Қазақстанда бизнеспен айналысу оңай ма?

Қазақстанда бизнеспен айналысу оңай ма?

Бұл сұраққа әрбір кәсіпкердің өз жауабы бар. Ол әркімнің жүріп өткен жолы мен жинаған бай тәжірибесіне байланысты болары сөзсіз. Қостанай қаласында алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық ауқымды бизнес-конференцияда әлемге әйгілі бизнес тренерлер кәсіпкерліктің қыр-сырымен бөлісті, сұрақтарға жауап іздеді.

«Vputi» бизнес-конференциясы Қостанай облысы бойынша 800 -ден астам кәсіпкердің басын біріктіріп, олардың алдарында қазақстандық кәсіпкерлермен қатар Радислав Гандапас, ТМД спикерлер қауымдастығының президенті, TOP30 Global gurus әлемдік рейтингінде 14-ші орын иеленген Ресейлік ең танымал көшбасшылық маманы, Владислав Бермуда, Халықаралық бизнес-спикер, кросс-маркетинг бойынша сарапшы, кәсіпкерлікке қосқан үлесі үшін көптеген марапаттардың иегері, Майкл Бенг, сатуды басқару және қызмет көрсету дағдылары бойынша ең беделді халықаралық жаттықтырушылардың бірі іскерлік алаңда пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта бизнес – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда бизнес шешуші фактор болып табылады.Сондықтан кәсіпкерлердің білімін шыңдап, тәжірибелерімен бөлісіп,пікір алмасуына жағдай туғызу өте маңызды.

Жетекші спикерлердің бірі Владислав Бермуда қазіргі уақытта бизнес көптеген қиындықтарға тап болып отыр және олармен күресу үшін стандартты емес шешімдер қабылдау қажет дейді.

-Көптеген жетекші компаниялармен жұмыс істеймін. Олар меннен жұмыстың ерекшелігін білмей қалай көмектесуге болатынын жиі сұрайды. Мен оларға сырт көзге, бағалап сараптай білетін маманға барлық олқылықтар немесе қайта қарайтын, жандандыратын мәселелердің көрініп тұратынын айтамын,- дейді спикер.

– Қазіргі уақытта кәсіпкерліктің озық тенденцияларының бірі – ынтымақтастық. Мысалы, екі зауыттың бір мақсатты аудиториясы бар. Неге өзара әрекет етпеске? Көбісі мұны жасырын ресурстар ретінде білмейді де көрмейді. Егер одан да қарапайым тілмен айтар болсақ, барлық супермаркеттерде сүт сатылады, ал жақын сөрелерге печеньелер қойылған. Неліктен сүт пакетіне осы печеньенің сүтпен бірге дәмді боларын жазбасқа? Ал печеньенің сыртқы орамына сүттің бұл өнімге сәйкес келетінін жазсақ! Бұл сүт пен печеньенің сатылымын да, танымалдылығын да арттырады емес пе? – деп жалғастырды Владислав Бермуда.

-Кәсіпкерлер жарнамаға үлкен қаражаттар бөліп жатады, оның орнына оларға тегін қызмет көрсететін жарнамалаудың «ауызша радио» түріне көңіл бөліп, ынталандырып отырған дұрыс болады. Ол үшін тауардың немесе қызмет түрінің сапасына мұқият болған жөн. Сонда тұтынушы сіздің брендіңіздің нағыз елшісі болып шыға келетінін есте сақтаған жөн дейді спикер.

Халықаралық спикер Радислав Гандапастың Қостанай қаласына келетініне көбі сенімсіздікпен қарады. Бизнес-форумды ұйымдастырушылардың айтуынша әлеуметтік желілерде «Гандапас қайда келе жатқанын біледі ме екен?» деген сұрақта қойылыпты.
Радислав Гандапас сөзін бизнесте табысқа жету формуласын тұжырымдауға бола ма? Табысты болу үшін дұрыс шешім қабылдай білу жеткілікті ме, өмір мен кәсіби тәжірибенің ұштасуы неде? деген сұрақтар төңірегінде өрбітті.

Бизнесте жетістікке жетудің нақты формуласы болса бәрі де сол жолмен өтіп, байлыққа кеңелер еді, бірақ олай да емес, оңай да емес екені белгілі. Бизнестегі сәттілік көп факторлы нәрсе. Біз қандай да бір кеңес бергенде, адамдардың бұл кеңесті ұстанғанымен жетістікке жете алмағанын көруіміз мүмкін. Бизнес – бұл да өнердің бір түрі. Бір қызығы, кейбір адамдар бизнестік шеберлікке үйретеді, оқытады, бірақ өздері бизнесмен емес,қолынан келмейді. Ал екіншісі бизнесте үлкен жетістіктерге жетеді, бірақ оның жолын түсіндіріп бере алмайды. Парадокс.

– Бірыңғай және жалпы формула жоқ, әркімнің өз жолы бар. Мен бизнесте көшбасшының барлық шаруаны өзіне алмай, жанындағы адамдарға сенім артып, нақты бағыттарды жүктеуі қажеттілігіне назар аударғым келеді. Команда көшбасшымен жұмыс істеуі керек, команда көмектесетін көшбасшы емес.Қызметкерлерді дамытуға, олардың өздерін дәлелдеуге көбірек мүмкіндіктер беру керек. Өзіміздің еңбекқорлығымызға мойынсұнып, бәрін өзіміз жасай отырып, біз адамдарды өз әлеуетін көрсету мүмкіндігінен айырамыз.

Сондықтан қызметкерлеріңізге жауапкершілік артыңыз, бірақ бақылауды жоғалтпаңыз, – дейді Гандапас мырза.

-Білесіз бе, бизнес бастағанда қорықпауға кеңес беру мағынасыз, өйткені қорқыныш – бұл қалыпты, табиғи реакция. Жоғары тиімділікке тек уақытында, тез, әрекет ету арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бірақ жылдам шешімдер бар болған жерде баяу шешімдерге де орын бар. Кейбір жағдайларда асығудың қажеті жоқ – дейді спикер.

– Біз белгісіздік дәуіріне қадам басудамыз, бұл да уақыттың бір бөлігі болары сөзсіз. Жоспарлау көкжиектері бірнеше есе қысқарды. Егер бұрын мен тапсырыстарды бір жыл бұрын қабылдап, демалысты, сапарларды алдын ала жоспарлай алсам, қазір бұл мерзім екі аптаға дейін қысқарды. Адамдар үш айдан кейін не болатынын білмейді, сондықтан ұзақ мерзімді жоспарлар құрмайды, – деп атап өтті Радислав Гандапас. Спикер бұл белгісіздік дәуірінің басты сипаттамасы және оның басты симптомы – жоспарлаудың қысқа мерзімділігі екеніне сенімді. Ол көлік жүргізу процесімен ұқсастық берді: біз әдемі жолмен және жақсы
ауа-райында жүргенде, қозғалыс жылдамдығы сағатына 140 км, кейде одан да жоғары болады. Ал егер тұман болып, ауа-райы құбылмалы болса, біз абайлап жүреміз. Белгісіздік дәуірі қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді, сондықтан да ол белгісіздік болып саналады.

Сондықтан, дейді Радислав Гандапас, бизнесте интуиция бойынша әрекет етуге тура келеді. Кәсіпкерлік туралы білгеніміздің бәрі, барлық заңдылықтар жайындағы білімдеріміз құнсызданады. Сондықтан 25 жасында миллиондаған ақша тауып, бір қарағанда ойға сыймайтын гипотезалары бар адамдарға еш таңқалуға болмайды. 20-30 жыл бойы бизнеспен айналысқан кәсіпкердің ойына жас миллионерлердің идеялары кіріп те шықпас.

Сондықтан, бүгінгі күні қысқа уақытта жүзеге асырылатын стартаптарға мұқият қарау керек. Бұндай бизнестер өміршең болмаса да, қызқа уақыттың ішінде үлкен пайда әкелуі мүмкін.
Радислав Гандапас бұл мәселе тез арада көп ақша табу ғана емес, өміршең кәсіп құра отырып, тұрақты түрде ақша табу екенін айтты. Ойын ережелері күн сайын өзгерісте, тұрақтылық аралдары жоқ. Әлем соншалықты интеграцияланған, әлемнің екінші жағында пайда болған дабыл планетаның барлық нүктелерінде бірден жауап береді және биржалық көрсеткіштерге, жалпы бизнестің жағдайына бірден әсер етеді. Бұл тұтынушыға да қатысты дейді спикер.

Қорытындылай келе, бүгінде бизнесті құруда ескі ережелермен жүре алмайсыз, жаңа жолдарды іздеу керек. Бұл турбуленттілік заңдары, жергілікті емес, жаһандық.Сол үшін білім мен оқытуға инвестиция салу уақыттың талабы деп қорытындылады Радислав Гандапас.

Форум жұмысына Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы да белсенді қатысты. Палата директоры Данияр Күзенбаев өңірдің кәсіпкерлері стандартты емес тәсілдерді қолдана отырып, бизнестің көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алғанын атап өтті.

Vputi Халықаралық бизнес- форумын ұйымдастырушылардың атына осы іс-шараға қатысуға жасалған мүмкіндіктер үшін қостанайлық кәсіпкерлерден пікірлер келіп түсуде.
Кәсіпкер, инвестор және продюсер Виктория Тян Vputi ауқымды бизнес форумын өткізу идеясы бірнеше ай бұрын пайда болғанын айтты. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара тек атаулы спикерлерге ғана байланысты сәтті болған жоқ деп санайды. Бұл алаңда біздің қостанайлық кәсіпкерлер де сөз сөйлеуге мүмкіндік алды. Мысалы, бизнес құру және жетістікке жету бойынша өз тәжірибесімен Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің өкілі Расул Жұмабеков бөлісті. Ол Vputi бизнес-форумы аймақтағы бизнес-климатты жақсартудың тамаша мүмкіндігі екеніне сенімді.

Жұмагүл Маратқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!