Тәуекел – «Ер төстік» батыры

Тәуекел – «Ер төстік» батыры

Аудандық мәдениет үйінде балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында мектепке дейінгі білім беретін ұйымдар арасында «Ер төстік» батырлар тартысы өтті.

Сайысқа «Ер төстіктей» батыр боламын деген төрт бүлдіршін қатысты. Іс-шараның қадірлі қонағы Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Абишев Қайрат Тынымбайұлы алғы сөз сөйлеп, сынға түскелі отырған кішкентай батырларға сәттілік тіледі.

«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» демекші, алдымен батырларымыз өздерін таныстырып, жеті атасын айтып жарысты. Одан соң «Жігітке жеті өнерде аз» деп аталатын кезеңде ұлдарымыз бір бірінен кем түспеді, бірі әкесіне арнап ән шырқаса, бірі асық биін биледі, «Ер төстік» ертегісі желісі бойынша би-қойылымын көрсетіп, тағы бір қатысушымыз Кенен Әзірбаевтың «Ер төстік» аңызын жатқа айтып, көрермендерді өнерлерімен қуантты. Атадан балаға мұра болып келе жатқан бар өнерлерін паш етті.

Сайыстың көркі асық ату, қол күресі кезеңдерінде қыза түсті. Кішкентай батырлар өздерінің ептіліктерін, мергендіктерін барынша көрсете білді. Жігіттер аттарына заттары сай шетінен өнерлі, шымыр болып өсіп келе жатқандықтарын көрсетті.

Сондай ақ жас әншілер Дәрмен Камила және «Карамельки» тобының әншілері мерекені әнмен әрлеп, сайыстың көркін келтірді.

Бұндай сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз «тәрбие тал бесіктен» демекші, мектеп табалдырығын аттамаған бүлдіршіндерге ұлтының мәдениетін және ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу. Оларға қазақ халқының көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың құндылығын әр ұрпақтың жадында қалдыруымыз қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі біз үшін баға жетпес асыл қазына.

Қазіргі заманда ұрпақтың бойына қайырымдылықтың, ізгіліктің дәнін сепсек деп ойлаймыз. Ал оның барлығы ұлттық тәрбиемізден бастау алатыны сөзсіз.

Бұл сайыстың өскелең ұрпаққа берері мол деп білеміз. Мысалы қазақтың ұлттық ойыны асық ату балаларды шапшаңдыққа, ептілікке, мергендікке баулиды және қырағылығын жетілдірсе, қол күресі балалардың нық басып, орнықты жүруін жетілдіреді.

Бір сөзбен айтқанда сайыс өте қызықты, тартымды, жоғары деңгейде өтті. Бірінен-бірі озып тұрған сайып қырандарымызды бағалап, саралау әділқазылар алқасына оңай соқпағаны сөзсіз. Дегенмен жүйрік жүлдесіз қалмайды дегендей, барлық сындардан сүрінбей өтіп, оқ бойы оза шауып, ерекше көзге түскен Ерланұлы Тәуекел бас жүлдені жеңіп алып, «Ер төстік» батыр атанды.

«Алтын бесік» бөбекжайының тәрбиеленушісі Нұрлан Нұрмұхамбет «Мерген жігіт» номинациясы бойынша марапатталды. «Гүлдер» бөбекжайының тәрбиеленушісі Мейрамхан Азиз «Шымыр жігіт» атанды. Ал «Сәулетай» бөбекжайының тәрбиеленушісі Асқарбек әли «Өнерлі жігіт» номинациясын қоржынына салды.
Сондай-ақ, «Ерекше ұлттық костюм» арнайы сыйлығы «Гүлдер» бөбекжайының тәрбиеленушісі Мейрамхан Азизға берілді. Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен мараппатталды.

Әсемгүл ФАЙЗОЛЛА,
Қостанай аудандық орталық балалар
кітапханасының кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!