Армандарға апарар алтын көпір

Армандарға апарар алтын көпір

Көңіл толқыған қоштасу сәті… Қанша рет дайындалып, ішімізден сан мәрте қайталасақ та, дәл осы мезет келгенде жүрек шым етіп, көңілге сағыныш ұялайды. Себебі біз  он бір жыл бойы өміріміздің мағыналы, мәнді сәттерін өткерген алтын ұя – мектебімізбен қоштастық.

Мен үшін мектеп – білім мен тәрбие ғана беретін мекеме емес, болашаққа бастар жолды көрсеткен шамшырақ іспетті. Сол шамшырақ – Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясы.

Бұл киелі білім ордасы – менің жүрегімнің төрінен орын алған, арманға жетелеген алтын көпір. Қазақы болмысты сақтап, рухани құндылықтарды бойымызға дарытқан, сапалы білім мен саналы тәрбие берген осы мектепке мен 8-сыныпта Торғай жеріндегі Қ.Қайдосов мектебінен ауысып келдім.

Бейтаныс ортада өзімді бөтен сезінем бе деп іштей қобалжығаным рас. Алайда бұл мектеп мені жатсынған жоқ. Қабілетімді байқап, дарынды оқушы ретінде үлкен мүмкіндіктер ұсынды. Сол жылы-ақ облыс көлемінде танылып, 2022 жылы Елбасының дарынды балаларға арналған кездесуіне Қостанай облысының атынан қатысып, Ақорда төрінен марапат алып қайттым. Бұл мен үшін – үлкен шабыт, ұмытылмас тарихи сәт.

Келесі жылы қоғамдық белсенділігім үшін «Лидер» атағын иеленіп, әкімнің Алғыс хатына ие болдым. Бұл – менің еңбегіме берілген лайықты баға, ұстаздар сенімінің көрінісі.

Мектеп өміріне белсене араласып, біліммен қатар ұлттық ойындардан да топ жардым. Тоғызқұмалақ, бес асық, волейбол сияқты спорт түрлерінде жүлделі орындарға ие болдым. Абай, Әбіш, Мұқағали, Ілияс пен Шәкәрім оқуларында сөз өнеріне деген құштарлығымды дәлелдеп, сөз додаларында озат атандым. Ғылыми жобаларда жеңіске жетіп, би мен домбыра өнері арқылы көрерменнің қошеметіне бөлендім. Облыс пен республика деңгейіндегі байқауларда мектеп, аудан, облыс намысын қорғап, бірнеше рет гран-при иелендім.

Биыл, міне, осы еңбектің, ұстаздарымның үміті мен сенімінің арқасында «Үздік аттестат» иегері атанып отырмын. Бұл – мен үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік.

Осы биікке жетуіме қолдау көрсеткен барлық ұстаздарыма алғысым шексіз. Әсіресе, алғаш қабылдап, әрдайым сенім артқан мектеп директоры Алимова Айткүл Едресқызына алғысым ерекше. Ол кісінің: «Сен мықтысың, саған сенеміз» деген сөздері әр жарыс алдында жігер беріп, алға жетеледі.

Ал 8-сыныптан бері жанымнан табылып, ақылымен бағыт берген, қамқорлығымен қанаттандырған сынып жетекшім Кулахметова Қаламқас Рахимовна – менің екінші анам іспетті. Оның мейірімі мен шынайы қамқорлығы мені алға жетелеп, өмір жолында адаспауға үйретті.

Мен – сөз өнерін сүйетін, әдебиет пен тілге жақын шәкіртпін. Болашақта журналистика саласында білім алып, елге қызмет етуді армандаймын. Мен осы мектептің түлегі болғанымды әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Себебі бұл мектеп – менің арманға бастаған алтын көпірім!

Айша Берікқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!