Ата заң – алтын арқау
Қазақстан Республикасының басты құжаты – Конституцияның қабылданғанына 25 жыл толды. Осынша уақытта 3 рет өзгеріс енгізілді: 1998, 2007 және 2017 жылы. Соның соңғысы елдің басты құжатына елеулі өзгерістер әкелді. Осы өзгерістер турасында әлі біле бермейтіндер бар. Аталмыш тарихи қадам бізге, ел билігін жетілдіруге қандай үлес қосты, соған тоқталайық.
«Заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді». Конституцияға билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы өзгерістерге бастама жасаған үндеуін Елбасы осылай деп бастаған еді. Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобы жұртшылықтан түскен ұсыныстарды саралап, Парламенттің алдына заң жобасын ұсынған болатын. Парламент екі оқылымда талқылаған соң «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Конституциялық Кеңес құжаттағы сәйкестікті растаған соң, Президент құжатқа қол қойды.
Алты мыңға тарта ұсыныс түсіп, 10 мыңнан астам шараға 2 млн артық адам қатысқан конституциялық реформаны 2017 жылдың ғана емес, тұтастай тарихымыздың тағдырлы сәті деуге келеді. Өйткені, мемлекет үлкен өзгерістерге бет бұрғанда ғана Негізгі Заңға осындай толықтырулар енгізетіні белгілі. Тұтастай алғанда, конституциялық реформаның өзегі ашық талқыланды. Жұртшылық араласып, әрбір адамның ұсыныс беруіне құқықтар қамтамасыз етілді. Нәтижесінде тарих сахнасына сараланған ұсыныстарды қамтыған сапалы құжат шығарылды.
«Біріншіден, бұл Ата заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтіп жатыр. Екіншіден, экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін Үкіметтің дербестігі артып келеді. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылды. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланды. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығайды. Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, біртұтастығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституциялық деңгейде берілетін кепілдік бекемдене түсті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айтпақшы, ұсыныстардың арасында Конституцияны жалпыхалықтық референдумға салу туралы да ойлар айтылған. Елбасы бұған да тоқталып, не себепті Парламентке сенім артқанын түсіндіріп берген еді. «Мемлекеттік басқарудың, адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі басымдықтары өзгермейтіндіктен, көп шығынмен референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан, мен заң жобасын халық сайлаған депутаттық корпустың қарауына ұсынуды жөн санадым. Депутаттық корпус бұл жұмысты ойдағыдай атқарады деп сенеміз. Баршамыздың мақсатымыз бір – мемлекеттік басқару жүйесін бұдан да тиімді әрі тұрақты ету», – деген болатын елдің бірінші президенті. Парламент күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артып келеді бүгінде. Жалпы алғанда, билік өкілеттіктерін бөлуге бағытталған конституциялық реформа Үкіметтің жұмысын неғұрлым тиімді, жауапты әрі жедел ету және анық президенттік басқару нысаны мен президенттік билік вертикалін сақтай отырып, Парламенттің бақылау функцияларын күшейтуді көздеген еді.
Өзгерістер негізгі бес блокты қамтыды. Атап айтқанда, түзетулердің бір парасы Парламеттің рөлін күшейтуді қарастырды. Мәжілістің Үкіметті жасақтаудағы пәрмені артып, Үкімет пен оның мүшелерінің қызметін бақылауда өкілеттігі кеңейді. Бұл ретте Премьер-Министр Мәжіліспен кеңескеннен кейін Мемлекет басшысына Үкімет мүшелігіне үміткерлер туралы ұсынысты енгізеді. Тек Сыртқы істер министрі мен Қорғаныс министрін ғана Мәжіліссіз Президенттің өзі тағайындайды. Конституцияның 49-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламент – заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабы негізінде заң шығару билігін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы. Сондықтан да Негізгі Заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, халық пен мемлекеттің атынан билік жүргізу құқығы Президентке, сондай-ақ, конституциялық өкілеттіктері шегінде республика Парламентіне тиесілі. Бұдан бөлек, Парламенттің жаңа құрамы сайланса, Үкімет құрамы да қайтадан жасақталады. Яғни, Үкімет өз өкілеттігін жаңадан сайланған Парламенттің алдында тапсырады. Сосын Парламенттің әрбір палатасы қандай да бір министрдің жұмысына қанағаттанбаса, Президенттің атына үндеу жолдау арқылы министрді жұмыстан босата алады. Ал еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары бойынша Үкіметтің жауапкершілігі күшейеді. Бұл ретте Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды өзі әзірлеп, оны іс жүзіне асыруға да толықтай жауапты болады. «Үкімет өзге инстанцияларға жауапкершілік жүгін арта алмайды. Себебі, атқарушы билік өзі әзірлеген стратегиялық құжаттарға қатысты жауапкершілікті де өз мойнына алуға тиіс. Бұл Үкіметтің жауапкершілігін жоғарылатып қана қоймай, оның жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деген еді сол кезде жұмыс тобына жетекшілік еткен Әділбек Жақсыбеков.
Түйіндей айтқанда, бұған дейін президент құзырында болған мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтылатын барлық органдарды қаржыландырудың және олардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктер Үкіметке беріледі. Бұл міндетті Үкімет Мемлекет басшысымен келісіп шешеді. Сондай-ақ, Үкімет өз актілеріне өзі толық жауапты болады. Бұдан басқа, Президенттің қорғаныс қабілеттілігі, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтарының тиімді жұмысы мен олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құзыреті сақталды. Тұтастай алғанда, түзетулер билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешіп келеді.
Асыл ҚАСЫМ
Добавить комментарий