Атқарушы билік пен азаматтық қоғам – мемлекеттің қос қанаты

Атқарушы билік пен азаматтық қоғам – мемлекеттің қос қанаты

Тәуелсіздік жылдарында үкіметтік емес ұйымдар азаматтық сектордың дамуына елеулі үлес қосып, демократиялық өзгерістерде маңызды рөл атқарып келеді.
Азаматтық қоғамның белсенділігі жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл қадамдар жергілікті атқарушы билік жұмысының тиімділігін арттыруға тікелей әсер етері белгілі. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі мен көмегі қажет.

Қазіргі уақытта Қостанай ауданында азаматтық секторда 41 үкіметтік емес ұйым жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 5 облыстық, республикалық филиалдар, 36 қоғамдық бірлестіктер.
Өкінішке орай, осы қоғамдық ұйымдардың көпшілігінің белсенділігі өте төмен, іс жүзінде қоғамдық процестерге қатыспайды, араласпайды.
2016 жылдан бастап «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабы 5-тармағының негізінде ҮЕҰ Дерекқорын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
2021 жылдың наурыз айы мәліметіне сүйенсек, Қостанай ауданында 39 үкіметтік емес ұйым Дерекқорға тіркелген.
Жыл сайын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында үшінші секторға ерекше назар аударады. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауда ауылдық ҮЕҰ рөлін дамыту және нығайту міндеті қойылған.
Бұл бағытта біздің өңірде жұмыстар қолға алынып, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар ынтымақтастығының қалыптасқан тәжірибесі бар: бірлескен жобалар мен бағдарламалар іске асырылуда, іс-шаралар өткізілуде. ҮЕҰ көшбасшылары аудандық кеңестер мен комиссиялардың мүшелері болып табылады.
Сонымен қатар, Қостанай ауданы әкімдігі жанындағы ҮЕҰ өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңестің жұмысы ұйымдастырылып, оның құрамына мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енгізілді.
Кеңес мемлекет пен азаматтық сектордың одан әрі өзара іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік беретін диалог алаңы ретінде әрекет етеді.
Ауданның үкіметтік емес ұйымдары өз қызметтерін қоғамдық өмір, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, дене шынықтыру, жастар саясаты, балаларды қорғау, гендерлік мәселелер, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқықтарын қорғау салаларында және басқа да әлеуметтік маңызды бағыттарда ұйымдастырып, жұмыс жасауда.
Азаматтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге ҮЕҰ тарту үшін мемлекеттік органдар Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобаларды қалыптастырады. Ауданда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 3 мемлекеттік мекеме (ішкі саясат бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) жүзеге асырып келеді. ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 7 лот бойынша іс-шаралар өткізеді: жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша; Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауын және жастар саясаты саласындағы бағдарламалық құжаттарды түсіндіру бойынша; Жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған; «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде туристік-өлкетану қызметі; Құқықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған; жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды бейімдеу; «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру.
Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі артып келеді. Алайда, ағымдағы ахуалды талдап қарасақ, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігі айқын.
Өйткені, облыс бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 10 басқарма (бүкіл әлеуметтік блок, сондай-ақ табиғи ресурстар басқармасы) іске асыратын болса, біздің ауданда тек үш мемлекеттік мекеменің шенберінде ғана қалып отыр. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттырып, өткізілетін іс-шаралардың ауқымы артып, сапасына көңіл бөлінсе, азаматтық сектордың қоғамға тигізер пайдасы ұланғасыр.
Осы азаматтық қоғамның бастауын орта ғасырдағы алғашқы гуманистік идеялармен байланыстыра қарастыратын көзқарастар бар. Дегенмен, оның бүгінгі заманғы формасының қалыптасу тарихы үш ғасырдай уақытты қамтиды. Саланың осы аралықтағы даму, жетілу тарихына зер салсақ, бірінші кезекте дамыған мемлекеттердегі азаматтық қоғамның бет алысы санада жаңғырады. Әсіресе АҚШ, Ұлыбритания, Батыс Еуропа елдерінде азаматтық қоғамның мемлекеттің өркендеуіне тигізіп отырған пайдасы зор. Олардағы азаматтық қоғамға тән, 30-40 жылдық тарихы бар, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, адам құқығын сақтау, дамушы мемлекеттерге көмектесу және демократияны дамыту салаларында ықпалды кейбір құрылымдар әлемдік ауқымдағы мәселелерге дейін араласуда.
Жалпы, атқарушы билік пен азаматтық қоғам – мемлекеттің қос қанаты. Бұлар бірлеспей іс ілгері баспайды. Дамыған мемлекеттерде осы қос тарапқа теңестірілген мүмкіндіктің берілуі олардың өркендеуінің негізі болып отыр. Ал жалпы билігі, оның тармақтары монополистік қағидаттарына сүйенген, азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес елдер көптеген мәселелерде артта қалуда.
Елдегі саяси партиялар мен қозғалыстарды, кәсіподақтар мен өзін өзі басқару органдарын былай қойғанда, бір ғана үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру ісіндегі түйт-кілдердің өзі азаматтық қоғамның серпін алуына қол байлау болып отырғандай.
Батыс елдерінің тәжірибесінде үкіметтік емес ұйымдар үлкен саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани әлеуетке ие. Мәселен, Еуропа елдерінде мұндай ұйымдарға ірілі-ұсақты компаниялар, қалталы адамдар көмектесіп отырады. Ал Үкімет оларды жанама түрде ғана қолдап, олардың қызметін тек бақылаумен шектейді. Бұл арада еуропалық ҮЕҰ-дар мүлде мемлекеттік тапсырыс алмайды деген ұғым туындамауы керек. Олар да мемлекеттің тапсырысын орындайды. Бірақ бізден бір ерекшелігі Үкімет елдегі ҮЕҰ-дан өздері көмек сұрап, қаржысын ұсынады. Өйткені әбден қалыптасқан, тәжірибесі мол, мүшелері көп ұйымдардың қызметіне Үкіметтің өзі тәуелді болады. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға кезінде барынша назар аударғандықтың жемісі осы болса керек. Егер осындай процесс бізде жүзеге асса, «үшінші сектор» – азаматтық қоғам әжептәуір серпіліс алар еді. Бізде компаниялар мен қалталы жандардың азаматтық қоғамды қолдауға қаржы бөлуінің мардымсыздығы ҮЕҰ-ды Үкіметке тәуелді етіп отыр.
Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі ҮЕҰ-дың көпшілігінің мүшелері де өте аз болып келеді. Шығын қол байлайды.
АҚШ-та 6-7 мың, тіпті 10 мыңнан астам мүшесі бар ҮЕҰ-дар бар. Оларда денсаулық сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, мүгедектерге және басқа да белгілі бір салаларға арналған ҮЕҰ-ға қажет деп тапқан кез келген адам мүше бола береді. Ал біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау ұйымына тек экологтар, мүгедектер ұйымына тек науқастар, денсаулық сақтау ұйымдарына тек дәрігерлер, мейірбикелер мүше болып жатады. Әрине мұның барлығы азаматтық қоғамға деген түсінігіміздің шалағайлығын әлі толық қалыптаспағандығын ұқтырады.
Сулейман Мұратұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!