«Ауыл аманаты»: ауылды жаңғыртудың жаңа экономикалық моделі

«Ауыл аманаты»: ауылды жаңғыртудың жаңа экономикалық моделі

Қазақстанда ауыл – тек аграрлық өндіріс көзі ғана емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен демографиялық дамуының тірегі. Осы тұрғыда соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл жоба ауыл өміріне тың серпін беріп, мыңдаған адамның табысын арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Бағдарлама қысқа мерзім ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеп, ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа философиясын қалыптастыруда. Ендігі мәселе – осы мүмкіндікті өңірлер қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр?

«Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бастап толыққанды жүзеге аса бастады. Мемлекет ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа тетігін ұсынып, бұрынғыдай тек субсидия берумен шектелмей, нақты табыс әкелетін жобаларды қаржыландыруға көшті.

Алғашқы кезеңде бағдарламаға 100 млрд теңге бөлініп, мыңдаған адам шағын несие алды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылда кәсіпкерлік белсенділігі артты. Кейінгі жылдары қаржыландыру көлемі ұлғайып, бағдарлама ауқымы кеңейе түсті.

Бүгінде бұл бастама ауыл экономикасын «төменнен дамыту» қағидатына негізделген тиімді модель ретінде қарастырылуда.

Қарапайым ауыл тұрғынынан – кәсіпкерге дейін

Бағдарламаның басты артықшылығы – оның қолжетімділігінде. Жылдық мөлшерлемесі шамамен 2,5 пайыз болатын микрокредиттер ауыл тұрғындары үшін бұрын болмаған мүмкіндік ашты.

Негізгі талаптар да түсінікті: ауылдық жерде тұру, нақты бизнес-жоба ұсыну, қаражатты мақсатты пайдалану.

Бұл талаптар ауыл тұрғындарын жауапкершілікке үйретіп қана қоймай, кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде.

Ресми деректерге сүйенсек, бағдарлама аясында еліміз бойынша 14 мыңнан астам микрокредит беріліп, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Мыңдаған адам өз кәсібін бастап, жүздеген кооператив құрылған. Бұл көрсеткіштер ауылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарып келе жатқанын аңғартады.

Қостанай ауданы: бағдарламаның нақты көрінісі

2026 жылы аудан бойынша жалпы сомасы 281,6 млн теңгені құрайтын 20 жоба пулы қалыптастырылған. Бұл – ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігін көрсететін нақты көрсеткіш.

Қазіргі таңда «Тобол» әлеуметтік кәсіпкелік корпорациясына 184,4 млн теңгеге бағаланған 11 жоба жолданып, оның 7-і қаржыландырылған. Қалған жобалар мақұлдау және қарау кезеңінде.
Аудан бойынша 4 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, олардың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған.

Заречный ауылдық округінде «Осиновка-2024» кооперативі жалпы құны 28,3 млн теңгені құрайтын 56 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алса, Майкөл ауылдық округіндегі «Алтын арман 2025» кооперативі ірі қарамен қатар жылқы шаруашылығын дамытып отыр. Олар 31,2 млн теңге қаражат игерген.
Өсімдік шаруашылығына да қызығушылық артып келеді.

Октябрь ауылдық округінде жылыжай құрылысы басталса (28,8 млн теңге), Тобыл қаласында құлпынай өсіру жобасы іске қосылды (7,6 млн теңге).

Бұл жобалар ауыл шаруашылығының жаңа бағыттарға бейімделіп жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар бағдарлама аясында бірнеше кәсіпкер тиегіш техника сатып алған. Бұл ауылдағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, косметологиялық қызмет көрсету жобасының мақұлдануы да ауыл экономикасының тек аграрлық сектордан тұрмайтынын көрсетті. Қызмет көрсету саласы да біртіндеп дамып келеді.
Қостанай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, 2026 жылдың 25 ақпанынан бастап мал шаруашылығына өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл шешім қаржыны тиімді бөлу және басқа бағыттарды дамыту мақсатында қабылданған.

Қазіргі таңда өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу және қызмет көрсету салаларына басымдық берілуде.
2026 жылға Қостанай ауданы бойынша 1 млрд теңгеге 101 микрокредит беру жоспары бекітілген. Бұл ауыл экономикасын кешенді дамытуға бағытталған нақты қадам.

Ал республика бойынша алдағы жылдары бағдарлама ауқымы одан әрі кеңейіп, жүздеген миллиард теңге бөлінуі жоспарланып отыр.

«Ауыл аманаты» – ауылды қолдаудың жаңа кезеңін айқындаған бағдарлама. Ол ауыл тұрғындарына тек қаржы ұсынып қана қоймай, өз ісін бастауға сенім берді.

Қостанай ауданындағы жобалар осының айқын дәлелі. Мұнда шағын бастамалар нақты табыс көзіне айналып, ауыл экономикасының жаңа келбетін қалыптастыруда.

Бүгінде ауыл тұрғынының таңдауы өзгерді: ол енді тек күнкөріс үшін емес, даму үшін еңбек етуде.
Сол игі бастамалардың бірі – ата-бабадан мирас болған мал шаруашылығын жаңғыртып, оны заман талабына сай дамыту. Ауыл – қазақтың алтын бесігі, ұлттың тамыры болса, сол ауылдың тіршілігімен біте қайнасқан мал шаруашылығы – қасиетті кәсіп. Бүгінде бұл дәстүр жаңғырып, мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа тыныс алуда. Осындай бағдарламалар ауыл тұрғындарына тың мүмкіндік ұсынып, еңбектің берекесін арттыруға жол ашуда.

Соның айқын дәлелі – Осиновка ауылында құрылған «Осиновка – 2024» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі. Аталған кооперативтің негізін қалаған ағайынды Сырымбет пен Арыстан Тәуірбаевтар мемлекеттік қолдаудың арқасында 28 миллион теңге көлемінде қаржы алып, 56 бас Әулиекөл тұқымды ірі қара мал сатып алған. Сонымен қатар, жоба аясында үш жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Кооператив жетекшілерінің бірі Арыстан Қайыржанұлы – мал шаруашылығын жастайынан бойына сіңірген жан. Оның айтуынша, бұл кәсіп – әкеден балаға жалғасқан өмір жолы. Әкесі де ұзақ жылдар бойы Осиновка ауылында жүзден астам ірі қара мен жылқы бағып, адал еңбегімен нәпақасын тауып келеді. Осындай еңбек мектебінен өткен Арыстан бүгінде өз ісін сеніммен жалғастырып отыр.

Отбасылық кәсіптің берекесі де ерекше. Арыстанның алты баласы мектептен кейін шаруашылық жұмысына араласып, мал күтудің қыр-сырын меңгеріп келеді. Бұл – ұрпақ тәрбиесі мен еңбек сабақтастығының жарқын көрінісі. Осиновкадағы тіршілік – нағыз ауылдың шынайы келбеті. Таңмен таласа бие сауылып, кешкілік қымыз сапырылып, қой-ешкі төлдеп жатқан берекелі ортада еңбек қызу қайнайды. Табиғи таза өнім дастарханға жетіп, еңбектің жемісі айқын көрініс табуда. Осындай іскер, еңбекқор ауыл тұрғындарының табысы артқан сайын, ел экономикасының да дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Дегенмен, ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері де жоқ емес. Соның ең бастысы – жайылым жердің тапшылығы. Мал басы көбейген сайын, оны бағатын кеңістікке деген сұраныс та арта түсуде.

Кооператив мүшелері бұл мәселені шешу – ауыл шаруашылығын одан әрі өркендетудің маңызды шарты екенін алға тартады.

Міне, Осиновка ауылындағы игі бастама -мемлекет қолдауы мен халық еңбегінің тоғысқан тұсы. Мұндай мысалдар ауылдың әлеуетін арттырып қана қоймай, елдің ертеңіне деген сенімді нығайта түседі. Еңбек бар жерде – береке бар. Ал берекелі ауыл -қуатты мемлекеттің негізі. Ең бастысы – ниет пен еңбек бар жерде, нәтиже де болары анық.

Жұмагүл ИРГАСЫМОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!