Ұстаз болу жанның парасаттылығы

Ұстаз болу жанның парасаттылығы

Мұғалім мектептің – жаны!». Бұл алаштың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі. Расында да, ұстаз қазақ тіліндегі мағынасы терең, бірден жаныңа өзгеше жылу ұялататын, еріксіз есіңді жидырып, көңіліңе сабыр мен ұстамдылық, санаңа жарық пен шуақ сәулесін төгетін ерекше ұғым. Ұстаз десе – көл-көсір білім мен салиқалы тәрбиенің қорытпасы іспетті ерекше тұлға көз алдымызға келеді. Сондықтан да ұстаз туралы толғанып сөз айту, оның даралық қасиетіне талдау жасап, түйінін тарату қиынның қиыны екені анық.

Айсары жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Идрисов Иса Байзақұлы білікті маман, биязы мінезді ақ жүрек азамат. Жұмысты бар ынтасын сала істейтін, қашанда өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын басшы да болды. Енді міне, күні кеше ғана қасымызда жүрген жас ұстаз бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа толып отыр. Жаны жайсаң жан, ақкөңіл азамат, педагог-шебер Иса Байзақұлы биылғы жылы педагогикалық өтілінің қырық бес жылдық мерейтойын және пайғамбар жасын атап өткелі отыр. Иса педагогикалық мамандығы бойынша тарихшы. Бос уақытының көбін тарихи кітаптарды оқу үшін кітапханаларда өткізді.

Өзі оқытатын тарих пәнінің астарлы құпиялары мен сырын, ұлттық болмыс пен таным тарапында жазылған талай зерттеулерді игеруі, ұстаздың білімге деген құштарлығын одан әрі ұштап, педагогикаға арналған мақалалар жазуына түрткі болды. «Қостанай таңы», «ҚостанайАгро», «Арна» газеттерінде мақалалар жариялап, қоғамда азаматтық ұстанымын да білдіріп отырады. Хәкім Абайдың «Адамға үш түрлі адамнан мінез жұғады: ата-анасынан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» – дегені бар. Жастайынан ұстаздықты өмірлік мұраты тұтқан Иса педагогиканың майталман шеберлері, пайымы бөлек парасатты жандар, облысымызға белгілі ұстаздар Сұнқар Оспанұлы, Насыр Әмірхамзаұлы, Бөженов Молдасалық, Бөкеев Бөлтірік, Сүндетбаев Мұратбек сияқты шоқтығы биік тұлғалардың шәкірті болды және алғашқы еңбек жолын сол кісілердің қарамағында бастады. Олардың есімдерін үлкен құрметпен айтып отырады.

Жаны жаңалыққа құмар, ізгіліктің ізін ұстанған, адами болмысы ерекше Иса Байзақұлы сол кісілерден ұстаздық қызметтің қыры мен сырын бойына сіңіре білді. Ол әр оқушыны ерекше қадыр тұтып, олардың бойындағы жылт еткен жақсы қасиетті байқап қалса соны әрі қарай қалай дамытып, жетілдіремін деп сан алуан әдістемелерді пайдаланумен, ойластырумен жүреді. Расында, осынау қасиеттерді өз бойынан көрмегенімен келе-келе өзінің де бар ой-арманы шәкірттерінің білімдерін жетілдіру, солардың жақсы адам болуы басты мақсаты болып кеткеніне өзі де таң қалады. Ол қасиеттер қоршаған ортаның ықпалынан болды ма, әлде өзінің табиғатында бұрыннан бар қасиет пе оны қазір өзі де ашып айта алмаса да, бар білетіні – елдің ертеңі, ұлт болашағы болар сапалы шәкірт тәрбиелеу.

«Сол шәкірттерім аман болса қазіргі қоғамдағы кемшіліктер де, уақытша қиындықтар да ұмытылары анық, тек ерінбей тер төге біл, жаныңды сала жұмыс жаса, өзің үміт еткен әр шәкіртіңнің жанына жақсылықтың нұрын сеп, бар білгеніңді үйрет, ынтасын оят, білімін шыңда. Осы жолда жанымызды аямай еңбек етуіміз қажет» – деп ол арқашан айтады. Жан тазалығын арқашан алдыға қойған, аңдап басқан әр қадамы оқушыларға қашанда үлгі.

Сабағындағы өзіне ғана тән қоңыр әуезді үні оқушыларының ықыласын арттырып, аузынан шыққан әр сөзге құлақ түргізеді. Шәкірттеріне деген жанашырлығы, қамқорлығы атқарған әрбір ісінен байқалады. Мұғалім – бұл жас ұрпақтың болашақ дүниетанымын қалыптастыратын, биік шыңдар мен шекараларды бағындыруға деген ұмтылысының байланысты болатын алғашқы тұлға. Иса Байзақұлы сондай тұлғалардың бірі. Ол қазір ұл-қыздарын азамат қылып өсірген қадірлі отбасында әке, сүйікті немерелерінің атасы, аяулы жар. Олай болса, саналы ғұмырын тағылымды жолға тәрк еткен Иса Байзақұлына алда алар асулары көп болғай дейміз.

Ақжүніс Сейдина,
зейнеткер мұғалім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!