Жас палуандардың жетістігі
Қай ел, қай ұлт болмасын өз күшін, өз мықтысын өзгелерге, жауларына көз қылып мақтан еткісі келеді. Күш сынасу арқылы өзінің мықтылығын паш етпек. Жеңуге ұмтылу, екі палуанды салыстыру, мықтыны анықтау бұл адамзаттың әу бастан-ақ жаратылысында бар нәрсе. Күресу өнері ежелден келе жатқан спорт түрі екенін қола дәуіріне жататын Орталық Қазақстан аумағынан табылған таңбалардан аңғаруға болады. Сол замандардан бері күрес өнері халқымызбен бірге жасап келе жатыр.
2024 жылдың 2-6 ақпан аралығында Талдықорған қаласында Қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті.
Қостанай ауданының намысын ғана емес, Қостанай облысының намысын арқалап барған Ерлан Айдос (2008 жылы туған) 60 келі салмақ дәрежесінде жүлделі 2 орынды иеленді. Тулепов Султан (2009 жылы туған) 38 келі салмақта жүлделі 3 орынды қанжығасына байлады. Спортшылардың маңдай терімен жеткен биігі – бірінші кезекте бапкер еңбегінің нәтижесі. Олар тұғырда қасқайып тұратын ұл-қыздары үшін бар өмірін сарп етеді. Ойын баласынан Олимпиада чемпионы шығарғанша тыным таппайды.
Шәкірттерін жеңісте де, жеңілісте де бірдей жақсы көретін бапкерлерін де атап өтпеске болмайды. Ерлан Айдос пен Тулепов Султанның қанатын қатайтқан бапкерлері Дарменбаев Серік Мешітбайұлы мен Кеңесов Талғат Сабыржанұлы. Байрақты бәсекеде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан келген 1500-ге жуық жас балуан бабы мен бағын сынағанын ескерсек, бұл палуандардың жеңісі ауыз толтырып айтарлықтай.
Бұл дода жеңімпаздары қазақ күресінен Азия және әлем чемпионаттарына жолдама алады. Жалпы жарыста 2007-2008 және 2009-2010 жылы туған балалар белдескен. Жас палуандарды жеңісімен құттықтап, алдағы додаларда тек қана жеңіс пен сәттілік тілейміз!
Әсел Жанұзаққызы,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері
Добавить комментарий