Қостанай ауданының бюджеті: дамудың жаңа мүмкіндіктері
Жетінші ақпанда Қостанай аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет нақтыланды. Аудандық бюджет жергілікті деңгейдегі қаржылық жоспар. Оның негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету және аймақтың тұрақты дамуын қолдау. Сондықтан аудандық мәслихаттың депутаттары бюджетке еңгізілген өзгерістерді мұқият талқылады.
Депутаттар алдында сөз алған Қостанай ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Индира Хамзинаның айтуынша 2025 жылдың басында аудандық бюджетте қалыптасқан 1 млр 078 млн 571 мың теңге қаражатты келесі мақсаттарға жұмсау көзделіп отыр.
Заречный ауылдық округіне қарасты Арман ауылында 7 млн теңгеге тұрғын үй сатып алынып, ол алдағы уақытта денсаулық сақтау саласында тұрғындарға қызмет көрсететін орынға айналады.
Ауданлық спорт бөліміне 60 млн қаражат бөлінді. Оның 30 млн теңгесі «Затоболец» спорт алаңы мен «Астана» спорт кешенін жөндеуге бағытталса, 25 млн спортшыларымыздың облыстық жарыстарға қатысуы мен оған дайындығына жұмсалады. 5 млн теңгеге аудандық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 31 млн астам қаражат «Жасыл ел» жастар экологиялық қозғалысының жұмысын ұйымдастыруға бөлінді.
Ауылдық жерлерді абаттандыру мақсатында Айсары, Заречный, Владимиров ауылдық округтеріне еврошарбақ жасап орнатуға 30 млн теңгеден астам ақша қаралса, Садовое ауылындағы Магистральная көшесі бойына қоршау орнатуға 4 млн 500 мың бюджет қаражаты жұмсалады.Тобыл қаласында жаңадан автобус тұрақтарын қоюға 42 млн, «Жаңару» саябағында субұрқақ салуға 50 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ аудан орталығында қоқыс контейнерлерінің жанында жиналып қалатын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға 30 млн жұмсалады.
Ауылдық мекендерді жарықтандыруға 191 млн бөлінді. Жарық Айсары, Александров, Белозер, Владмиров, Жамбыл, Жданов, Майкөл, Мичурин, Мәскеу, Озерный, Октябрь, Садчиков, Улянов ауылдық округтерге қарасты ауылдарға жүргізіледі.
Сонымен қатар, Қостанай ауданына облыстық бюджеттен 5 млрд 541 млн 203 мың теңге трансферт бөлініп, оның 120 млн әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жүретін қоғамдық тасымалдауды субсидиялауға, 371 млн Тобыл қаласында тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 70 млн «Жаңару» саябағында балалар алаңы мен көше жаттығу алаңын салуға, 150 млн аудан орталығындағы тұрғын үй аулаларында спорт және балалар алаңдарын салуға, 58 млн ағаш отырғызып күтуге, 50 млн қаланың көшелеріне жарық жүргізуге бағытталса, 70 млн Заречный ауылының «Северный» шағын ауданында балалар алаңы мен көше жаттығу алаңын орнатуға бөлінді.
Сондай-ақ, көптен күткен Октябрь көтерілісінің 40 жылдығымен аталған көшенің жолына 238 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, биыл іске қосылады деп жоспарлануда. 200 млн теңге аулаларды асфальттауға қарастырылды.
25 млн 800 мың Октябрь ауылының Новая көшесінің тас жолын ағымдағы жөндеуден, 57 млн 903 мың Қостомар ауылында Крупская көшесін орташа жөндеуге, 284 млн 469 мың Жамбыл ауылында Абай, Гагарина, Экспериментальная, Садовая, Молодежная, Зеленая көшелерін орташа жөндеуге бөлінді.
Бюджет қаражатына ауданымыздың бірнеше ауылдарының деталды жоспарлау жобасымен біріктірілген жеңілдетілген бас жоспары әзірленеді. Ол мақсатта 183 млн 511 мың қаржы игеріледі. Бұл жұмыс Жданов, Осиновка, Лиманное, Алтынсары, Майкөл ауылдары мен Тобыл қаласына қатысты.
Мичурин, Алтынсары, Садовый ауылдарының көлдерін тазалап абаттандыруға 605 млн астам қаражат бөлінді.
154 млн теңге Қостанай қаласынан Заречное ауылына дейін су құбырын салу және оған Октябрь ауылын қосу жобасына қосымша бөлінді.
Жаңадан салынып жатқан «Астана»,«Бәйтерек», «Нұр Әлем» шағын аудандарының инженерлік коммуникация құрылысына 2 млрд 962 млн 381 мың қарастырылды.
Светлый Жарколь, Шоккарагай, Самир, Рязановка, Бегежан ауылдарында 13 млн 503 мың теңгеге 30 метрлік байланыс антеннасы мен мачтасының құрылысы жасалады.
39 млн астам қаражат Мичурин және Алтынсары ауылдарында қорғаныс дамбасын салуға бөлінді.
Аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының мәліметінше 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің кірісі 23 млрд 893 млн 661,9 мың теңге, шығысы – 29 млрд 614 млн 308,8 мың теңге.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ
Добавить комментарий