Архив-2025: міндет пен мақсат

Архив-2025: міндет пен мақсат

Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жүктеген бір міндет – барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау. Бағдарлама аясында қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? Бірінші кезекте қай бағытқа көңіл бөлінуі керек? Осы сауалдар төңірегінде ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін саралап көрелік.

«Мәдени мұраның» жалғасы
«Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек. Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет», – деген жолдар бар мақалада.
Тұңғыш Президент мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру керек екенін де айтты.
«Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақ сезім қалыптастырады», – деп жазды Елбасы.
Көпшілік есінде болса, Қазақстанда осыдан 15 жыл бұрын жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы әлемнің алыс және жақын шетелдерін мұрағат деректерін жинақтауға ғалымдар мен архив қызметкерлері арнайы іссапарларға барды. Өз жеріміздегі және алыс-жақын шет елдердегі қазақ тарихына қатысы бар мәдени, рухани құндылықтарымыз, археологиялық және сәулет туындылары, жазба және көркем әдебиет қолжазбалары жинақталып елімізге әкелініп, том-том кітаптарға топтастырылды. Мемлекет қазынасынан жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп отырды. Осыған сәйкес атқарылған жұмыстар да қыруар. Қазақ тарихы мен мәдениетіне 500 мыңға тарта құжат қосылды. Бірақ, ғалымдар Ватикан архивтерінен деректер іздеп шарқ ұрғанымен, мына тұрған көршілес жатқан Өзбекстан Республикасының архивінен мардымды құжат ала алмаған. Осы олқылықтың орнын толтыруда «Архив-2025» бағдарламасының маңызы зор.
Қазақстан Республикасының оңтүстік бөлігі ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан ХХ ғасырдың 24-25 жылдары іске асырылған территориялық-әкімшілік жіктелуге шейін алдымен Түркістан генерал-губернаторлығының, сонан соң Түркістан Кеңестік Республикасының құрамында болғанғы мәлім. Соған байланысты тарихшы ғалым – дарымыз осы аталған тарихи мезгілге қатысты архив құжаттарын Ташкенттегі Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архив қорларынан іздеуге мәжбүр. Аталған ел архивінде Жетісу мен Сырдария облыстарының ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі деректер шоғырланған. Әсіресе, 74 іс құжатынан тұратын «Түркістан өлкесін жаулап алу тарихына арналған материалдар жинағы (1839-1876 ж.ж.)» атты полковник Серебренников жинастырған №И-715 қор, 1867-1918 жылдар аралығындағы құжаттарды қамтитын №И-1 «Түркістан генерал-губернаторлығы кеңсесі», «Сырдария облыстық басқармасы» атты №17 қор және тағы басқа қорларда тұнып тұрған Қазақ тарихына қатысты деректер жинақталған. Қазақ тарихшылары үшін 2008 жылдан бері аталған елдің архив мекемесі жабық. Жұмыс жасауға рұқсат жоқ.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орынды көтерген мақаласын негізге ала отырып, Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылды «Қазақстанның Өзбекстандағы жылы» деп жариялағаны белгілі. Тарихшылар осы жылы ала шапанды ағайындарымыз архивінде жұмыс жасауға рұқсат беріп, мәдени, саяси және рухани қарым-қатынасымыз одан әрі арта түседі деп сенеді.
Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Яғни, рухани және материалдық мұраларымызды өзге жұрт тасып әкеткен, жоғалтқан замандар болды. Осы күнге дейін халқымыз соны түгендеумен, іздеумен келеді.
Қазіргі жаһандану заманында елдікті сақтап, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында ұлттық тарихымызды ұлықтай түсуіміз керек. «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы сол үшін де қолға алынып жатқаны белгілі.
«Қазіргі жаһандық жағдайда әлем халқы елімізді қандай имидж арқылы таниды? Біз сол әлем халқына Қазақстан тарихын, мемлекеттің имиджін және көнеден бүгінге дейінгі аралықты тарихи сабақтастықпен таныта алдық па? Міне, осындай ойландыратын сұрақтар бар. Оған толық жауап беру үшін әлі де көп жұмыстар атқарылуы керек. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесін бақылау үшін жылына 1 рет есептерін тыңдау және олардың әкелген құжаттарын Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан мұрағатқа өткізу қажет. Әкелген құжаттар әркімнің жеке отбасылық мұрағатында қалмауы керек. Ол болашақта елдің тарихын жазу үшін маңызды. Сондықтан, оны қабылдап алатын және жүйелеп жинақтайтын мұрағаттар ішінен арнайы топ құрылғаны абзал. Шетелдерден әкелінетін мәліметтер Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мен Елордадағы ҚР Ұлттық мұрағатына өткізілуі тиіс. Оны тарихты жазумен айналысатын магистранттар, докторанттар, ғалымдар және көпшілік қауым пайдалана алатындай жағдай болуы керек», – дейді Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми ғызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов.

60 мың құжат біртұтас базаға енгізіледі
«Архив және қоғам» жобасы негізінде ілкімді істер атқарып отырған ҚР Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова отандық мұрағаттар жаңа құжаттарды іздестіру ісімен айналысып қана қоймай, бүкіл жұмысын жаңғыртуды қолға алуы тиіс деп есептейді. Ол үшін өндірістік үдерістерге жаңа технологияларды енгізіп, қызметшілердің білігін көтеріп, архив қоймасын біртұтас Data-орталықпен біріктіретін мұрағат саласындағы инфрақұрылымдар заманауи талапқа сәйкес жабдықталуы керек. Мамандардың пайымдауынша, ғылыми-іздестіру жұмысының әдістемесінен бастап, жаңа архивтік материалдарды іздестіру жұмысы толықтай жүйеленуі тиіс.
Қазақстанның ғана емес, шетелдердің де көптеген мекемесі үшін жаңғыру үлгісін көрсетіп отырған Президент Архивінде аталған бағдарламаны жүзеге асыруға шетелдік оқымыстылар тартылмақ. Архив Белорусь, Германия, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ секілді 7 мемлекеттің 16 ұйымымен келісімшартқа отырған. Арасында шетелдік ғалымдары бар, жыл сайын бұл архивтің қызметіне 400-ге жуық зерттеуші жүгінеді.
«Архив-2025» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы тиесілі жұмыстарын Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі үйлестіріп отыратынын айтады. Іздестіру жұмысына архившілермен бірге зерттеуші ғалымдар да жұмылдырылады. Орталық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шетелдік архивтер мен кітапханалардан табылған архив материалдарын тізімге алу бойынша жұмысын бастап та кетті. Өзге іздестіру кезінде қайталанбас үшін шетел архивтеріндегі 60 мыңға жуық құжат алдағы уақытта біртұтас базаға енгізіледі. Назар аударатын тағы бір жайт, архив қоймасын жеке адамдардың қолында сақталған құжаттармен толықтыру мүмкіндігінің туып отырғаны. Бұл архившілер мен ғалымдардың, зерттеушілердің игілікті ортақ мақсат үшін жұмыла алатынына байланысты жүзеге аспақ.
Іздестіру экспедицияларының жұмысына ғылыми танымы кең, тіл білетін тәжірибелі зерттеушілер тартылады. «Архив-2025» орталығы Ресей, Қытай, Еуропа және АҚШ архивтерінің жұмыс істеу тәсілін зерделеуді жоспарлап отыр. Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның тарихына қатысты құжаттарды анықтау бойынша Ресей мемлекеттік тарихи архивімен бірлесе жұмыс атқарды. Ғалымдар зерттеу еңбектерінде кеңінен пайдалану үшін жаңадан табылған архивтік құжаттар белсенді түрде ғылыми айналымға енуі тиіс.
«Архив-2025» орталығының жақын арадағы жоспарына сәйкес, барлық архив құжаттарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін Ортақ электронды каталог құрылады.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!