Ана тілім – өз тілім
Қостанай аудандық тілдерді оқыту орталығында 4-8 қыркүйек аралығында Қазақстан халықтарының тілдері күніне арналған іс- шаралар өтті.
2017 жылдың күзінде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.
2023 жылғы 5 қыркүйекте қазақтың біртуар тұлғасы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған жалпықазақстандық ашық диктант өтті.Аталған диктантқа мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, Қостанай ауылшаруашылық колледжінің студенттері, мектеп оқушылары,барлық ниет білдірушілер қатысты.
Барлық қазақстандықтарды мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі идеясының айналасына топтастыру, азаматтардың санасында қазақ тіліне деген құрмет пен қызығушылықты арттыру мақсатында 4-6 қыркүйек аралығында әртүрлі этнос өкілдері арасында «Менің таңдауым-қазақ тілі» челленджі өтті. «Менің таңдауым-қазақ тілі», «Мен қазақ тілін таңдаймын», «Мен қазақ тілін сүйемін» сөйлемдерімен қысқа видеолар түсіріліп,әлеуметтік желілерге кеңінен таратылды.
7 қыркүйекте орталық оқытушыларының ұйымдастыруымен колледж студенттерінің арасында «Үш тұғырлы тіл-жарқын болашақтың кепілі» атты сайыс өтті.Сайыстың мақсаты тіл достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары екендігін ұғындыру, көп тілдерді сүйіп, білуге талпындыру, өз ана тіліне құрметін жоғалтпау, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайту еді. Сайысқа қатысушылар «Геоворд» тапсырмаларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде орындаса, «Крокодил» тапсырмалары ағылшын тілінде орындалды, логикалық ойлауға арналған «Ұлттық ойындар атауын тап» бөлімі қазақ тілінде өтті. Сайыс соңында барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Жалпы,тілдер күніне арналған іс-шараға жастар белсене қатысты. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деп ақын Қадыр Мырза Әли айтқандай, әр азамат өз ана тілінде еркін сөйлеп, ана тілін қадірлеуі маңызды.
Дина Сергазина, Қостанай
аудандық тілдерді оқыту
орталығының оқытушысы
Добавить комментарий