Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен сала ардагерлері
Кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің мамандықтарыңыз қазіргі қоғамдағы ең маңызды әрі сұранысқа ие кәсіптердің бірі болып саналады. Цифрлық технологиялар қарқынды дамыған бүгінгі заманда ақпарат санаулы секундтар ішінде таралады. Сондықтан өңірде болып жатқан оқиғалардың жан-жақты, шынайы әрі объективті түрде жариялануы сіздердің кәсібиліктеріңізге, жауапкершіліктеріңізге және жеделдіктеріңізге тікелей байланысты.
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында тұрғындар күн сайын өзекті әрі шынайы ақпарат алып, сарапшылардың білікті пікірлерімен танысып, қоғамдық өмірдегі маңызды оқиғалар мен өзекті мәселелерден хабардар болып отырады.
Журналистика саласының ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары жаңа форматтар мен технологияларды игеріп, үнемі жаңарып отырғанымен, олардың қызметінің берік негізі – өздеріңіз қалыптастырған кәсіби дәстүрлер, мамандыққа деген адалдық және журналистік әдептің жоғары талаптары болып қала береді.
Биыл Қостанай аудандық газетінің 85 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған ұжым ерекше құттықтауға лайық. Осы жылдар ішінде басылым маңызды оқиғалардың шежіресіне айналып, беделді ақпарат көзі әрі оқырмандармен ашық пікір алмасатын сенімді алаң ретінде қалыптасты. Газет алдағы уақытта да өзінің үздік дәстүрлерін сақтап, оқырман сұранысына ие болып, дамып, өңірдің біртұтас ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға қомақты үлес қоса берсін.
Осы мерекелі күні бұқаралық ақпарат құралдарының барлық қызметкерлеріне шығармашылық шабыттың сарқылмауын, тың ізденістерді, кәсіби табыс пен жаңа жобаларды табысты жүзеге асыруды тілеймін. Адалдық, принципшілдік, объективтілік және жоғары азаматтық жауапкершілік алдағы уақытта да сіздердің басты кәсіби ұстанымдарыңыз болып қала беретініне сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, мол бақыт, шығармашылық табыс және оқырмандардың, көрермендер мен тыңдармандардың ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене берулеріңізді тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Олжас НҰРҒАЛИЕВ,
Қостанай ауданының әкімі













Добавить комментарий