Әлем мойындаған Тазы тұқымы
Биылғы жылы Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын («Kazakh Tazy») ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім қабылдады, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді.
Бұл шешім – қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық тану, яғни мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең, деп хабарлады ҚР Президентінің Іс Басқармасының баспасөз қызметі.
Қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап ҚР Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын. Өкілетті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленген. Өткен 2 жыл ішінде осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды: тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқаулары мен көрмелер өткізілді.
Ит тұқымын Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі саналатын Ұлттық кинологиялық ұйымдар арқылы ғана тіркетуге болады.
2023 жылдың тамызында Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның барлық талаптарын орындап, оның толыққанды мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп өзінің ұлттық ит тұқымдарын жариялау құқығына ие болды.
«Біз «Kazakh Tazy» дербес тұқымын таныту үшін Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) барлық талаптарын орындадық. Соның ішінде еліміздің әртүрлі аймақтарында асыл тұқымды иттерді кең ауқымды тексеру жүргізілді. Иттер маңызды генетикалық зерттеулер қамтылған Кешенді медициналық тексеруден өтті, соның арқасында қазақы тазының бірегейлігін айқындайтын бұлтартпас айғақтар ұсындық. Тарихи зерттеулерде 4 мың жылдан астам тарихы бар ит тұқымының шығу тегі мен дамуы толық қамтылып, «қазақы тазы» тұқымының атауы түпкілікті бекітілді. Арнайы монотұқымды иттер көрмесін ұйымдастырып, FCI-дың Стандарттау және ғылым комиссиясының мүшелері тазы тұқымына жататын 100 итті зерттеуіне мүмкіндік туғыздық. Осы еңбектің нәтижелері негізінде бүгін FCI Бас комитетінің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақ тазысы ресми түрде әлемдік деңгейде танылды. Тазы – біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі, сондықтан біз ұлттық ит тұқымын сақтау әрі насихаттау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұл күн шежіреде тарихи күн ретінде қалатынына сенімдіміз», – деді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Жеті қазынаның бірі – тазы тұқымы жайлы біз не білеміз, тазы иттердің саны неге азайып кетті деген сұрақтар көбімізді алаңдатады. Қазақтар ерте кезден бастап ит жүгіртіп, құс салып, аң аулап серуен құрған халық. Олар аң аулауға бейім иттерін тазы деп атаған. Орта ғасырда өмір сүрген италиялық жиһанкез Марко Поло далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері жайлы тамсана жазады. Сондай-ақ бертіндегі орыстың статистика қызметкері А.Слудский 1930 жылдардың аяғында қазақ даласында шамамен 4 мыңнан астам аңшы иттер (тазы) болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстап, оның терісін иелері ресми түрде үкіметтік мекемелерге өткізгенін айтады.
Көптеген зерттеушілер тазы тұқымдас иттің қазақ даласында пайда болу кезеңін ислам дінінің алғаш таралу уақыты IX-X ғасырға сәйкестендіріп түсіндіріп жүр. Өйткені біздегі тазылардың тұқымтегі жағынан ертеде араб жазирасында пайда болған бәдеуилердің тазы тектес салюки итіне аса ұқсас. Осы жақындықты негізге алған қазіргі тазытанушылар қазақ даласына тазы тұқымы арабтармен бірге келген дейді. Уақыт өте келе араб тазылары, яғни аңшы иттері Орта Азияның қатал табиғатына бейімделіп, ұзын сабалақ жүнді, салпаң құлақ жаңа сұрыпқа айналған.
Қазақтар аңшы итті тазы деп атауының мәні парсылардың «таза, алғыр, шапшаң, жүйрік» сөзімен түбірлес және осы мағынадан шыққан деп жорамалдануда.
Қазақтар тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Ал тұқымына қарап: құмай тазы, құны тазы, дүрегей тазы, қайың қаптал тазы деп қарастырған. Соңғысы қасқыр алатын тазы-ларға тән атау.
Сонымен қатар еліміздің территориялық ерекшеліктеріне байланысты тау тазысы және дала тазысы деп те бөленеді. Дала тазысының кеудесі мен бөксесінің биіктігі бірдей, өте жылдам, сүйегі жеңіл, нәзік болғандықтан қазақтар оны ши тазы деп де атайды. Ал тау тазысының бөксе жағы биік, аяғы сіңірлі, мойны жуан болады. Бұлар қасқыр аулауға бейім.
Қазақ тазысы – бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, құлағы делдең, жоны дөңес, басы ұзын сопақша, жанары өткір, мойны қысқалау, жауырыны жалпақ, кеудесі кең әрі омыраулы, салқы төс, арқасы түзу, қарны қабысқан, аяқтары сіңірлі, буындары адырайған, шынтағы сыртына қарай ойысты, тырнақтары өткір, саусақтарының арасы үлпілдек жүнді, артқы жағы шалқақ, табаны жалпақ, түр-түсі әрқилы болып келеді.
Тазы иттердің ішінде дегдар, адам тәрізді талғампаз, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жастай үйреткен дұрыс. Өйткені бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілері біліне бастайды. Үйрету осы шамадан басталады. Оған орынсыз айқайлап, жекуге болмайды.
Күшік тазыны алдымен қарғыбауға үйрету керек. Одан кейін жетекке дағдыландырады. Көп жағдайда түлкінің құйрығымен ойнатып, оны ұстауға әдеттендірген абзал. Өйткені құйрықпен ойнаған тазының мойны қатаяды. Алты-жеті айға толған соң тазыға ат қойып, атын миына сіңіру керек. Сол атымен шақырып үйреткен дұрыс. Ең бастысы иесін тастап беталды лағып кетпейтін, үнемі иесінің маңында жүретін жағдайға баулыған жөн. Әртүрлі бұйрықтар беріп (отыр, тұр, жат, жүгір) оны мүлтіксіз орындайтын етіп тәрбиелеу керек. Ол үшін жіңішке қайыс қамшыны пайда-ланып, қажет кезде ептеп шықпыртып алған дұрыс дейді аңшылар.
Жалпы, қазақта тазыны баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Дейтұрғанмен малды ауылдың адамдары тазыны жасынан малға үйірсек етеді. Кейде үйреткеннің жөні осы екен деп жас күшікті зорықтырып алуға болмайды.
Тазыны баптап, қайырудың мезгілі қар түсерден бір ай бұрын іске асады. Жыл сайын дәл бір мезгілде қайырып, баптап үйреткен тазы уақыты келгенде өзі-ақ бабын сақтап, дайындалады. Қайырған тазыны әуелі ауыл маңына жүгіртіп, бұлшық еттерін, сіңірін созып жаттықтырады. Күн озған сайын ауылдан алысқа алып шығып, бірге жүгіртіп, жаз бойы қатты жерді көп баспаған табан етін шынықтырады. Қайыру жаттығуы кезінде тазыға тамақты денесі суыған соң, яғни бір сағаттан соң береді.
Қазақ аңшылары тазы итті аң қағу өнеріне қатысты бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа қасқыр алатын тазыларды жатқызған. Ондай тазы күшті, әрі жүйрік, жүректі келеді. Алғыр тазы қасқырды көрген бойы қапталдасып шауып, бір-екі жұлып тартып, аужайын (қасқырдың күш-қуатын) байқайды. Одан кейін қатарласа беріп, қасқырды алқымдап жығып, қылқындырып өл-тіреді.
Екінші топқа жататындар – шағын тазылар. Бұлар қасқырды алқымдап ұстай алмайды, тек қуып жетіп, тістелеп, мысын құртады. Иесі келіп соғып немесе атып алғанша қасқырды алысқа жібер-мей, діңкелетеді. Кейбір жағдайда, яғни иесі алыста қалған болса, қасқырды қумай тоқтап қалады. Мұндай тазыларды аңшылар қосалқы немесе көмекші тазы деп атайды.
Үшінші топқа жататындар қоян, түлкі ұстайтын тазылар. Бұлардың күші әлсіз бірақ жүйрік болады. Күніне 2-5 қоян алатын мүмкіндігі бар. Ал түлкіні кез келген тазы алады. Жас тазыны түлкіге сал-ғанда байқау керек. Кәрі түлкі жас тазыны тістеп бетін қайтарып тастайды. Беті қайтқан тазы жасқаншақ келеді.
Тазымен аң қағу үшін қайткен күнде қар жауып, сонар басталуы шарт емес. Аңның жүні жетіліп, қажетке жарайтындай болса жетіп жатыр. Сондықтан да тазымен аң аңлауды қарасонар деп те атайды. Сонарға шығарда тазының тұяқтарын тазалап, тым артық өскені болса қысқартып, тегістейді. Артық өскен тырнақ еркін қимыл-қозғалысқа кедергі жасайды. Сонымен қатар тазының сабалық жүнін түсіріп, болмаса жұқартады.
Тазыларды жеке-жеке немесе топ-тобымен аңға салады. Аңшылар аңды жатқан жерінен үркітіп, алып шығады. Сосын қашқан аңға тазыны жұмсайды. Ал тобымен шыққан саятшылар шамамен 200 метрдей дөңгелек шеңбер жасай жүріп, қашқан аңға кезекпен тазыларын жұмсайды.
Өте алғыр тазылар даланың қоңыр аңдарын (киік, бөкен, қарақұйрық, жирен) қуып жетіп, шабын жарып ұстай береді. 1895 жылы осындай оқиғаға куә болған Л.Мейер, қазақтар аңшы иттермен даланың тұяқты жануарларын ұстатып жүргені жайлы дерек қалдырған.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ
Добавить комментарий