Балалар күні: өнер, ойын және шаттық мерекесі
Балалардың шат күлкісі мен қуанышқа толы дауысы Тобыл қаласын ерекше мерекелік атмосфераға бөледі. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» мерекесі жүздеген бүлдіршіннің басын қосып, балалық шақтың бояуын айшықтаған жарқын оқиғаға айналды. Өнер мен ойын, білім мен шығармашылық тоғысқан мерекеде әр бала өзін ертегі әлемінің кейіпкеріндей сезінді.
Таңғы сағат 10.00-де Тәуелсіздік аллеясы мен «Алтын дән» аудандық мәдениет үйінің алаңы балалардың шаттыққа толы мекеніне айналды. Түрлі түске боялған мерекелік алаңдарда бүлдіршіндер асыр салып ойнап, шығармашылықпен айналысып, жаңа достар тапты.
Халықаралық балаларды қорғау күні – тек көңіл көтеретін мереке ғана емес, әр баланың қауіпсіз, бақытты өмір сүруге, білім алуға және жан-жақты дамуға құқығы бар екенін қоғамға тағы бір мәрте еске салатын маңызды күн. Сондықтан бұл мерекенің тәрбиелік мәні де ерекше.
Іс-шара барысында балаларға арналған танымдық және ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Кішкентай қонақтар сурет салып, ұлттық ойындарға қатысып, флешмоб билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар спорттық жарыстар мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарда жасөспірімдер өздерінің ептілігі мен шеберлігін көрсетті.
Мерекелік бағдарламаның мазмұны да бай болды. Караоке алаңында балалар сүйікті әндерін орындаса, робототехника және легоконструкциялау бойынша шеберлік сабақтары олардың техникалық шығармашылығын дамытуға мүмкіндік берді. Интеллектуалдық ойындар, ребустар мен викториналар қатысушылардың ой-өрісін кеңейтсе, ашық аспан астындағы кітапхана кітапқұмар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Мерекенің көркін қыздырған ертегі кейіпкерлері мен алып қуыршақтар балалармен бірге би билеп, ойын ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал тәтті сыйлықтар мен балмұздақтар бүлдіршіндердің қуанышын еселей түсті.
Күннің ең әсерлі сәттерінің бірі Тәуелсіздік аллеясындағы сахнада өткен «Біз өмірдің – гүліміз» атты балалар шығармашылығы фестивалі болды. Қостанай ауданының шығармашылық ұжымдары мен жас өнерпаздары сахна төрінде ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Әрбір қойылым көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, сахна балалардың таланты мен арманына қанат бітірген өнер алаңына айналды.
Фестиваль қорытындысында қатысушылар дипломдармен марапатталып, олардың шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсетілді. Бұл – балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, жаңа белестерге ұмтылуына берілген үлкен серпін болды.
Балалық шақтың жарқын бояуларын дәріптеген бұл мереке жас буынға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық қарым-қатынасты нығайтуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік берді.
Элеонора Кадерова,
Аружан Мұхантай






















Добавить комментарий