетін күшейтуге ерекше мән беріліп келеді. Жыл сайын олардың экономикалық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігі де артуда. Әйелдер өз кәсіпорындарын ашып, шаруа қожалықтарын басқарады, бірегей өндірістерді іске қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Нәзік жандылар әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және білім берудің дамуына белсенді үлес қосуда. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізді сақтауда ауыл әйелдерінің рөлі ерекше.
Отбасы ежелден қоғамның мызғымас негізі, бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің символы болған Қазақстан үшін әйелдің рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде отбасы институтын нығайту және дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Адам жүзеге асыратын барлық сәтті бастамалар оның отбасы шеңберіндегі тәрбиесінің нәтижесі екенін ұмытпайық. Ауыл әйелдері нағыз еңбеккерлер, олар отбасы ошағын сақтап қалудың үйлесімді үлгісі болып қала бермек.
Киелі Қостанай жері де қашанда ардақты қыздарын, атақты еңбек майталманы атанған әйел азаматтарын мақтан етеді. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, өңіріміздің даңқты Еңбек Ерлері Кәмшат Дөненбаева, Вера Сидорова, Алевтина Кузьмина, Екатерина Деккер, сияқты ардагерлеріміздің еңбектері ешуақытта да ұмытылмасы ақиқат.
Бүгінде облысымызда 828 мыңнан астам халық тұрса, оның 37%-ы ауылда тұрады. Оның жартысы – әйелдер. Олар әлеуметтік салада, орта және шағын кәсіпкерлікте, қызметтің түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүр.
Әйел азаматтардың ауыл-аймақтарды дамытуда да рөлі айрықша. Олар ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік салаларын ілгерілетуде қомақты үлес қосып келеді. Сондай-ақ облысымызда шаруа қожалықтың төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Қазір олар ауылда тұрып-ақ табыс табуға болатынын жақсы біледі.
Сондай-ақ әйелдер қауымы «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіп ашудың қыр-сырын оқып-үйренсе, мемлекеттік бағдарлама бойынша да шағын несиелер алып, қайтарымсыз грант иегерлері атануда. «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан нәзік жандылардың саны да артып келеді.
Бүгінгі күні Қазақстанның әйелдері отбасы ошағының сақтаушылары болып қана қоймай, болып жатқан өзгерістердің белсенді қатысушыларына айналды. Мемлекет әйелдердің қоғамның әр қызмет саласында таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар жасауда. Қоғам санасындағы қазіргі заманғы әйелдің елдегі барлық саяси, демократиялық және әлеуметтік-экономикалық процесіне толық құқықтық қатысушысы ретіндегі өркениетті бейнесін қалыптастыру ең маңызды дүние. Қазіргі заманғы әйел – елдегі барлық саяси және әлеуметтік процестердің белсенді қатысушысы.
Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету – мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі. Ал бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға ауылда тұратын әйел азаматтардың қосатын үлесі зор. Әрбір жәзік жан бүгінде ауылдың шырайын келтіріп, тірлігіміздің берекелі болуына үлес қосып отыр. Қай салада болмасын, батыл қадам жасап, кәсіби кемелділіктің, жауапкершілік пен табандылықтың тамаша өнегесін көрсетіп келеді. Қаймағы бұзылмаған өлкемізден ел абыройын қорғайтын намысты ұл-қыздарымыздың түлеп ұшуында әйелдердің еселі еңбектері орасан.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ
Добавить комментарий