Жолдардың сапасыз болуына қандай факторлар әсер етеді?
Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде жол саласының ардагері Бақыт Атабаева пікір білдірді.
– Бахыт Мұсабекұлы, қазір жолдың сапасыз болуына негізгі себебі не?
– Жолдың сапасыз болуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең қарапайымын атап кетсем, өңірде салынған жолдардың жабыны жеңіл көлікке арналған. Республикалық деңгейдегі жолдарға үшінші санат берілген. Оның жалпақтығы 8 метр, жүктемесі 8 тонна. Жүктеме одан аспауы тиіс. Бұрын ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан аспайтын. Қазір түрлі үлкен жүк көліктері шығып жатыр. Олардың жүктемесі 12, тіпті 14 тоннаға да жетеді. Жолдағы қозғалыстың жиілігі, ауыр жүк көліктерінің трафигі жылдан-жылға артып келеді, осының барлығы жолдың жағдайына әсер етеді.
– Сапа сақталуы үшін не істеу керек?
– Жол сапалы болуы үшін жұмыс дұрыс жүруі керек. Ал жұмыстың жүруі, ең біріншіден, жасалатын жобаға байланысты. Қазір бұл міндетті облыс орталығынан ашылған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» атқарып отыр. Әр жоба тыңғылықты қаралап, сараланып, екі жақты келісілуі керек. Кейде сол жобаның өзінде де қателіктер болады. Әр жасалатын жұмыс жеті рет өлшеніп, бір рет кесіліп, тиянақты жасалуы керек. Жол салудың да өзіндік тәртібі, технологиясы бар. Жер табанына кірістірілетін екінші қайтара қолданылатын материалдар, асфальт-бетон зауыттарынан шығып жатқан өнімдерді, қолданылатын әрбір бөлшекті зерттеу керек. Асфальттің сапасы битумға, қолданылып жатқан қиыршық тасқа, құмға байланысты. Осының барлығы аталып кеткен жобаға сәйкес келуін қадағалау қажет. Асфальт төселіп жатқанда оның температурасы, үтіктелу кезіндегі қызуы, осының барлығы қатаң бақылануы тиіс. Негізі жолдың ең үлкен жауы – су. Ол асфальттың ішінде кіріп кетсе, қыста қатты аязда жолдың бетін жарып жібереді. Осындай қателіктердің алдын алу үшін арнайы технология бар. Сол технологиялар қатаң сақталуы керек. Қытымыр қысқа, шіліңгір ыстыққа төзімділік те зерттеуден өтеді. Осының бәрі ғылым демей немене? Жол салу – үлкен еңбек.
Эльвира ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының
Қостанай облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы
Добавить комментарий