Шығармашылық пен өнерді жанына серік еткен жас ұстаз
Мектеп оқушыларын бір идеяның төңірегінде біріктіріп, мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуге тәрбиелеп жүрген жас ұстаз Арысбек Бағдәулетұлы жас ұрпақтың жан-жақты дамуына үлкен мән береді, оларға сенім артады.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру жүйесінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік.
Алғашқы еңбек жолын ұстаздық сара жолдан бастаған, ел ертеңі болып табылатын жас жеткіншектердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда зор үлес қосқан өзі салмақты, сыпайы, тапқыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін – жас ұстаз, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының белгілі хит әндердің авторы, Қостанай өңірінің тумасы – Арысбек Бағдәулетұлы.
Оның әндерін Иса Әлимұса, Роза Әлқожа, Индира Елемес, Қуандық Рахым, Төреғали Төрелі, Меруерт Түсіпбаева, «Толқын» тобы, Айсұлу Жак, Марал Ками сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындап, хит туындыға айналып жүр. Сондай-ақ, Арысбекті сегіз-қырлы бір сырлы азамат деп айтуға болады. Олай дейтін себебіміз, «Жас келсе-іске» демекші талантты дарын иесі, Жайдарман ойындарына жас жеткіншектерді дайындаушы аға тәлімгер, ақын, сазгер, мобилограф, кішігірім қысқа метражды фильмдерді әуесқой түсіруші ретінде де тануға болады. Арысбек Бағдәулетұлы 1994 жылдың 12 қаңтарында көпбалалы отбасында, Моңғолия мемлекеті Бай Өлке аймағында дүниеге келген. Артынан ерген бес қарындасы, бір інісі бар, қазіргі таңда отбасылы, 2 баланың әкесі. 2009 жылы ата-қоныс, ата-жұрты Қазақстанға көшіп келді. 2013 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түсіп, 2017 жылы тәмамдады.
Арысбек мамандығы бойынша ұстаз, әрі журналист. 2017-2018 жылдары Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы, Ақтау медиа жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде журналист болып қызмет атқарса, ал 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Қостанай ауданына қарасты Жданов жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Оның айтуынша ұстаздық жолда қызмет қылу үлкен мәртебе. Әсіресе, бала жанын түсініп, оқушыларды шығармашылыққа баулып, олардың өнерін шыңдау арқылы өз жұмысынан рахат алады.
Арысбек Бағдәулетұлы менің әріптесім. Арысбек бала күнінен ән айтуға, өлең шығаруға жаны құмар жан. Сазгерлік өнер бір мезетте келіп, бейне біреу саз бен әуенді құлағына сыбарлағандай күй кешеді екен. Бұл да бір оған берілген табиғи дарын шығар бәлкім. Арысбек жас болсада, өмірінің кішігірім жүріп өткен жолында әр саланың әр қырынан жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, 2019-2020 және 2020-2021 оқу жылында дайындаған оқушылары Молдасалыкова Жанерке, Талғатқызы Сая Облыстық Абай, Махамбет оқуларынан екі жыл қатарынан 2 орынды қанжығалады. Қазақ тілі пәні мұғалімі ретінде өзі облыстық Толстой атындағы кітапхана ұйымдастырған жазба ақындар мүшайрасына қатысып, 2-орын алды. Арысбекті әріптестері жан-жақты, ізденімпаз, шығармашыл, білікті маман ретінде таниды. Мектептегі, аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені ұштастырған ұстаз ғана емес, кәсіподақ ұйымының төрағасы, жас ақын, Қостанай облыстық композиторлар одағының белсенді мүшесі, тіпті керемет редактор деп айтсақ жасырын емес. Оқушыларын үнемі сайыс-додаларға дайындап жүреді.
Әріптесім Арысбектен осы төңіректе, соңғы уақыттары айналысып жүрген түрлі жұмыстары көңілімнен шығып, көкейімдегі сұрақтарды қойып, кішігірім сұхбат алған едім.
-Арысбек, сен өзің білесің, біз сені шығармашыл, білікті жас маман ретінде ғана танымаймыз, соңғы уақыттарда ғаламтордың, цифровизацияның даму шағында түрлі қызықты әлеуметтік-медиалық әуесқойлықпен айналысып жүргеніңді де көріп жүрміз? Осы орайда, сені мобилограф деп атауға бола ма?
-Қазіргі қоғам әлемтордың, цифровизацияның заманы оқушыларға телефон ұстама деп айту, қазаққа ет жеме дегенмен бірдей болып кетті ғой. Сондықтан оқушыларыммен мобильді кино түсіруді жоспарладым. Мобильді кино дегенім телефонмен түсірген қысқаметражды фильм. Сөйтіп, ол жоспарды көп созбай бастайын деп, өткен жылы алғашқы қысқаметражымызды оқушымның телефонына түсіріп, сонда монтаждап, ютуб арнамызға салдық. Қазір ютуб арнамызда 1474 көрерменіміз бар. Монетизацияны да қосып алдық. Яғни ютуб, арнамызға салынған әр видео немесе фильмнің қаралымы үшін азынаулақ төлем төлеп отырады. Оқушыларым да телефонның, ғаламтордың пайдалы тұсын аңғарып, енді қоғамға пайдасын тигізетін мәнді, мағыналы фильмдер түсіруге атсалысуда.
-Арысбек, сен неткен жан-жақты шығармашыл ұстазсың, ізденісіңе тәнті болып отырмын, мектебімізде осындай жас ұстаздардың болғанына қатты қуанамын. Ал осы қысқа фильмдерге сценарийді кім жазады?
-Фильмдерге сценарийді оқушылармен бірге құрамыз. Алғашқы қысқаметражды фильм салауатты өмір салты жайлы болды.
– Сен оқушыларыңды тек шығармашылыққа ғана баурап қоймай, оларды үлкен сахна төріне шығарып, сахнаның киесін, қадірін сезіндіріп жүрсің. Естуімше, «Шаңырақ» жайдарман құрамасынан басқа, алғашқы «Жеті қарақшы» құрамасы да болды. Бұл комадалар қашан құрылды?
– Алғаш рет 2020-2021 жылдары «Жеті қарақшы» тобын құрдым. Топ құрамында 7 оқушы болды, қазір кейбіреулері студент. Топ құрамы Мұхтар Аружан, Абишева Диляра, Молдасалыкова Жанерке, Талғатқызы Сая, Жандильдин Дамир, Еркеш Темірлан, Русланқызы Ақмаржан сынды оқушылардан құралды. «Жеті қарақшы» құрамасымен аудан көлемінде бірінші, екінші орындарды иеленіп, алғаш рет сахнаға шыққан болатын. 2022 жылы оқушыларыммен «Шаңырақ» құрамасын құрдым. «Шаңырақ» құрамасы 2 топтан құралды.
Алғашқы топтың құрамында: Даут Саида, Талғатқызы Аяжан, Темірбек Назерке, Мұхтар Ақпейіл, Өмірбек Ернар, Өмірбек Елдар, Бағдәулет Дариға, Бағдәулет Дария, Мамрайм Нұрсая сынды оқушылар болса, екінші топтың құрамында: Даут Саида, Талғатқызы Аяжан, Темірбек Назерке, Мұхтар Ақпейіл, Жандильдин Санжар, Бахытжан Ислам, Абдрахман Нұрдәулет, Талғатқызы Сая, Бағдәулет Дариға, Бағдәулет Дария, Мамрайм Нұрсая. 2022 жылдан бастап «Шаңырақ» құрамасымен аудандық облыстық «Doda», «Jaidarman Junior» сынды ойындарға қатысып, облыстан 1, 2 орындар иеленіп жүрдік. Ал өткен 2023 жылдың көктемінде облыстық «Jaidarman Junior» ойынында бас жүлдені қанжығаладық. Ал 2024 жылдың 29 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында өткен Республикалық «Jaidarman Junior» ойынына қатысып, өнер көрсетіп қайттық. Астанада болған маусымашардан Алматыда болатын жартылай финалға өттік.
Енді Алматыда өтетін тартысты бәйгеге дайындалу үстіндеміз. Жақында, Астанадан келген соң ақпан айында Қостанай қалалық Жайдарман лигасының «Nonstop» редакторлық ойындарына қатысып, осы жолы да «Шаңырақ» командасы 15 команданың ішінен бас жүлдені иеленіп, чемпион болды. Оқушыларымды бөліп жармаймын, барлығы да мақтауға лайық, талантты, дарынды оқушылар, әрқайсысының өз ерекшелігімен ұстанымы бар. Негізі Жданов ЖББМ-нің ұстаздары да, оқушылары да мақтауға лайық, небір талантты, дарынды.
-Арысбек, командаларды құрдың, елдің, оқушылардың, ұжымның алғысына бөлендің. Осы бір жобаны, команданы құрудағы мақсатың қандай?
-Өте орынды сұрақ. Мақсатым оқушыларды жайдарман ойындары арқылы достыққа тәрбиелеу және КТК ойындарына жеткізу. Шара барысында еркін тақырыптағы қаратпа қалжың астарлы әзіл айта алатын оқушыларды таңдап, республикалық сайыстарға араластыру. Сондай-ақ, мен үшін ұстаздық жолда қызмет қылу үлкен мәртебе. Әсіресе, бала жанын түсініп, оқушыларды шығармашылыққа баулып, олардың өнерін шыңдау арқылы өз жұмысымнан рахат аламын. Өйткені «Жерде бір бала қуанса, көкте жеті періште қуанады» деген сөздің маңызын жақсы түсінемін. «Ұстаздан шәкірт озар» деген керемет сөз бар емес пе, шәкірттерім болашақта меннен озып, үлкен сахналарды бағындырып жатса, әрине мен тек шын жүректен қуанамын. Оларға өмірлік жолдарына қажетті бағыт – бағдар бере алсам, еңбегімнің еш кетпегіні деп білемін.
– Интеллектуалды әзілдерінен гөрі, ойынға, қимылға, әдемі әнге басымдық берген командалар алға шығады. «Жайдарманда» да небір дүниелер айтылып жатыр. Оны көрермен көрмей, байқамай жатса, айып өздерінен. YouTube платформасында қазақ тілді аудитория «Жайдарманның» белсенді көрермені бар, демек, сұраныс бар. «Өздері айтып өздері күледі» деген сынның жаны бар шығар, қалай ойлайсың?
– Шындық қашан да ащы ғой. Бірақ, жастардың әзілдерін құрдастары жақсы түсініп, қабылдайды. Жастық жалынды басып тастамау керек, оларға дұрыс бағыт беріп отыруға тиістіміз. Тағы бір айта кететіні, «Жайдарманды» өнер деп емес, өмір деп қараған жөн. Себебі «Жайдарман» ауыл жастары үшін әлеуметтік лифт және олар өздері өмір сүріп отырған ортаның шындығын айтып, сахнада өздерін шыңдап, тәжірибе жинай отырып, жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік алып отыр.
-Арысбек, бүгінгі сенің берген сұхбатыңнан керемет күйге еніп, бойымды мақтаныш кернейді. Ауыл мектептерінде сен сияқты шығармашыл, еңбексүйгіш, ізденімпаз жастардың барына қуанамын және де мектебімізде керемет талантты, дарынды оқушылар барына сөзсіз мақтанамыз. Алдағы уақытта, саған және оқушыларыңа толағай табыс, шығармашылық, биік белестерді бағындыруға тілектеспіз.
Айман Ғабдуахитова,
Жданов жалпы білім беретін
мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі
Добавить комментарий