Әкеңнің еккен ағашы ұрпаққа сая
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Садчиков ауылдық кітапханасы жанынан құрылған «Қазына» клубының мүшелері сенбілік өткізді. Қазыналықтардың айтуы бойынша, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.
Зейнеткер ағаларымыз бен апаларымыз бұл жолы да ауызбіршілік пен татулықтың нышанын паш етіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, 5 кезеңнен тұратын акцияның «Жасыл аймақ» апталығы аясында көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, ағаш көшеттерін отырғызуды ұйымдастырды. Қазыналық ата-әжелеріміз өздері отырғызған көшеттің күтімін немерелеріне табыстап, керемет үлгі боларлық әрекеттерімен ауыл тұрғындарын тәнті етті.
Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы немерелерімізге табиғатты аялауды үйретіп, әрбір жақсы істің басы-қасында жүруді бойларына сіңіріп, үлгі тұтарлық істерімізбен қоршаған ортаның жақсаруына үлесімізді қосуды жөн көрдік,- дейді клуб мүшесі Сатпаева Салтанат.
Аталмыш акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениет деңгейін арттыру, тұрғындардың, әсіресе жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
Клуб төрайымы Әмірғалиева Тұрсын тұрғындарды ауыл тазалығына бірге атсалысуға, өз өңірлеріндегі сенбілікке қатысуға, туған өлке экологиясын жақсартуға , ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырды.
Клуб мүшесі, ең жасы үлкен Бекжанова Күлсипат апамыз: еккен көшеттеріміз тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналып, жапырағын жайып, ұрпағымызға сая болса екен,- деп батасын берді.
Иә, өз жерімізге жасыл желекті көп отырғызсақ, оның саясын ұрпақ көретіні сөзсіз, игі істен қалыс қалмайық, ағайын!
Алтын ЕРЖАНОВА,
Садчиков моделді ауылдық
кітапханасының кітапханашысы
Добавить комментарий