​ Ұлысты ұлықтаған – Наурыз-думан!

​ Ұлысты ұлықтаған – Наурыз-думан!

Қостанай ауданы әкімдігінің  аудандық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен  Ұлыстың ұлы күніне арналған «Наурыз-думан» атты этнографиялық мерекелік  іс- шара өтті.

Этнографиялық мерекелік  іс-шара  бастау алған сәттен бастап көрермендер бабалар жолымен сабақтасқан қасиетті дәстүрлер әлеміне куә болды. Шараның басты мақсаты – түркі тектес халықтардың ортақ мейрамы наурызды дәріптеу, наурыз дәстүрді  жаңғырту; түркі халықтарына ортақ мерекенің мән-мағынасын ашу, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен еңбекқорлықтың дәнін егу болды. Іс шараның қадірменді қонағы Садчиков ауылының тұрғыны «Қазына» клубының мүшесі Айтқожа ақсақал Наурыз мерекесіне арнап бата берді. Ақсақалдың ақ батасымен нұрланған басқосу игі тілектер мен жылы лебіздерге ұласты.

Халық емшісі Назиға Қажы Абутәліп, Қостанай ауданының еңбек сіңірген мұғалімі Абдигамидова Райхан Нарынқызы, мәдениет саласының  еңбек ардагері, Сейдалина Ұлжібек Кенжеғалиқызы наурыз мейрамымен құттықтады. Жиын барысында ұсынылған өнегелі де өрнекті төрт кезең көрерменге жол тартты: «Наурыз құттықтау» бөлімінде ақжарма тілектер айтылса, «Наурыз тағам» кезеңінде әр түрлі этнос өкілдері  ұлттық тағамдарын  ұсынды. Ал «Наурыз дәстүр» кезеңінде наурыз мерекесінде жасалатын дәстүрлерді  көрсетсе, «Наурыз-думан» бөлімінде ұлттық әндер шырқалып, ұлттық  аспап шертілді, наурызда  өтетін ұлттық ойындар ойналды.

Іс-шараны Садчиковка үлгілі ауылдық кітапханасы жанынан құрылған «Қазына» клубының мүшелері ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз ашты. Надеждин  және Оқтябрь ауылдық округтерінен құрылған татар ұлт өкілдері мен Майкөл ауылдық округінен келген әзербайжан ұлт өкілдері жиынның ажарын аша түсті. Бір шаңырақ астында тоғысқан ұлттардың өнері – еліміздегі бірлік пен татулықтың айқын айғағындай болды.

18 наурыз- Ұлттық киім күніне орай тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған  ұлттық киім бейнеленген мозайка құрастыру тапсырмасын екі көрермен орындап шықты.  Іс-шараның ең креативті тұсы — көрермендерге ұлттық киім үлгісіндегі және бетіне нағыз құрт жабыстырылған ерекше ашықхаттардың тарту етілуі болды. Дәм мен өнерді ұштастырған бұл сыйлықтар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық құндылықтарымызды жаңа қырынан паш етті. Мерекелік шараның шырайын орталық  оқытушылары  аша түсті. Жуков ауылдық округі мемлекеттік тілді оқыту курсының оқытушысы Асемгүл Сагунбаева «Қазақтың дәстүрлері-ай» әнін әуелетсе, Садчиков ауылдық округінен келген  оқытушымыз  Ержанова Алтын Мұхамедқалиқызы.

«Ерке сылқым» күйін күмбірлетті. Ал орталық оқытушысы Төлеген  Таңшолпан  Боранбайқызының  орындауындағы «Ұлыстың ұлы күні» өлеңі іс-шараның  мазмұнын тереңдете түсті.

Наурыз мейрамын дәріптеу, наурыз дәстүрді  жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Наурыз -думан» атты этнографиялық мерекелік іс-шараға белсене қатысқан  Садчиков үлгілі ауылдық кітапханасы жанындағы «Қазына» клубының мүшелеріне, Бакенова  Таңсұлу Жұмақанқызына,  Абдуллаева  Зейнаб Моихаддиновнаға,  Досумова  Айгерім  Сахитпекқызына,  Альменова Елена Александровнаға ,Журавлева Раиса Рашидовнаға, Файзутдинова Аделя Хамитовнаға, Әмірбек Адина Берікқызына  Қостанай ауданы әкімдігінің  мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімінің атынан алғыс хаттар табысталды.

Түбі бір түркі халықтарының рухани үндестігін танытатын , ортақ дәстүр мен бауырластықты  нығайта түсетін ұлы мереке-Наурыз  мерекесіне  арналған іс-шара  жоғары деңгейде өтті.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН, Қостанай ауданы әкімдігінің аудандық
тілдерді оқыту орталығының оқытушысы

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!