Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғамның негізі

Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғамның негізі

Қостанай ауданы кітап оқу марафонында белсенділік танытып, облыстағы көшбасшылар қатарынан көрінді.

Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған білімін, тәжірибесін, ойы мен рухани құндылығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін баға жетпес қазына. Қазіргідей ақпарат ағыны күшейіп, цифрлық технологиялар күн сайын дамып отырған кезеңде кітап оқудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі кітап адамға дайын ақпарат беріп қана қоймай, ойлануға, саралауға, салыстыруға, өз пікірін қалыптастыруға үйретеді.

Осындай мақсатты көздейтін ауқымды ұлттық бастамалардың бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Оның негізгі мақсаты – елімізде тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, сыни және талдамалық ойлауды дамыту, кітапты барлық жастағы азамат үшін білім мен рухани дамудың маңызды көзі ретінде насихаттау.
Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша мән беріп келеді.

2026 жылғы 16 мамырда Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, кітап оқу мәдениетін насихаттау және зерделі ұлт қалыптастыру маңызды міндет ретінде белгіленген. Сондай-ақ «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу, кітап оқу мәдениетін дамыту жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау және бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру міндеттері қойылды.

5 қазандағы Мұғалімдер күніне арналған кездесуде Мемлекет басшысы кітаптың жастар тәрбиесіндегі рөлін атап өтіп, кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан екенін айтты.

Қостанай – кітап оқитын өңір

Қостанай облысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарда белсенділік танытып келеді. Өңірде «Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025 жылы пилоттық кезеңде іске қосылып, оған облыстың 16 ауданы мен 4 қаласынан 300-ден астам білім беру ұйымы қатысты.

Жобаның өңірлік кезеңіне 55 мыңнан астам адам тартылды. Бірнеше айдың ішінде облыста кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған 1200-ден астам интеллектуалдық іс-шара – кітап талқылаулары, дебаттар және басқа да кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде кітапханаларға келушілер мен жаңа оқырмандар саны да артты.

Қостанайдың кітапқа, білімге деген құрметі бекер емес. Бұл – қазақ даласында алғаш мектеп ашып, халыққа білім сәулесін таратқан Ыбырай Алтынсариннің, ұлт руханиятының көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынұлының ізі қалған қасиетті өлке.

Сондықтан өңірде жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының мазмұны тарихи сабақтастықпен де үндеседі.

Бүгінде жоба ауқымы кеңейіп, республикалық деңгейге шықты. Қазіргі таңда ресми reading-nation.kz сайтындағы қатысушылар рейтингінде Қостанай облысы республика бойынша 2-орында тұр.
Сайттағы соңғы көрсеткіш бойынша облыста жобаға 70 564 адам тіркелген. Қатысушылар 4 288 пікір қалдырған, ал облыстың жинаған жалпы ұпайы 1,11 миллионнан асады.

Рейтингте Қостанай облысынан жоғары тұрған – Астана қаласы. Үздік бестікке сондай-ақ Жамбыл облысы, Қарағанды облысы және Алматы қаласы енген.

Бұл көрсеткіш Қостанай өңіріндегі кітап оқу қозғалысының кең ауқым алғанын көрсетеді.

Кітаптан ой, оқудан өнеге

Облыстық рейтингтің картасындағы Қостанай облысын ашқанда аудандар мен қалалар бойынша жобаға қатысу белсенділігі көрсетіледі. Осы рейтингте Қостанай ауданы облыстағы көшбасшылардың бірі ретінде көрініп, екінші орыннан орын алған. Бүгінгі күні 7 392 адам тіркелген.

Бұл – аудан тұрғындарының, әсіресе мектеп оқушылары мен ұстаздардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсететін жақсы нәтиже.

Жобаға қатысып жүрген Қостанай аудандық орталық кітапханасының библиографы Ульяна Зеркалий  үшін кітап оқу – күнделікті күйбеңнен бір сәтке алыстап, өз ойыңмен қалудың мүмкіндігі.
Ол марафон аясында Джеймс Клирдің «Атомдық әдеттер» және Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» шығармаларын оқыған.

– Кейбір кітаптарды оқып, соңғы бетін жапқан соң сөреге қоямыз. Ал кейбір кітаптардан кейін бұрынғы қалпымызда қалмаймыз. «Атомдық әдеттер» мені күнделікті әрекеттеріме жаңаша қарауға үйретсе, «Алтын Орда» тарихи жадының маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді, – дейді Ульяна.

Оның айтуынша, марафонның тағы бір ерекшелігі – оқыған кітап туралы пікірмен бөлісуге мүмкіндік берілуі. Мәтіндік және бейне пікірлер арқылы оқырмандар өзара ой бөлісіп, бір-бірін жаңа шығармаларға қызықтырады.

Бұл жобаға биыл алғаш рет қатысып отырған Мырзабаевтар  отбасы үшін кітап оқу – балалар тәрбиесінің маңызды бөлігі.

– Біз кітап оқуды рухани байлықтың бастауы деп білеміз. Балаларымыздың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, қиялын ұштап, сөздік қорын байытып, дүниетанымын кеңейткіміз келеді. Бірге оқыған кітап – баламен сырласуға, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Кітап оқитын отбасы – ойлайтын отбасы, – дейді отбасы мүшелері.

Олардың пікірінше, балаға кітап оқуды үйретудің ең тиімді жолы – ата-ананың өзі кітаппен дос болуы.
Октябрь ауылдық округі әкімі аппараты бас маманының міндетін атқарушы Аруна Өнербекова  да марафонға алғаш рет қатысып отыр.

Психология жанрына қызығатын оқырман жоба аясында Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» және Ричард Кохтың «80/20 қағидасы» кітаптарын таңдаған.

– «Шал мен теңіз» маған адамның ішкі күші мен табандылығы туралы ой салды. Ал «80/20 қағидасы» уақытты дұрыс пайдаланып, маңызды нәрселерге басымдық берудің маңызын түсінуге көмектесті. Кітап оқу – білім ғана емес, жаңа ойлар мен өзіңді жақсырақ танудың мүмкіндігі, – дейді Аруна.

Оның пікірінше, марафонның құндылығы – оқырманды тек кітап оқуға емес, оқығанын саралап, өз ойымен бөлісуге ынталандыруында.

Жеті бағыт – бір мақсат

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны түрлі жастағы және әртүрлі саладағы азаматтарды қамтиды.
Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» бағыттары жұмыс істейді.

Осы бағыттардың әрқайсысы қоғамның белгілі бір тобын кітап оқуға тартуды көздейді. Яғни кітап оқу тек оқушының немесе студенттің міндеті емес. Мұғалім де, ата-ана да, мемлекеттік қызметші де, кез келген азамат та өзін-өзі дамыту үшін кітап оқуы қажет.

2026 жылғы республикалық марафонға 1 миллионнан астам адам тіркелді. Ресми мәлімет бойынша, тіркеу аяқталған кезде негізгі конкурстық бағдарламаға 1 373 325 қатысушы енді. Олардың 68,8 пайызы қазақ тілінде, 31,2 пайызы орыс тілінде тіркелген.

Марафонға қатысушылар арнайы іріктелген әдебиеттер тізімінен кітаптар оқып, әр шығарма бойынша өз пікірін білдіреді. Оқу барысында адамның тек кітапты оқып шығуы емес, оның мазмұнын түсінуі, негізгі ойын саралауы, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға бере алуы және өз көзқарасын қалыптастыруы маңызды.
Өйткені кітап оқу – есте сақтау қабілетін сынайтын жарыс қана емес. Ол адамның ойлау мәдениетін қалыптастыратын үдеріс.

Көркем шығарма адамды өзгенің жан дүниесін түсінуге үйретсе, ғылыми-танымдық әдебиет дүниені тереңірек тануға жол ашады. Ал тұрақты түрде кітап оқитын адамның сөздік қоры молайып, ойын нақты әрі жүйелі жеткізу қабілеті қалыптасады.

Кітап оқитын әулет – тәрбиенің берік негізі

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – «Кітап оқитын әулет».
Кітап оқу мәдениеті ең алдымен отбасынан басталады. Бала ата-анасының кітап оқығанын көрсе, оның бойында кітапқа деген қызығушылық ерте қалыптасады.

Бір отбасы мүшелері бір кітапты бірге оқып, кейін оның мазмұнын талқылауы да үлкен тәрбиелік мәнге ие. Кейіпкердің әрекетін бірге саралап, «Мен оның орнында болсам не істер едім?» деген сұраққа жауап іздеу баланың сыни ойлау қабілетін дамытады.

Сондықтан кітап – отбасы мүшелерін жақындастыратын рухани көпір.

Ұстаз оқыса – шәкірт те оқиды

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда мұғалімнің орны ерекше.
Қостанай облысында жоба аясында педагогтер де белсенділік танытты. 2026 жылдың наурызында өңірдегі 4,3 мыңнан астам педагог 15 кітап оқып, «Кітап оқитын педагог» байқауының алғашқы кезеңіне қатысты.

Бұл – ұстаздың жеке дамуы ғана емес, оқушыға беретін үлгісі тұрғысынан да маңызды.
Өйткені кітап оқитын ұстаздың шәкірті де кітапқа қызығушылық танытуы ықтимал. Ал білім мен ізденісті өмір салтына айналдырған мұғалім – оқушысына ең алдымен өз ісімен үлгі болады.

Кітапхана – рухани орталық

Жобаның тағы бір маңызды нәтижесі – кітапханалардың қоғамдық рөлінің артуы.
Қазіргі кітапхана тек кітап беретін орын емес. Ол пікірталас, кездесу, кітап талқылау, зияткерлік ойындар өтетін мәдени және ағартушылық орталыққа айналуы тиіс.

Қостанай облысында жоба аясында мыңнан астам интеллектуалдық іс-шараның өткізілуі де осы үрдістің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл кітапханаларының да бұл үдеріске белсенді араласуы ерекше маңызды. Өйткені ауылдағы бала үшін кітапхана – жаңа дүниені танудың, білімін толықтырудың, әдеби ортаға араласудың маңызды мүмкіндігі.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының түпкі мақсаты – белгілі бір мерзім ішінде көп кітап оқыған адамдардың санын көбейту ғана емес.

Негізгі мақсат – кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру.
Бүгінгі ақпарат дәуірінде адам әлеуметтік желіден, интернеттен, түрлі платформалардан секунд сайын жаңа мәлімет алады. Бірақ ақпараттың көп болуы адамның білімді екенін білдірмейді. Маңыздысы – алынған ақпаратты саралап, оның дұрыстығын бағалап, қорытынды жасай білу.

Міне, осы тұрғыдан алғанда кітаптың орны ерекше.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан» деген сөзі де осы ойдың мәнін ашып тұр.

Сүлейман МҰРАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!